Арқалықта қаржылық сауат алған тұрғындардың қатары артып келеді. Екі апта ішінде қаланың 87 тұрғыны арнайы курстан өтіп, сертификат алды.
AMANAT партиясының ұйымдастыруымен қалада қаржылық сауаттылық бойынша оқыту курсы басталғанын мұнан бұрын да мәлімдеген едік. Жобаның басты мақсаты – азаматтарды қаржыны сауатты пайдалануға, жеке бюджетті жоспарлауға бейімдеу.
Кезекті сертификат табыстау рәсімі Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде өтіп, АМАNАТ партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет және колледж басшысы Руслан Елікбайұлы дәріс алушыларға қаржылық сауат алғанын растайтын құжаттарды салтанатты түрде табыстады.
Облыс орталығынан келіп, дәріс беріп жатқан сарапшы АМАNАТ партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын Президент биылғы Жолдауында тағы да ерекше атап өткенін, бұл жоба аз уақыттың ішінде өзінің тиімділігін көрсеткенін, мектеп бағдарламасына «Қаржылық сауаттылықты көтеру» сабағын енгізу туралы шешім қабылданғанын алға тартты.
Ол сондай-ақ, алдағы жылы «Агросауат» жобасын қолға алынғалы жатқанын да алға тартты. Бұл жобаның негізгі миссиясы – азаматтарға ауылшаруашылығын дамыту арқылы экономикалық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру.
– «Агросауат» – аграрлық бизнес саласында қажетті және өзекті дағдыларды игеруге бағытталған теориялық курстарды да, практикалық оқытуды да қамтитын бірегей білім беру бағдарламаларын ұсынады. Өңірлерде кооперативтер құрып, оларға товарлық несие беріп, өндірісті дамыту. Ол үшін ауылда өндірілген тауарларға «АУЫЛДА ЖАСАЛҒАН» деген атаумен сертификат беру жоспарланып отыр», – дейді қаржылық сарапшы Рүстем Ғалымқазыұлы.
Қаржылық сауаттылық курсын оқып, сертификат алған тұрғындар алғыстарын айтуда. Солардың бірі – колледждің еден жуушысы Ғазиза Қалиева.
– “АМАNАТ” партиясының қамқорлығымен қаржылық сауаттылығымызды арттырып жатырмыз. Аз уақыттың ішінде көптеген тәлім, тәжірибе үйрендік. Еңбастысы – қаражатты үнемді, тиімді жұмсауды зерделедік. Сол үшін де ұйымдастырушыларға ризашылығымызды білдіреміз», – дейді еңбек адамы.
Осылайша, қалада қаржылық сауаттылық арттырудың кезекті курсы басталды. Еске сала кетсек, бұл оқу алдағы желтоқсан айына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде өңір бойынша 500-дей адам арнайы оқыту курсынан өтпек.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы