Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы басталды. Бұған біздің облыс тұрғындары да жаппай үн қосты.
Бұл бір реттік науқан емес. Президенттің өзі осылай деді. Мұндай жұмыстар үнемі жүргізілуі керек. Халықтың экологиялық мәдениетін, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды арттыру мақсатында қолға алынған іс-шараға ешкім бейжай қарамауы керек.Бүгінгі таңда облыстағы елді мекендерде 320 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Яғни, облыс тұрғындарының 39%-і 492 ауылдық елді мекенде өмір сүреді. Мемлекет басшысының елді мекендерді одан әрі дамыту, сондай-ақ, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін әртүрлі векторлық жұмыстар қолға алынды.
“Мәселен, 2019 жылдан бастап “Ауыл – ел бесігі!” жобасы іске асырылып жатыр.Бес жылдың ішінде 215,0 мыңнан астам адам тұратын 120 ауылда 436 жоба ел игілігіне айналуы тиіс. Ол үшін 36,0 млрд теңге бөлінді. “Ауыл – ел бесігі!” жобасының шеңберінде қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өткім келеді. Егер 2019 жылы жобаға бес ауылды жаңғырту үшін 2,2 млрд. теңге бағытталса, 2024 жылы 5 есе көп, яғни 78 жобаға 11,8 млрд теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде мамандарды тарту мақсатында 2009 жылдан бастап “Дипломмен ауылға!” бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Осы жылдар ішінде ауылға жеті мыңнан астам маман тартылды. Оның ішінде 3 243 адам тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алды, 6 762 адам көтерме жәрдемақының игілігін көрді. Биыл 424 маманға 156,5 млн теңге көтерме жәрдемақы, 193 маманға 1,6 млрд теңге бюджеттік кредит беру жоспарланған”, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.
Жалпы, облыста абаттандыру жұмыстарына биыл 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа санитарлық тазалау, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, балалардың спорт алаңдарын орнату , саябақтар мен алаңдарды абаттандыру, камералар орнату және т.б жұмыстарды істеу көзделген. Мәселен, облыста 4,2 млрд теңгеге жарықтандыру және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Шамамен 10 мың шам және 3600 баған орнату жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстарға сәйкес облыстағы елді мекендерді көше жарығымен қамтамасыз ету 80%-ке жеткізілмек. 3,3 млрд теңге аумақтарды абаттандыруға бағытталды. Бір млрд теңгеден астам қаржы балалардың спорт алаңдарын салуға жұмсалмақ. Облыста көгаолдандыру жұмыстарына 975 млн теңге теңге бөлінді.
“Сонымен қатар, биыл біз жергілікті жолдарды жөндеуге 56 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Ол былтырғы жылмен салыстырсақ, 42%-ке көп. Барлығы 108 елді мекенде 1200 шақырым автожол және 371 көше жөнделеді. Жұмыс үш жылдық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Өткен жылы біз осы үш жылдық бағдарламаны бекіттік. Барлық аудан және қала әкімдері осы жоспарды өздері жасады. Біз жыл сайын тиісті қаражатты бөліп отырмыз. Үш жылдың ішінде облыстың әрбір елді мекені көркейтілетін болады. Сонымен қатар, биыл біз алғаш рет ауылдық жерлерде жаяу жүргіншілердің жолын төсеуге шамамен бір млрд теңге бөлдік. Барлығы 35 шақырым тротуар төсеу жоспарланған. Бұл жұмыстар басталып кетті. Ауылдарды дамыту кешенді түрде және көптің күшімен іске асуы тиіс. Әсіресе, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ауылды дамытуда белсенділік танытуы керек.Олар ауыл тұрғындарына лайықты жағдай жасауды ұдайы назарда ұстағандары жөн”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы елімізде тұрмысы қалаға бергісіз ауылдарды атап өтті. Мәселен, Ақмола облысындағы “Родина”, Солтүстік Қазақстан облысындағы “Новоникольск”, Қызылорда облысындағы Н.Ильясов ауылдары көпке үлгі. Мұнда еңселі елді мекендер біздің облыста да аз емес. Олар өз шаруашылықтарын ғана дамытпай, өсіп-өнген ауылдарын, ондағы халықтың тұрмысын жақсартуды азаматтық борышымыз деп санайды.
“Біз былтырдан бері бұл бағытта белсендірек қимылдай бастадық. Жергілікті әкімдіктер мен тауар өндірушілер жеті млрд-тан астам теңгеге меморандумға жасасты. Олардың арасында Ұзынкөл ауданындағы “Тойсай” ЖШС-ін атап өтуге болады. Өткен жылы шаруашылық ауылды дамытуға 300 млн теңгеден астам қаржы құйды. Осы аудандағы “Мирас” шаруа қожалығы Обаған ауылына 120 млн теңге бөлді. Қамысты ауданындағы “Алтынсарино” ЖШС 250 млн-нан астам теңгені ауылды көркейтуге жұмсады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз жұмыскерлері үшін бірнеше тұрғын үй салып берді. Ауылдың ішін тазалап, күл-қоқысты шығаруға ұйытқы болды. Саябақтар мен гүлзарларды қалпына келтірді. Спорт алаңдарын орнатты. Жалпы, атқарылған шаруа аз емес. Биыл да ауқымды жұмыстар істелуі керек. Оған кәсіпкерлер, қоғам өкілдері, ауыл тұрғындарының бәрін тарту қажет”,– деді Құмар Ақсақалов.
Алқалы кеңесте облыс басшысы ауылдық жерлерді күл-қоқыстан арылту, ескі, бұзылған үйлерді сүру сияқты мәселелердің әлі күнге өзекті күйде қалып отырғанына қынжылыс білдірді. Осы ретте бірқатар аудан әкімдеріне ескерту жасады. Олар қысқа мерзім ішінде айтылған сыннан қорытынды шығаруы тиіс.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ