Облыста 200 өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында 12 сүт, 27 ет өндіретін 37 ұн тарту өнеркәсібі саласындағы кәсіпорын, 110-нан астам наубайхана, 7 өсімдік майын өндіру цехы, 4 макарон цехы және 2 жарма өндіру цехы бар.
Өткен жылы өндіріс көлемі 421,8 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда өңірде ет, сүт, макарон өнімдерінің 21,6 млрд теңгеге артқанын аңғартады.
“Бұған ең бірінші мемлекет қолдауының арқасында қол жеткенін айта кетуіміз керек. Субсидиялау бағдарламалары салаға үлкен демеу болды. Соңғы 5 жылда сүт өңдеу кәсіпорындарына 4,9 млрд теңге демеуқаржы төленді. Алдағы жылдары жаңа сүт-тауар фермаларын, “Милх” ЖШС базасында ірімшік өндіру кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл облыстың сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ағымдағы 70-тен 86% – ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол сияқты, етті мал шаруашылығы бағытында жаңа жобаларды ашу ет өңдеу зауыттарының жүктемесін 70%-ға дейін арттырады”,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетов.
Мұның бәрі жергілікті өндірушілер тауарларының ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтуға, тиісінше, импортқа тәуелділікті қысқартуға, инфляциялық процестерді тежеуге ықпал ететін болады.
Әлібек ЫБЫРАЙ