17-19 наурыз аралығында Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия-интернатта IQanat республикалық олимпиадасының 2-ші облыстық кезеңі өтті. Оған облыстың 8-сыныпта оқитын 187 оқушысы қатысты.
IQanat – қазақстандық танымал жүз бизнесменнің бірегей әлеуметтік-білім беру жобасы. Ол ҚР барлық 17 облысында табысты іске асып жатыр. Мақсаты –ауыл мектептерінің оқушыларына беделді қазақстандық және халықаралық жоғары оқу орындарына түсуге тең қол жеткізуге қолдау көрсету.
Сонымен, олимпиаданың 2-кезеңінде пәндік білімге емес, қабілеттерге баса назар аударылды. Балалар логикалық және кеңістікті койлау, математикалық және оқу сауаттылығы, ағылшын тілі және таңдау пәндерінің біріне (математика, физика, биология, химия, тарих, география) тест тапсырды.
Олимпиаданың облыстық кезеңінің ашылуында Қостанай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қарлыга Исмурзина, сондай-ақ қамқоршы Амангелді Әбдіқадыровтың өкілі Марат Қуаншалин құттықтау сө зсөйледі. Облыс координаторы Берсагурова Гульнара Сайдулловна облыстық кезеңнің қатысушыларына қостанайлық “айқанаттықтардың” жетістіктері мен жеңістері туралы айтып берді.
Тестілеуден бөлек, 2-кезеңде мотивациялық тренингтер, интеллектуалды ойындар, спорттық ойындар, орыс драма театрының мұражайына экскурсия, Наурыз-Көктем ертегі-қойылымы секілді түрлі іс-шаралар өткізілді. Қордың негізін салушылар – белгілі бизнесмен, BI-Group инвестициялық-құрылыс холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, облысымыздың бас қамқоршысы, Қазақстандық автобизнес қауымдастығының президенті, “Аллюр” компаниялар тобының акционері, сонымен қатар қостанайлық “СарыарқаАвтоПром”автомобиль компаниясының акционері Андрей Лаврентьев.
ҚР БҒМ мен IQanat Қоры арасындағы 2020 жылғы 21 ақпандағы ынтымақтастық туралы Меморандум және Қостанай облысының білім басқармасы мен IQanat Қоры арасындағы 2018 жылғы 18 мамырдағы келісім шеңберінде 5 жыл ішінде Олимпиадаға 16 ауданнан 6000-нан астам қостанайлық оқушы қатысты.
2020 жылдың 1 қыркүйегінде Щучье көлінің жағасында IQanat High School of Burabay (IQHSB) мектебі ашылды. Мектеп-интернат республиканың 10-11 сыныптардағы ең дарынды 200 ауыл баласына, IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінің финалистеріне арналған. IQanat тарихында облыстың ең дарынды 46 баласы жоғары мектепке іріктеліп алынды. Биыл хай скулда 10-11 сыныптарда қостанайлық 23 оқушы білім алуда.
Айта кетейік, IQanat олимпиадасының 1-кезеңіне еліміздің 166 өңірінен 40 мыңнан астам ауыл оқушылары қатысты. Республика бойынша 2-кезеңге 8 мыңнан астам оқушы өтті. Екінші кезеңнің жеңімпаздары 2023 жылдың жазында елордада өтетін ақтық кезеңге жиналады.