Бүгін “Наурызнама”онкүндігінің төртінші күні — “Алтын шаңырақ” және “Күміс кереге” мерекелері. Бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақ иелеріне арналған.
Көпке үлгі отбасылардың бірі – Исмайловтар әулеті. Шаңырақтың тірегі – Оразалы ақсақал. Жұбайы Рамзия Айтпайқызы екеуінің отасқандарына жарты ғасыр болса, ұлы Арман Оразалыұлы мен келіні Гүлшат Жүсіпбекқызы екеуінің шаңырақ көтергендеріне – 25 жыл. Бір шаңырақ астында бүтіндей үш ұрпақ өсіп, өніп келеді.
Оразалы ақсақал еңбек жолын механизатор болып бастаған. 1975 жылы есепші мамандығын алып, кеңседе жұмыс істеді. Зейнетке шыққан соң қария ізінен ерген ұрпақ білсін деген ниетпен ата-бабасы туралы шежіре жинастырумен айналысқан.
“Шежіреге жиырма жыл уақытымды арнадым. Ақырында кітап дайындап, баспадан 2013 жылы жарық көрді. Ата-бабамызға арнап Науырзым тас жолы бойына көк тас орнатуға сеп болдым. Ол жерде үш атаның балалары қоныстанған, Бөдене, Өтеміс, Татан. Біз сол Бөдене атадан тараймыз. Жол бойына қою себебіміз жолаушылар қолын жайып, аялдаған адам мәлімет алсын деген ниет”, – дейді ақсақал.
Ұлы Арман Оразалыұлы Міржақып Дулатұлы атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры. Білім саласына сіңірген еңбегі аз емес. Соның жемісі деуге болады, бүгінде техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР Халықаралық Апқараттандыру Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі. Қаланың қоғамдық жұмыстарына да белсене араланасады. Сегізінші шақырылған Қостанай қалалық мәслихатының депутаты, Қостанай қаласының қоғамдық кеңесінің мүшесі. Арман Оразалыұлының әке тағылымын бойыны сіңіріп өскенін байқау қиын емес. Адамдық, кішіпейіл қасиеті бетіне шығып тұр.
“Әкеміз білім алуымызға көп тер төкті. Ол жағын өзінің бақылауында ұстады. “Әке көрген оқ жонар…” дегендей біздің азамат болып қалыптасуымызда әкеміз үлгі еді. Күні бүгінге дейін әкеміздің ақылына, кеңесіне жүгініп отырамыз. Мен де өз ұлдарымның бойына әкемнен алған тәрбиені сіңіріп келемін. Одан озығы жоқ деп есептеймін”, – дейді қара шаңырақ иесі Арман Оразалыұлы.
Оразалы ақсақал ұлдан үш немере сүйіп отыр. Үлкені немересі Арлан былтыр үйленген. Қостанай облысы әкімдігінің цифрландыру басқармасында жұмыс істейді. Ортаншысы Азамат Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бас маман. Екеуі де жоғары білімді. Ең кенжесі Әмір мектепте оқиды.
“Қарты бар үйдің, қазынасы бар” деп бекер айтпаса керек. Қариясы бар шаңырақтың ырысы артық, несібі мол болады. Ақыл айтар үлкен бар отбасында береке-бірлік орнайды. Ата-әже тәрбиесін көрген бала да зерек, ақыл-кеңеске қанық өседі. Ал, ата-анаға қызмет көрсетіп, батасын алған жастың да өзі құрметке ие болары анық.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ