Кеншілер қаласында шағын несиемен кәсіп ашқан жастар артып келеді

Кеншілер қаласында шағын несиемен кәсіп ашқан жастар артып келеді

Көбі “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы жылдық мөлшерлемесі 2,5% бес миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп отыр. Корпорация бүгінге дейін 76,9 млн теңге көлемінде 17 адамға шағын несие берген.Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Скарединаның айтуынша, 21 жастан 35 жасқа дейінгілер мемлекеттік қолдауға ие бола алады екен. Сондай-ақ, кепілдікке жылжымайтын мүлік қою міндетті. Егер болмаған жағдайда үшінші тұлға ретінде жақын туысын тартуға болады.

            – Жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталса 7 жылға дейін, ал бизнестің басқа түріне 5 жылға дейін 5 миллион теңге көлемінде несие ала алады. Өтінім бергендердің дені сауда орындары мен контейнерлер алу үшін, фасфуд және жылдам тамақтану орындарын ашып, автокөлік сатып алуға және айналым қаражатын толықтыру жөнінде жобаларын таныстырды. Микрокредит алу мүмкіндігі жайлы ақпарат БАҚ беттерінде, белгілі орындарда  хабарланып отырады. Бұқараға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Аптаның бейсенбі күні көшпелі мобильді орталық жұмыс істейді, – дейді бөлім басшысы Елена Скаредина.

Айдана Бершінбаева жыл басында кәсіп бастау үшін “Аграрлық несие корпорациясы” арқылы 5 млн теңге несие алған. Қазір жалға алған ғимаратта бірнеше үйірменің жұмысын жүргізіп отыр.

            – Корпорацияның несиелік жылдық мөлшерлемесі 2,5%. Алғаш кәсіп ашам деушілерге өте тиімді. Несиені 5 жылға рәсімдедім. Қазіргі таңда карате және би үйірмесіне балалар келіп жүр. Жақында сурет үйірмесін аштым. Карате залында 120 бала дайындалып жатыр. 3-16 жас аралығында қабылдаймыз. Ал, би үйірмесінде 25 бала бар, – дейді ол.

Шағын несие алып кәсібін бастағандардың бірі – Дәметкен Байтасова. Ол жүк тасу қызметін көрсету үшін көлік сатып алған. Түрлі кәсіп иелерімен келісім-шартқа отыруды көздеп отыр.

            – Рудныйда бұл бағытта жұмыс істейтіндердің саны көп емес екенін байқадым. Кей кездері өзім де осы қызмет түріне жүгінгенде, табу қиынға соғады. Сол себепті таңдап отырмын. Арнайы жүк көлігін де сатып алдым. Бес жылға 5 миллион теңге несие алдым. Бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді ғана тәй-тәй басып келеміз. Кәсібім алға басып, тапсырыс саны артар болса жүк түсірушілерді де жұмысқа қабылдаймын, – дейді кәсіпкер Д.Байтасова.

Айта кетейік, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша 240 адам оқудан өткен. Олар кәсіпкерлік дағдыларын арттыру жөнінде дәріс тыңдап, оқып шықты.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу