Ішкі істер министрлігі жолаушыларды абай болуға шақырады 

Ішкі істер министрлігі жолаушыларды абай болуға шақырады 

ІІМ қазақстандық жүргізушілерге үндеу жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазан айынан бастап еліміздің кейбір аймақтарында ауа райы күрт өзгереді. Адамдар климаттық факторларға бірден үйрене алмайтындықтан қысқы жолда жүру кезінде ауа райының жол жүрісіне әсерін ескеру қауіпсіздік үшін маңызды. Министрлік қырау түскен жолдың қауіпті аймақ екенін тағы ескертеді.

– Қыс мезгілінің басталуымен жолдағы көлік жүрісі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жылдамдықты асырмаңыз! Қауіпсіз қашықтықты сақтаңыз! Егер қысқы жүргізу элементтері туралы толығырақ айтатын болсақ, онда жылдамдықты шамамен сағатына 10-15 шақырымға азайту керек, ал көлік арасындағы қашықтық 3-4 автокөлік болуы тиіс. Міне, осындай ұсақ-түйектердің өзі жол жағдайы күрт өзгерген кезде жүргізушіге дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Қиылыстарда бағдаршамның жасыл түсіне жылдам қозғалу – қысқы уақытта жүргізушілердің негізгі қателіктерінің бірі. Жолға назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефонға телмірмеңіз және көлік басқарумен байланысы жоқ нәрселерге алаңдамаңыз. Есіңізде болсын, көлікті кенеттен тежеу басқару мүмкіндігін жоғалтуға әкеп соғады. Жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтаңыз, кенеттен маневр жасау мен басып озудан аулақ болыңыз, жол бойындағы жаяу жүргіншілерге өте мұқият болыңыз, айналаңыздағы жол жағдайын үнемі бақылауда ұстаңыз. Автокөлікті жабдықтауға келетін болсақ, заңнамаға сәйкес қыс мезгілінде (желтоқсан, қаңтар, ақпан) қысқы шиналармен жабдықталмаған көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатынын еске саламыз. Қысқы шиналар көлік құралының барлық дөңгелектеріне орнатылуы қажет. Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап отыруы керек, егер ауа райы нашарласа, елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеген дұрыс. Жаяу жүргіншілер қыста көлік тез тоқтай алмайтынын есте ұстағандары абзал, сондықтан көшені кесіп өткенде сізге жол бергеніне көз жеткізіп, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз. Сақ болыңыз, телефонмен сөйлесуге және басқа хабарламаларды көруге алаңдамаңыз. Өз кезегінде полицияның жеке құрамына қызмет атқару барысында қиын жағдайға тап болған жандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды. Жолдарыңыз қауіпсіз болсын! – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Жаңалықтармен бөлісу