29 мая, 2025
Картоп бағасын негізсіз қымбаттатқан

Картоп бағасын негізсіз қымбаттатқан

Қостанайдағы супермаркеттердің бірінде жуылған картоп 421 теңгеден сатылған. Бұл жағдай сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өңірде картоп бағасына мониторинг жүргізгенде анықталды.
Мониторинг барысында бағаның өсуі өндірушінің сату бағасының өсуіне байланысты болғаны анықталды. Сонымен қатар, 2024 жылдың 4 тоқсанында сататын картоп бағасына талдау жүргізілді, бұл 2024 жылдың қарашасынан желтоқсанына дейін сату бағасының 31,6%-ға өскенін көрсетті. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша картоптың бағасы төмендетілді.

«Мониторинг барысында бір өнімге әртүрлі бағаларды қолдану жағдайлары да тіркелді. Осы фактілер бойынша Департамент талдау нәтижелерін Қостанай облысы бойынша БҚДА-ға жолдады. Бұл орайда монополиялық жағдайды теріс пайдалану және негізсіз жоғары бағаларды белгілеу мүмкіндігін тергеу ұсынылды», – деп хабарлады ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті.

Жыл басынан бері Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті делдалдарды анықтау бойынша 10 өңірлік комиссия өткізді. Оның барысында ӘМАТ-қа 15% сауда үстемесін бұзған 29 кәсіпкер анықталды. Олардың 7-і картоп саудасымен айналысады: біреуіне айыппұл салынып, алтауына ескерту берілген.

Облыс бойынша картоптың бағасы келісіне 150-300 теңгеге дейін, ал бөлшек саудада тұрақтандыру қорынан алынған картоп келісі 150-154 теңге. Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі таңда облыста картоп қоры 12 128,3 тонна. Бұл өңір халқының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Сурет ашық ақпарат көзінен алынды