Қостанай облысына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин жұмыс сапарымен келді. Ол ең алдымен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесу өткізіп, өңір елді мекендерін мобильді интернетпен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту жөнінде Жол картасына қол қойды.
Министр қазіргі таңда облыс инновациялық өнім көлемі бойынша 1-орында екенін атап өтті. Бұл 529 миллиард теңгені немесе елдің жалпы көлемінің 28% құрайды.
– 2023 жылғы 29 маусымда «Astana Hub», Қостанай облысының әкімдігі және ақпараттық технологиялардың дамуын жеделдетудің негізін қалаған А. Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, биыл Қостанай және Арқалық қалаларында 2 жаңа ХҚКО ашылды, – деді министр.
Облыс басшысы Құмар Ақсақалов өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін айтты. Соңғы 5 жылда осы бағытта 48 млрд теңгеге 300-ге жуық цифрлық жоба іске асырылған, оның 37 млрд теңгесі – жеке инвестициялар.
– Мысалы, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-да «Қоржынкөл және Соколов-Сарыбай кен орындарында «Ақылды карьер» автоматтандырылған жүйесін енгізу» жобасы іске қосылды, инвестиция 1 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды, – деді Қостанай облысының әкімі.
Кездесу қорытындысы бойынша Қостанай облысының елді мекендерін мобильді Интернетпен және талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Министр ведомство KazSat спутнигі бойынша Қостанай облысының 43 ауылын Интернетпен қамтамасыз етуді, 2025 жылдың соңына дейін 87 5G базалық станциясын орнатуды, Starlink технологиясы арқылы 180 ауылдық мектепті интернетке қосуды және 325 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Бағдат Мусин сондай-ақ, Жол картасы шеңберінде 226 ауылда, соның ішінде 161 ауылдық елді мекенде мобильді Интернеттің сапасын жақсарту үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен антенна-діңгек құрылыстарын салу көзделіп отырғанын атап өтті.
Сералы МЫРЗАБАЙ