Келесі жылдан бастап ҰБТ тапсырушыларға қаламсап аудиторияға кіргеннен кейін беріледі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев осындай өзгеріс болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы ең креативті көшіру тәсілі деп костюмінің кеудесін ойып, смартфонды соған салып өткен. Оқушыны айтуға болатын шығар. Осындай тәсілмен ол смартфонның экранына «терезе» ашып қойған. Сол «терезе» арқылы ашып, жауып отырған. Әрине, біз мұны ахуал орталығы арқылы байқап қойдық. Ол талапкердің ҰБТ қорытындысы жойылды.
Біз денсаулығында кінәрат бар балаларға витамин немесе дәрі алып кіруге рұқсат береміз. Бізде бір оқушы дәруменнің бетіне формула жазып кірген жағдай болған», – деген орталық директоры ҰБТ-ға қатысушылар қаламсап арқылы да түрлі қитұрқылықтарға баратынын айтты.
«Тіпті арнайы қаламсаптар да болды. Осыған байланысты біз шешім қабылдамақпыз. Келесі жылы ҰБТ өткізген кезде қаламсапты да аудиторияда беретін боламыз. Биыл әр оқушыға өз қаламын әкелуге рұқсат бергенбіз. Бірақ оны шпаргалка жасыруға пайдаланған жайттарды көрдік. Осы фактілерді ескеріп, осындай шара қабылдап отырмыз», – деді Руслан Емелбаев.