Биыл Кәсіподақ қозғалысының басталғанына 120 жыл. Ал елімізде 35 жыл бұрын кәсіподақтар федерациясы құрылды. Осы атаулы даталар қарсаңында, еңбек ұжымдарымен кездесу мақсатымен, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді.
Іссапар барысында өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарын аралау, әлеуметтік серіктестермен және облыстық кәсіподақ активімен жүздесу көзделген. Төраға әлеуметтік-кәсіптік саладағы ахуалмен танысып, қатардағы жұмысшылармен диалог орнатуды нысанаға алған.
Алғашқы кездесу темір жол вокзалынан басталды. Сатыбалды Дәулеталинді бірінші болып «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Қостанай бөлімшесінің еңбек ұжымы қарсы алды. Құрметті мейман әуелі вокзалдың бас ғимаратында орналасқан «Еңбек даңқы музейіне» бас сұқты. Мұнда түпнұсқа архив құжаттары, өткен ғасырдан сыр шертетін түрлі фотосуреттер, құнды естеліктер, марапаттар, темір жол құрылғылары мен механизмдердің үлгілік нұсқалары, бастапқыда тұтыныста болған бұйымдар қаз-қалпында сақталған. Музей стендтерінен 120 жылға жуық уақытты қамтитын теміржолшылар әулетінің тарихын, сала қызметін дәуірлеткен даңқты тұлғалар туралы деректерді көруге болады.
«Бұл құнды жәдігерлер мен шежіре-тарихты сақтап, өскелең ұрпаққа аманатқа қалдырудың маңызы зор. Мұнда темір жол саласындағы Еңбек адамдары туралы сыр қозғайтын ерекше материалдар жинақталған екен. Шынымен тәнті болдым. Жалпы, Жұмысшы мамандықтар жылы – соңғы қатарға сырылуға шақ қалған Еңбек адамы образын қайта алға шығаруға тамаша мүмкіндік беретін бастама. Олардың ел дамуында алатын айырықша орнына баса ден қойып, жұмысшы мамандықтар беделін қайтаруымыз керек», – деді музей экспозициясын тамашалап шыққан Сатыбалды Дәулеталин.
Осыдан соң ол қостанайлық кәсіподақ активімен, темір жол кәсіпорындары басшыларымен жиын өткізді. Жергілікті ұйымдардың қызмет ауанымен танысып, ой-пікір, ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. «Қазпрофтранс» кәсіподағының Қостанай филиалы жетекшісі Нұрлан Орынбеков негізгі қызмет бағыттары және әлеуметтік серіктестермен арадағы бірлескен жұмыстар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, филиал құрамына 4367 мүшенің басын біріктірген 13 бастапқы кәсіподақ ұйымы кіреді.
«Кәсіподақ еңбекті қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бүгінде бастапқы кәсіподақ ұйымдарында 46 техникалық инспектор бар. Олар былтыр 569 тексеру жүргізді. Қауіпсіздік және еңбек қорғанысы мәселесі қаузалған алпысқа жуық семинар, оқу-жаттығу өтті. Жұмысшылар табысын ұлғайту да ұдайы назарда. Бүгінде теімржолшылардың орташа жалақысы –481 991 теңге», – деп баяндады Н.Орынбеков.
Бұдан соң жекелеген бекеттердегі кәсіподақ төрағаларының да баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, Құсмұрын темір жол станциясы, Қостанай эксплуатациялық локомотив депосы және Тобыл темір жол станциясының өкілдері кәсіподақ қызметі жөнінде мәлімет берді. Жиын барысында әлеуметтік серіктестер – өңірдегі темір жол кәсіпорындарының жұмыс берушілер де пікірлерін ортаға салды.
«Кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнады. Олар бізге тек оң ықпалын тигізіп жатыр. Кәсіподақ қызметінің арқасында халық үнін естиміз. Олардың бастамасымен әртүрлі іс-шаралар қолға алынып отырады. Мысалы, барлық бөлімшені жұмыс барысында үздік нәтиже көрсетуге ынталандыратын «Үздік кәсіпорын», «Үздік пойыз» секілді байқаулар өткізіліп тұрады», – дейді «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалының магистралды желілер бөлімшесінің директоры Нұрбол Сыдырманов.
Теміржолшылар көкейдегі мәселелерін де жасырып қалмады. Мәселен, Тобыл станциясындағы ауыз су түйткілі, ұялы байланыстың нашарлығы, жеңілдетілген ипотекалық несиелендірудің қолжетімсіздігі, локомотив депосы ауданындағы көлік-қатынас қиындығы сөз болды. Олар төрағадан осы проблемалардың оң шешімін табуына ықпалдасуды сұрады. С.Дәулеталин әр айтылған, тыңдалған мәселе ескерусіз қалмайтынына сендірді. Жұмысшы мамандықтар жылында алға қойылып отырған мақсат-міндеттерге тарқата тоқталды.
«Кәсіподақтар қоғамның әлеуметтік әділеттілігіне деген сұранысын қанағаттандыру үшін пайда болды. Заманауи кәсіподақтар ертеңгі күнге еншілеген басты міндеттер – Еңбек адамының лайықты табысы болуын, жұмысына қауіпсіз жағдай жасалуын қамдау, сындарлы әлеуметтік әріптестік арқылы олардың мүддесін алға шығару. Әлеуметтік серіктестермен бірлескен «Кәсіпорынның кіші Конституциясы» ұжымдық келісім-шартының сапасы мен мазмұнын арттыру бағытындағы жұмыс – қатардағы жұмысшыларға да, тұтас кәсіпорынға да барынша қолайлы жағдай тудыруда ең маңызды рөлге ие. Астын сызып айта кетейін, кәсіподақтар – кез келген кәсіпорын жұмысының тұрақтылығы үшін үлкен мәнге ие қозғалтқыш күш», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол жұмысшылардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде заңнамаға өзгерістер енгізу тұрғысындағы Кәсіподақтар федерациясының бастамасын да сөз етті. Оның ішінде жалақының жыл сайынғы индексациясы, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік әріптестікті дамыту турасында пікір-көзқарастарын жүйелеп жеткізді. Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты. Төраға кәсіподақ қызметінде көзге түскен бірқатар қызметкерге «Еңбек озаты» медалін тақты. Сондай-ақ оларға «Сосновый бор» сауықтыру орнына жолдама берді.
Айта кетейік, С.Дәулеталиннің жұмыс сапары бүгін «ССКӨБ» АҚ кәсіпорнында жалғасып жатыр. Одан әрі облыстық үш тарапты комиссия отырысына қатысып, өңірдің кәсіподақ активімен жиын өткізбек.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ