Кеншілер қаласына таяуда жылу беріледі

Кеншілер қаласына таяуда жылу беріледі

Рудный жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазандықтар жөнделіп, жылу желілері жаңартылды. Жыл басынан жоспарланған шаралардың іске асырылу барысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Моноқалаға жұмыс сапарымен барған өңір басшысы тағы бірқатар нысандарды аралап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Президент жыл сайын 40 шақырым желіні жөндей отырып, ескірген жылу желілерінің үлесін 2029 жылға қарай 40%-ға дейін төмендету міндетін қойды. Облыс әкімі моноқалаға жылу энергиясын жеткізуші «Рудный ЖЭО» АҚ-да жөндеу жұмыстарымен танысты. Жыл басында жоспарланған жылу желілері бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Үш күн ішінде ауаның орташа тәуліктік температурасы +10 градустан төмендеген жағдайда, жылу беруге дайын.

Биыл Горняков көшесіндегі жылу жүйелері жаңартылған. Жоспарға сай 10 шақырымы ауыстырылған. Келер жылы да жұмыс жалғасады. Облыс әкімі Ленин көшесіндегі қайта қалпына келтіріліп жатқан үйдің жөндеу жұмыстарымен де танысты. Бастапқыда 2 үйді жөндеу жоспарланған болса, қазіргі уақытта 4 үй қалпына келтірілді. Мұнда 56 пәтер бар. Келесі жылы тағы 4 үйді қатарға қосу жоспарлануда. Бұл үйлер кезекте тұрған азаматтарға да, коммерциялық жолмен де берілмек.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу