Кеншілер шаһарында қырық пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Кеншілер шаһарында қырық пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Рудныйдағы пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға қайта пайлануға берілген 107 үйдің пәтер кілттерін тапсырды.

Кеншілер шаһарындағы ол үй 1990 жылдардан бері бос тұрған еді. Іргетасы мықты кеңес заманындағы баспананы Ақтаудың “Qazaqstan Construction Holding” ЖШС қалпына келтірді. Барлық коммуникациялары толығымен ауыстырылды. Үй 40 пәтерлі. Оның сегізі үш бөлмелі, ауданы 96 шаршы метр (көпбалалы отбасылар үшін) және 32 еуро екі бөлмелі. Олардың орташа ауданы 43-45 шаршы метр.

Облыс басшысы қаладағы осындай қараусыз қалған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы да жалғасатынын атап өтті.

– Рудныйда 11 көпқабатты үйді қалпына келтіру қажет. Биыл жеті үй бойынша жұмыс басталды. Жыл соңына дейін тағы екі үй тапсырамыз. Барлығы 231 пәтер кезекте тұрғандар арасында бөлінеді. Келесі жылы қалған төрт үйді ретке келтіру жоспарда бар. Рудный – болашағы зор қала, мұнда ірі жобалар жақын арада іске асырылатын болады, – деді Құмар Ақсақалов.

Пәтер кезегінде болып, бүгін қуанышқа кенелген жанның бірі – Рысгүл Ибрагимова. Он баланың анасы. Бұл жаққа Өзбекстан Республикасынан қоныс аударыпты.

“Туып-өскен жерімде де абройлы азаматша едім.Көп балалы ана. Алтын төсбелгімді берді.Өзім Оразжан ауылында кітапханашы болып жұмыс жасадым.Осы күнде зейнеткермін. Қазақстан Республикасына қандастар болып, 2005 жылы қоныс аударып келдік. Аллаға шүкір бұл жерде де жаман болып жатқанымыз жоқ.Ұл-қыздарым осы жерге келіп жайғасып, жұмыстарын істеп жатыр. 2008 жылы көп балалы ана Алтын алқасын алдым”, – дейді жасы сексенге таяған қарт ана.

Ал Әсел Ермағамбетова өрімдей төрт бірдей қыздың анасы. Жеке фирмада сатушы болып еңбек етті.

“Қалаға келгеніме он бес жыл болды. Пәтер жалдап тұрып келгенбіз. Алты жыл бойы үйдің кезегіндемін. Көп балалы ана ретінде сізге пәтер беріледі дегенді естіп төбем көкке жетті”, – дейді Әсел Ғалибекқызы.

Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Жаңалықтармен бөлісу