IT- саласы смарт орталыққа шоғырланады

IT- саласы смарт орталыққа шоғырланады

2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыру және инновация мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін, стратегиялық маңызды міндеттердің бірі Қазақстанды ІТ-елге айналдыру екенін атап өтті. Аймақтық жоғары оқу орындарының базасында барлық облыс орталықтарында біртұтас инновациялық экожүйені құру міндетін қойды. Осы орайда IT-салаға маман дайындау бағытында А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.Бұл туралы университет ректоры  Сейітбек Қуанышбаев облыс әкімдігінде аппарат жиынында баяндап берді.

Бүгінде университетте IT-мамандықтар бойынша кадрлар үш деңгейде бакалавр мен магистратурада және екі білім беру бағдарламасы докторантура бойынша даярланады.

«Осы жылдан бастап, IT-мамандықтарда оқитын студенттер контингенті 521 құрап, ұлғаю үрдісі байқалады. Бірінші курсқа биыл 178 білім алушы түсті. Осыған сәйкес, профессорлық-оқытушылық құрамының штат саны жыл сайын студенттер контингентіне сәйкес өзгеріп отырады. Оқытушылардың сапалық құрамы 65 адамның біреуі ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты, 6 PhD доктор және 37 магистр. 2022 жылы 17 оқытушы алыс-жақын шетелдік оқу орындарында біліктілігін арттыру курстарынан және тағылымдамадан өтті. Білім алушы жастар ақпараттық технологияларды қолдану бойынша республикалық олимпиада, ғылыми жұмыстар, шығармашылық жобалар және халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға жыл сайын ие болып келеді. Кафедралар кәсіптік практикаларды ұйымдастыру бойынша қала және облыс ұйымдарымен тұрақты байланыс орнатқан. Дәрістер өткізу үшін кәсіпорыннан мамандар шақырылады. Жұмыс берушілермен біріккен іс шаралар өткізіледі», – деді С. Қуанышбаев.

Университеттің халықаралық ынтымақтастығы әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағытталған. Білім беру және ғылыми мекемелермен академиялық әріптестік «Эразмус+» бағдарламасы келісім-шарт негізінде жүзеге асырылады. Жобаның бюджеті 65 мыңнан 88 мың еуроға дейін жетеді. Білім ошағы «Академиялық үстемдік орталықтарын» ашу бойынша 4 млрд теңгені құрайтын жобаны жеңіп алған. Жобаны жүзеге асыру аясында ғылыми зерттеулер жүргізетін зертханалар мен құрал-жабдықтар сатып алынатын болады. Осылайша, IT-сектор үшін кадрлар даярлауды жетілдіру үшін университетте ауқымды жұмыс жүргізілуде.

«ІТ- саласын университет қабырғасындағы смарт орталыққа шоғырландыруды көздеп отырмыз. Смарт орталық барлық қажетті құрал-жабдықпен, жоғары жылдамдықтағы интернетпен толық қамтамасыз етілетін болады.  Жоба жүзеге асырылғаннан кейін орталықтың жұмыс уақытын кешкі сағат 21.00-ге дейін ұзартуды жоспарлап отырмыз» , – деді С. Қуанышбаев.

Әсел ҚИБАШ

 

Жаңалықтармен бөлісу