Денисов ауданындағы Приречное ауылына қарасты “Алтай” ЖШС-інде бірнеше ірі қараның өлгені тіркелген. Келесі күні облыстық ветеринария басқармасының басшысы мен аумақтық инспекция қызметкерлері әлгі ауылға барды. Олар серіктестіктегі малдың бәрі профилактикалық мақсатта сібір жарасына қарсы уақытылы вакцинацияланғанын анықтады. Оның ішінде осы қара малдың табыны да биыл, 27 сәуірде егілген.
Дегенмен, патологиялық материал іріктеліп, сібір жарасын зерттеу үшін облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді. 31 шілдедегі сынақ хаттамасына сәйкес облыстық ветеринариялық зертхана бактериология және ПТР әдісімен ірі қарадан сібір жарасына қатысты патологиялық материалдың оң нәтижесі көрсетілген сараптама актісін берді.
Осылайша, Свердлов ауылдық округі әкімінің 2024 жылғы 2 тамыздағы № 9 шешімімен Приречное ауылының аумағында, оның ішінде “Алтай” ЖШС карантин жарияланды.
Бүгінгі күні республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың Қостанай филиалы инфекция ошағында оқшаулау және жою жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кету керек, 27 сәуірде “Алтай” ЖШС-інде барлық түлік сібір жарасына қарсы егілген соң, мал ауруының диагнозын саралау үшін (далалық немесе вакциналанған) ІҚМ патологиялық материалдары Астанадағы ветеринариялық ұлттық референттік орталығына жіберілген. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес барлық қажетті шара қосымша түзетілмек.
Сібір жарасына қарсы күрес қағидаларына сай карантин мал өлімінен кейін 15 күн өткен соң, сондай-ақ, шаруашылықта барлық ветеринариялық іс-шара жүргізгеннен кейін алынады.
Мамандар соңғы бес күннің бедерінде ірі қараның өлім-жітімі тіркелмеген айтады. Күтімдегі малдың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Клиникалық белгілері жоқ.
Жағдай облыстық және аудандық ветеринариялық қызметтің бақылауына алынған.
Әлібек ЫБЫРАЙ