28 мая, 2025
Интернеттегі алаяқтықтың алдын алу үшін

Интернеттегі алаяқтықтың алдын алу үшін

Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында төрт жақты меморандумға қол қойылды.

Яғни, екінші деңгейдегі банк, Қостанай қаласының прокуратурасы, полиция және Палата интернеттегі алаяқтықтың алдын алу үшін бірігіп жұмыс істеуге уағдаласты. Құжат келісімге қатысушылар арасында қылмыстың осы түрінің алдын алуға бағытталған. Әсіресе ақпараттық технологияларды пайдалана отырып істелетін шаралар туралы келісілген іс-қимылдарды көздейді.

Қостанай қалалық прокурорының орынбасары Еран Басмурзин өткен жылғы деректерге тоқталды.

«Былтыр жасалған 763 қылмыстан келген залал 1,1 млрд теңге болды. Зардап шеккендердің 36 пайызға жуығы кәсіпкерлер мен жеке құрылымдардың қызметкерлері», – деді ол.

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаевтың айтуынша, меморандум алдаудың ықтимал схемаларын түсіндіру саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Кредиттерді мақұлдау кезінде ішкі бақылауды жетілдіру алгоритмі әзірленді. Ренат Дәулетпаев қалған банктермен меморандум жасасу бойынша жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Сералы МЫРЗАБАЙ