Кері кеткен кезек: Ардагер тұрғын үй тізімінен неге шегеріліп қалды?

Кері кеткен кезек: Ардагер тұрғын үй тізімінен неге шегеріліп қалды?

Қостанай қаласының тұрғыны Сайран Нұрбаев Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген тұлға мәртебесіне ие азамат. Ол 1974-1976 жылдар аралығында Семейде әскери борышын өтеп, ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарға қатысқан. Аты шулы полигонның зардабын еске алудың өзі артық шығар. Бүгінде азаматтың жалғыз өтініші бар. Көрер көз, еститін құлақ болса, бұлмәселе шешімін табар деген үміттеміз.

Кейіпкеріміз 2016 жылғы 12 қаңтарда тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде Қостанай қаласы әкімдігінің кезегіне тұрған. Алғашында әлеуметтік осал топ санаты бойынша №3296 болып тіркелген. Уақыт өте әлгі кезектің хабарын білу үшін 2019 жылы халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Сол жерде кезегінің 1211 адамға дейін кейін шегерілгенін біледі.

– Әуелде әлеуметтік осал топ санаты бойынша тіркеген еді. 2019 жылы жалпы тізімге кіргізіп жіберіпті. Оның қалай, қашан өзгеріп кеткені беймәлім. Әділет іздеп бармаған жер, баспаған тау қалмады. Нақты себеп, мардымды жауап болмаған соң істі 2021 жылы Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына бердім. Жауапты тұлғалар, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары іс қаралатын күні сотқа келмей қалатын. Сағызша созбақтап жүріп, толық құрам жиналған күні сот өтті-ау. Нәтижесінде кезекті қалпына келтіру қажеттігі туралы шешім шықты. Бүгінде мен кезекте 1899-шы болып тұрмын. Алайда, оған көңілім толмайды. Ол қайдан шыққан цифр? Менің ойымша, жеті жылдың ішінде кезегім шамамен жеті жүз-сегіз жүзінші болып тұруы керек, – дейді Сайран Нұрбаев.

Кейіпкеріміздің айтуынша, сот шешімінен соң жергілікті атқарушы орган ардагерді алғашқы кезектегі №3296 емес, қайдан алынғаны белгісіз 4507 нөмірі бойынша тізімге тіркепті.  Мәселенің мән-жайын білмек үшін қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне телефон арқылы хабарласқанымызда, мекеме басшысы Радик Искалиевпен (Есқалиев болар – автор) сөйлесу мүмкін болмады. Қоңырауымызға жауап берген маман: «Бөлім басшысы бейсенбі күні сағат үштен кешкі алтыға дейін азаматтарды қабылдайды. Сол күні келіп, кезекке тұрып, басшыға жолыға аласыз», – деп жауап қатты. Қоғамдық қабылдаудың уақыты бізге қолайсыз болғандықтан, жазбаша түрде хат жазып, мекеменің электронды мекенжайына жолдадық.  Оның жауабы қашан келетіні белгісіз.

Бүгінде Қостанай қаласында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан он екі ардагер және жиырма тыл еңбеккері бар. Қалалық ардагерлер кеңесі осы аталған санаттағы азаматтармен, зейнеткерлермен жұмыс істейді. Бірақ, соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларды баспанамен қамту, тұрғын үй кезегіне қою мәселесі қалалық кеңестің құзіретіне жатпайды. Мәселенің мән-жайын анықтауда осындай жауап алдық.

Сайран Нұрбаев 1955 жылы Қостанай ауданы, Майалап ауылында туған. Балалық кезі, жастық шағы сол ауылда өтті. 1974 жылы әскер қатарына шақырылып, Семейде екі жыл азаматтық борышын өтейді. Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстарға қатысқан. ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ерекше мәртебеге орай 1995 жылғы 28 сәуірдегі №2247 ҚР Заңына сәйкес жеңілдіктер алуға құқығы бар. Ал, Семей полигонының адамзатқа, табиғатқа тигізген зардабын сөзбен айтудың өзі аздық етер. Алғашқы ядролық сынақ 1949 жылдың 29 тамызында жасалған еді. Қуаттылығы әртүрлі, барлығы 500-дей ядролық жарылыс болған. Сынақ алаңындағы радиациялық әсер аймағында тұрған 500 мыңнан астам адам азап шекті. Осындай қауіпті аймақта әскери борышын өтеген азамат Сайран Нұрбаевтың бір ауыз өтініші заңға сәйкес шешімін тапса екен дейміз. Істің жай-жапсарын назарымызда ұстаймыз.

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу