Иттердің көрмесі еріккеннің ермегі ме? Рудныйлық белсенді желі қолданушыларына жауап берді

Иттердің көрмесі еріккеннің ермегі ме? Рудныйлық белсенді желі қолданушыларына жауап берді

1 маусым күні Рудныйда иттер көрмесі өткізілмек. Бірақ осы іс-шараның хабарландыруы шыққалы оны қаладағы кейбір тұрғындар қатты сынға алды.

Желі қолданушылары арасында «иттерді әспеттеп, қазақтың киіз үйін қорламақ па?» дегендей пікір айтқандар да болды. Хабарландыруда көптің қытығына тиген сөздің бірі «көрме аясында киіз үй тігіледі» деген тіркес еді. (Әрине, біз тіркестің аудармасын сөзбе-сөз емес, мағынасын беріп отырмыз).

Отыз екі жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан іс-шара биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткелі отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Израильден және тағы басқа да елдерден қонақтар келеді.
Бұл жұмыстың басы-қасында жүргендерден білгеніміздей, көрменің мақсаты – табиғатқа, жан-жануарларға деген сүйіспеншілікті насихаттау, асыл тұқымды және сирек кездесетін иттердің тұқымын көбейту. Бұған қазақтың тазысы мен төбетін де жатқызуға болады.
Сонымен, ұйымдастырушылар расымен де киіз үйге иттерді кіргізіп қоймақ па? Жануарларға арнайы сыйлық берілетіні рас па? Оларға осы тақылеттес сұрақтарымызды қойдық. Бірінші түсінгеніміз – киіз үй иттерге арнап тігілмейді, онда көрмеге келетін қонақтарға дастархан жайылып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, тұрмысына сай заттар қойылмақ.

«Біреудің алдын кесейік, қорлайық деген мүлдем ойымыз жоқ. Қайта осы іс-шара арқылы ұлттық құндылығымызды, қонақжайлығымызды да көрсетейік деп отырмыз. Меймандар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татады. Біздің ұғымда ит, оның ішінде тазы – жеті қазынаның бірі. 2022 жылдың қыркүйегінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарының ұлттық байлығын сақтау жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырды. Шынымен қазір қазақтың алғашқы ит тұқымдарының тазалығын сақтау өте маңызды болып тұр. 2023 жылғы 3 қаңтарда Мемлекет басшысы қазақтың ит тұқымдарын сақтауға және көбейтуге бағытталған заңға қол қойды. Сондықтан, ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында тазы мен төбетті халықаралық аренада таныту үшін белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазақтың ит тұқымдарын халықаралық дәрежеде тану үшін FCI міндетті талаптарының бірі – көрмелерде тексеру. Осыған байланысты Қазақстанның барлық қалаларында ұлттық тазы тұқымды иттердің қатысуымен көрмелер өткізіледі. Мұндай көрме биыл 25-26 мамырда Астанада «Kazakh Tazy 2024» деген атаумен өткелі отыр. Оның шеңберінде арнайы халықаралық комиссия қазақ тазысына сертификат береді. Көрменің де үлкен мәні бар», – дейді Асыл тұқымды иттер клубының президенті Ирина Иванова.

Рудныйдағы көрмеде түрлі тұқым көрсетіледі. Оларды Сербиядан келген сарапшылар мен қазақстандық кинологтар бағалайды.
«Көрменің жарнамасына қойылған «Чемпион» әні дұрыс таңдалмаған». Ұйымдастырушы бұл сынды орынды деп қабылдады.

«Иә, біз ән мәтінін түсіндік. Иттерді бағып-қаққан, табиғатқа жанашыр азаматтарды да чемпион деп көрсеткіміз келді. Бірақ бұл ойымыз сәтсіз болғанын мойындаймын. Болашақта мұндай хабарландыру салғанда абай боламыз», – дейді іс-шараның бастамашысы.

Көрме Рудный қаласының сыртында өтеді, оны қала тұрғындары да тамашалай алады.

«Біз оны Балаларды қорғау күні өткізуіміздің себебі – балалардың бойында жануарларға деген сүйіспеншілікті оятқымыз келеді», – дейді Ирина.

Жаңалықтармен бөлісу