Өндірісте зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер 55 жастан бастап зейнетке шыға алады. Оларға 63 жасқа дейін әлеуметтік төлем төленеді. Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Альберт Рау мен Екатерина Смышляева бұл туралы кеншілермен кездесуінде айтты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Рудныйдағы “Соколов” кенішінде болып, шахтаға түсіп, ондағы кеншілермен жолықты. Өнеркәсіп қызметкерлеріне кеншілердің және қауіпті өндірістегі басқа да қызметкерлердің 55 жасында зейнетке шығуына, сондай-ақ төленетін барлық жеңілдіктер мен төлемдерге қатысты жаңа заң жобасы туралы айтылды.
Мәжілісмен Альберт Рау мәлімдегендей, зиянды өндірістегі жұмысшылар 55 жасқа толғанда еңбек шартын бұзуға және 63 жаста зейнеткерлікке шыққанға дейін арнайы төлемдер алуға құқылы. Төлем 4 түрлі жолмен қаржыландырылады және табыс салығы салынбайды.
– Өткен жылы сайлау барысында “AMANAT” партиясының кандидаттары сіздермен кездескенде осы сұрақ қозғалған еді. Бүгін біз сіздерге жақсы жаңалықпен келдік, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды өндіріс қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң жобасы күшіне енді. 55 жасқа толған соң жұмыстан шығуларына болады немесе жеңілірек жұмысқа ауысуы керек. Төлемдер төрт көзден: республикалық бюджеттен, жұмыс берушінің қаражатынан, өмірді сақтандыру компаниясының қаражатынан және міндетті жарналар есебінен төленетін болады, – деді Альберт Рау.
Елу бес жаста зейнетке шығуы үшін және тиісті төлемдерді рәсімдеуге жұмысшының кемінде 7 жыл еңбек өтілі мен міндетті зейнетақы жарналары болуы қажет. Бұл жағдайда ол 55 жасқа толуына байланысты еңбек шартын бұзғаны туралы өтініш берсе болғаны. Жеті күн ішінде жұмыс беруші мен сақтандыру компаниясы Мемлекеттік корпорацияның есепшотына бір ең төменгі күнкөріс деңгейін аударуға тиіс. Сол шотқа жинақтаушы зейнетақы қоры мен МБ төлемдері келеді. Яғни барлық сомалар бір күнде бірден аударылады. Барлығы тікелей «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ арқылы төленетін болады.
– Қызметкер 63 жасқа толғаннан кейін зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосылады, ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төлемдер тоқтатылады. Егер қызметкер өзі қаласа, ол өндірісте жұмысын жалғастыра алады, оны жұмыстан шығаруға ешкімнің құқығы жоқ. Тек қауіп деңгейі төмен жұмыс болуы шарт. Қызметкер лайықты демалысына немесе кәсібін өзгертуге, жеңіл жұмысқа ауысуға мүмкіндік алады. Осы жасқа арналған бірнеше әлеуметтік бағдарламалар бар. Мысалы, “Ұрпақтар келісім шарты”, “Күміс жас” сынды жобалар бар. Бұл жағдайда мемлекет жұмыс орнын субсидиялауға көмектеседі, ал әлеуетті қызметкер барлық төлемдерден басқа, ақша таба алады, – деп атап өтті Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар, депутат еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша стандарттар ұсынылғанын атап өтті. Сақтандыру ұйымдарының жұмыс берушінің алдын алу және оңалту іс-шараларын жүргізуге жұмсаған шығындарын өтеуі – екі жағдайда да сақтандыру сыйлық ақысы сомасының 6%-ға дейінгі сомасын құрайтынын жеткізді.
Жалпы “Соколов” кенішінде барлығы 1041 адам еңбек етеді. Биыл өндірісте 127 адам 55 жасқа толады. Олардың әлеуметтік төлем алуларына болады.
Жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары «Қашар кені» АҚ қызметкерлерімен де кездесті.
Айта кетейік, 2024 жылдың 3-12 қаңтары аралығында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Еркін Әбіл, Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев және Альберта Рау Қостанай облысында жұмыс сапарымен болады. Олардың қатысуымен облыстың шалғай елді мекендеріне сапарлар, халықпен кездесулер, азаматтарды жеке қабылдаулар және жергілікті жерлерде партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу сапасына мониторинг жүргізу жоспарланған.
Сералы МЫРЗАБАЙ