Табиғаттың тосын құбылыстары ешкімді де аяп жатпайды. Биылғы көктемгі алапат, жойқын су тасқыны оған айқын дәлел. Торғай өңірінің көптеген тұрғыны үйлерін тастап, жан-жаққа жан сауғалауға тура келді.
Ауылы түгел суда қалып, абдырап қалғандардың қатарында Жанкелдин ауданынының Көлқамыс елді мекенінің тұрғындары бар. Үйлерін су басқан ағайын қазір аудан, қала орталықтарына бас сауғалап келген.
«Биыл көктемгі тасқын судың жағдайынан халықтың есінде қалатындай үлкен бір апатты жағдай болып тұр. Бұл енді қазіргі қорқыныш, қазіргі бейнет болғанымен, мұның арты несібе. Ертең жер көктейді, жер құрғайды. Малға, жанға мамыражай уақыт келеді. Сондықтан мынау азғантай қысылысқа, азғантай жіберіп жатқан табиғаттың апатына халық деген, ел деген өте шыдамдылықпен, төзімділікпен қарау керек. Аллаға шүкіршілік ету керек. Мұның арты жақсылық болады, молшылық болады. Басшыларымызға шексіз алғысымызды айтамыз. Жасап жатқан қамқорлығы, істеп жатқан көмегі деген өлшеусіз. Жағдайды күнбе-күн қадағалауға алып жатыр. Халық, ел, ел азаматтары аман болса, осының бәрі орнына келеді», – дейді Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов.
Бүгінде Көлқамыс ауылынан 28 үй толық суға кеткен. Ауылда бас-аяғы 241 адам тұрады. Тасқын су көтерме жолды бұзып, барлық қатынастарды шектеген. Қауіпсіз аймаққа 137 адам көшірілген. Олар аудан орталығындағы эвакопунктке орналастырылды.
Кезінде осы ауылдың іргесін қалап, атағын алысқа мәшҺүр еткен білікті басшы, белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласының озық қызметкері, ауылдың абыз ақсақалы Кәкімжан Карбозов елде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты осылай ой түйеді. Елді ауызбіршілікке, ынтымақтастыққа шақырады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ