Израильдің үздік клиникаларында тағылымдамадан өтетіндердің екінші легі қазан айында жіберіледі

Израильдің үздік клиникаларында тағылымдамадан өтетіндердің екінші легі қазан айында жіберіледі

Облыстың денсаулық сақтау саласына 300-ден астам дәрігер жетіспейді. Былтыр 89 маман келсе, биыл Қостанай облысына тағы 44 дәрігер қоныс аударған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

            Дәрігерлерге төленетін көтерме төлемдер ұлғайтылған. Мысалы, қалада жұмыс істейтін азаматтарға 3,5 млн төленсе, ауылдық жерде қызмет ететіндер 3 млн теңгеден алады. Барлық қаражат облыс бюджетінен беріледі. Жергілікті қазына қаржысы есебінен 70 маман біліктілігін артырады. Алдағы екі жылда кемінде 100 дәрігерді оқыту жоспарланып отыр. Ал бүгінгі таңға дейін 377 маман біліктілігін арттырудан өткен. Сондай-ақ, алғаш рет 20 дәрігер Израильдің үздік клиникаларында тағылымдамадан өтті. Тағылымдамадан өтетіндердің екінші легін қазан айында жіберу көзделіп отыр.

            – 2023 жылы денсаулық сақтау саласына қарастырылған қаражат 108 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23% артық. 2023-2024 жылдары ауылдық жерлерде 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары салынады, алтауының құрылысы биыл басталды. 2,4 млрд теңгеге 49 денсаулық сақтау нысаны жөнделуде. Емдеу мекемелерін қажетті құралдармен жабдықтау қолға алынды. Келер жылы денсаулық сақтау нысандарын 100% жабдықтау жоспарланған, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жалпы облыстың денсаулық сақтау секторына 488 медициналық нысан кіреді.    Стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың төсек қоры 4 361 кереует. Оның ішінде облыстық ұйымдар бойынша – 1 948 кереует, қалалық ауруханалар бойынша – 1 413 кереует, аудандық ауруханалар бойынша – 1 000 төсек орын.

            – Бүкіл әлемде жалпы халықтың және отбасының қажеттілігіне бағдарланған алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіру және нығайту үрдісі жалғасуда. Халықты профилактикалық тексеруден өткізу арқылы ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік туады. Облыста онкологиялық патологияны ерте диагностикалау үшін соңғы 2 жыл ішінде маммографтар, рентген аппараттары, флюорографтар, КТ, МРТ, эндовидеоколоноскоптар, лапароскопиялық жабдықтар сатып алынды. Онкологиялық патологияны ерте диагностикалау бойынша 30 маман оқытылды. Жалпы практика дәрігерлерін оқыту тұрақты негізде жүргізіледі, аудандық ауруханаларда, шалғай өңірлерде онколог–дәрігерлердің көшпелі нысанында диагностика бойынша практикалық көмек көрсетіледі, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Басқарма басшысының мәліметінше, әрбір аудандық ауруханада науқастың жағдайын бағалай алатын және қажет болғанда жоғары технологияларды қолдана отырып, мамандандырылған көмек көрсетудің 2 немесе 3 кезеңіне жібере алатын кардиолог бар. Биылдың өзінде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқасты емдеу үшін 15 кардиолог пен жалпы практика дәрігері алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде оқытылған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу