КІШКЕНТАЙ  АУЫЛДЫҢ  ҮЛКЕН  ТОЙЫ

КІШКЕНТАЙ  АУЫЛДЫҢ  ҮЛКЕН  ТОЙЫ

    Ауыл – исі қазақтың қарашаңырағы, түп қазығы. Береке мен бірліктің ордасы. Сондықтықтан шығар, кез келген қазақ баласы өзінің туған  жерімен мақтанады. Қара суына шомылып, топырағында аунап өскен әрбір жанның Меккесі бұл. Жангелдин ауданындағы Шеген ауылы – кешегі кеңестік дәуірде құрылған “Торғай” кеңшарының мирасқоры. Кезінде төсінде ақтылы қой өргізіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен еңселі елдімекеннен талай еңбек озаты, өнер майталмандары  шықты. Шеген ауылы – Социалистік Еңбек Ерлері Хамза Нарынбаев пен Әбжан Тұрмановтың,  КСРО  Жоғары Кеңесінің депутаты, стахановшы Еркеш Тауешкиннің, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің, қазақтан шыққан тұңғыш журналист әйел Нәзипа Құлжанованың елі.  Бұл арадан шыққан би-шешендерді, ақындарды, әншілер мен жыршыларды тізе берсек өте көп.

Осындай киелі  өңірдің бүгінгі аяқ алысы да дәтке қуат. Рас, ана бір жылдары, еліміздегі ауылшаруашылық құрылымдары жабылып, жұрт жаппай жұмыссыздықтың қамытын кие бастаған тұста, көп отбасы жайлы қоныс іздеп туған жерінен амалсыз ірге көтерді. Келеңсіз көрініс Шеген ауылын да айналып өткен жоқ. Өткенге салауат, бүгінде төрт жүзден астам тұрғыны бар елдімекен ұзақ жылғы тоқыраудан кейін қайта түлей бастады. Елдімекенде демеушілердің қаржысымен мешіт үйі бой көтерді. Көшелер абаттандырылып, үйді-үйге су құбыры тартылып жатыр. Осындай игі істерге мұрындық болып жүрген азаматтар туған жерін одан әрі көркейту үшін қомақты қаржы салып, көптен бері қаңырап бос тұрған ғимараттарды әлеуметтік нысандарға айналдыруды көздеп отыр. Жақында  ауылдан шыққан  іскер азаматтар “Ауыл күні” мерекесін ұйымдастырып, тұрғындарға той жасап берді.

–Жалпы, мұндай мереке ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. “Ауыл күнін” ұйымдастыруға белгілі кәсіпкер, жерлесіміз Бақытжан Мерекеұлы мен ауылымыздың тұрғыны, “Үш жүз” шаруа қожалығының жетекшісі Еркебұлан Мырзағалиев көп еңбек сіңірді. Халық өте көп жиналды. Үш күн бойы дүркіреп өткен ауыл тойына байырғы жерлестеріміз де келді. Олар да өз шама-шарқынша қаржылай көмек қолын созды. Осындай ауызбірліктің арқасында “Ауыл күні” жоғары деңгейде өтті,– дейді Шеген ауылының әкімі Елдос Едіресов.

Жалпы, мұндай той бұрын – соңды болған емес. Ертеректе жыл сайын  ауылшаруашылық жұмыстары аяқталған тұста “Шопандар слеті” сияқты іс – шаралар өтетін. Одан бері отыз нешеме жыл озды. Ауылшаруашылығынан береке кетіп, той түгілі, тұрмыстық ахуал қиындады. Енді міне, елдімекендер еңсе тіктей бастаған тұста, баяғы дәстүр халыққа қайта оралып, ел іші мәре-сәре күй кешті. Бұл, әрине, ең бірінші Шеген ауылында туып-өскен кәсіпкер жігіттердің еңбегі.

–Былтыр  ауылда мешіт ашылғанда Бақытжан ағамыз бар, басқасы бар, “Ауыл күнін” өткізу туралы уағдаласқан едік.  Биыл 22 наурызда алғаш рет көкпар сайысын ұйымдастырдық. Сол кезде  “Ауыл күнін” атап өтсек, бір көкпарды мойныма аламын деп уәде берген едім. Мұны ауылдың жастарына да айттым.  Бәрі қолдай кетті. 1974 жылғы туған ағаларамыздан бастап қаржылай көмектерін ұсынды. Ауылдағы шаруа қожалықтары бір-бір мал атады. “Көп түкірсе-көл” демей ме халқымыз, ауылдың азаматтары бір қолдан жең, бір жағадан бас шығара білді. Алдағы уақытта біз осындай игі шараны жыл сайын өткізіп тұрамыз деп келістік,– дейді “Үш жүз” шаруа қожалығының жетекшісі Еркебұлан Мырзағалиев.

Ауыл тойының шеңберінде  көкпардан командалық  жарыс ұйымдастырылды. Мұның сыртында шабандоздар жаппай көкпарға шықты. Жарысқа қатысқан жеті команданың арасында жүлделі 1 орынды Жаркөл ауылының көкпаршылары жеңіп алса, екінші орынға Көкалаттан келген көкпаршылар ие болды. Ақшығанақтық шабандоздар үшінші орынға жайғасты. Көкпарға қатысқан барлық командалар сый-сияпатсыз қалған жоқ. Оларға ақшалай, заттай сыйлықтар табыс етілді.  Түс әлетінде ауыл кафесінде ас берілді. Мерекелік дастархан үстінде ел ағаларына, “Ауыл күні” мерекесіне  ат салысқан азаматтарға Алғыс хаттар тапсырылып, иықтарына шапан жабылды.

Той түндігі ауылдан шыққан, бүгінде еліміздің әр өңірінде өнер саласында қызмет етіп жүрген әнші-термешілердің гала-концертімен түрілді. Сахнаға көтерілген Астана қаласынан келген жыршы Сафи Сармантай,  әнші Нұрболат Сейітқасымов, Әулиекөл кентінен барған Асхат-Дидар Шыңғысовтар, Арқалық қаласынвн келген Мұратбек Әбдісалық, Ажар  Қайыржанқызы, Ақжол Тұсынбек, Шеген ауылының әншісі Дархан Төлеухан және басқалары  Шеген ауылының аспанын ән мен жырға бөледі. Концерт мерекелік от-шашуға ұласты. Ауыл әкімі Елдос Едіресов екі күн бойы дүбірлі  тойды ұйымдастырған азаматар мен сырттан келген қонақтарға алғысын білдірді.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Мейрамбек Қасжанов

Жангелдин ауданы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу