Келелі ойлар талқыланды

Келелі ойлар талқыланды

Таяуда  Қостанайдағы  Толстой атындағы кітапханада облыстағы Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің басқосуы өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары  Ринат Зәкиұлы  Мұхаметқали қатысты. Ол  өңір ақын-жазушыларының көптен бері көкейінде жүрген келелі мәселелері хақында сөз қозғады. Атап айтқанда Қостанай-Торғай ақын-жазушыларының көп томдық антологиясын  шығару, облыстағы жазушылар одағының мүшелеріне грант-степендия тағайындау, облыс орталығы Қостанайда ақын-жазушылар аллеясын ашу,  музей ұйымдастыру, танымал тұлғалардың қанатты сөздері жазылған ЛЭД-экрандар ілу тағы басқа да филиал берген ұсыныстарына тоқталды.

Жиналған жазушылар одағының мүшелері өз ойларын ортаға салды.  Жас ақын әрі өлкетанушы Батырлан Сағынтаев қазірдің өзінде антологияға лайықты 10 том шығарма дайын тұр, одан басқа көптеген  ақын-жыраулар мен жазушылар туындыларының электрондық нұсқалары жетіп-артылады десе, Танымал елтанушы ақын Ақылбек Шаяхмет кезінде  бұрынғы басшыларға 50 том емес, 100 томдық дүниелер бар, соларды басып шығарайық деп ұсыныс жасағанын, бірақ айтылған сөз айтылған күйінде қалғанына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ ол ақын-жазушылар аллеясына «Жастар сарайы» маңынан орын берілсе деген пікірін көлденең тартты. Ал ақиық ақын Серікбай Оспанов жергілікті  ақын-жазушылардың шамасы жеткендері өз кітаптарын өз күшімен шығаруда. Бірақ оны оқушыға жеткізу, тарату қиындады. Осыған билік назар аударса деп, ақын өз шығармашылығынан нақты мысалдар келтірді.

Кітап  шығару қымбаттады. Оның қағазы, бояуы, суреттері тағы басқаларының құны өсіп кетті. Ал енді мемлекеттік сатып алу бойынша кітап басудағы қиындықтар көп,-деп Әбутәліп Әмір  дерек-дәйек келтірді. Сол сияқты кездесуде сөз алған қаламгерлер Ермекбай Хасенов, Оразалы Жақсанов, Александра Суслова,  Нұрғанат Құлабаев ой-пікірлерімен бөлісті.

Қазақстан Жазушылар одағы филиалының директоры, жазушы Жанұзақ Аязбеков  филиал тарапынан билік алдына қойған өтініш-ұсыныстарды шешу мәселесіне  әлі де нақтылық керектігін атап айтты. Облыс әкімдігі  көкейкесті  мәселелерге бей-жай қармайтындығына ілтипатын білдірді.

Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов жазушыларға қатысты іс-шаралардың жан-жақты қарастырылып жатқанын, және оны толықтырып, оңтайлы жүзеге асыру үшін ақын-жазушылардың пікірлерінің маңыздылығына  көңіл білдірді.

Басқосу соңында Р.Мұхаметқали өз тарапынан бірнеше ұсыныстар мен байламдарын ортаға салып, қаралған мәселелер бойынша бұл кездесудің пайдалы болғанын білдірді.

(Өз тілшімізден)

Жаңалықтармен бөлісу