ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Иранның Golden Line кеме қатынасы компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Әли Акбар Эхсанимен кездесті. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми сайтында хабарланды.
Жеке компания тауарлардың транзитімен және экспортымен айналысады, контейнерлік тиеу және түсіру, сақтау қызметтерін, сондай-ақ Иранның Каспиан портында көлік-логистикалық қызметтердің басқа түрлерін көрсетеді.
Бүгінгі таңда компания Қазақстаннан және Орталық Азияның басқа елдерінен, Ресей мен Әзербайжаннан Парсы шығанағы, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің порттарына түрлі жүктердің экспорты мен транзиті бойынша өз қызметтерін кеңейтуге мүдделі.
Кездесу барысында Әли Акбар Эхсани хабарлағандай, жақында компанияның негізгі тиеу-түсіру қуаттары мен кемелері орналасқан Каспий теңізіндегі (Каспиан) Иран порты Иранның теміржол желісіне қосылды, бұл Каспий мен Парсы шығанағы порттары арасында тікелей теміржол байланысын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ кеме қатынасы компаниясының басшысы Бендер-Аббас портында қазақстандық терминал құрылысында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
«Біздің қолымызда Бендер-Аббас портында 25 га контейнерлік алаң бар. Сондай-ақ біз порттағы қазақстандық терминал үшін ыңғайлы жерде тағы 30 га бөлуге және оның құрылысына өз инвестицияларымызды салуға дайынбыз. Біз Каспиан портына жүктерді тікелей жеткізуді ұйымдастыра аламыз», — деді Әли Акбар Эхсани.
Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Golden Line компаниясының басшылығын қазақстандық әлеуетті әріптестермен кездесіп, жобаны талқылау үшін 20 шілдеде Ақтауда өтетін «Солтүстік – Оңтүстік» бірінші халықаралық көлік-логистикалық форумына қатысуға шақырды