Ұялы байланысы жоқ ауылдардың мәселесі “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында шешілмек.
Қазіргі таңда Арқалық қаласының 18 ауылының сегізінде интернет сапасы жақсы, жетеуінде нашар, ал үш елді мекен интернет желісіне қосылмаған. Бұл жөнінде кеңейтілген кеңесте мәлімделді. Жиынға облыстық Ақпараттандыру басқармасы, байланыс инспекциясының басшылары, байланыс операторлары және қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, пәтер иелерінің тұтыну кооперативі, меншік иелері бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
«Арқалық қаласына қарасты Родина, Аңғар, Ашутасты, Восточный, Фурманов ауылдары талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Ал, Жалғызтал және Үштөбе ауылдарында аталған желіні 2026 жылға дейін салу жоспарлануда”, – деп атап өтті облыстық Ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиев.
Үйдегі интернет сапасының нашарлығына байланысты қала тұрғындары да жиі шағымданады. Ақпараттандыру басқармасы аталған мәселенің шешімін «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп шешуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты, таяу арада компания қала тұрғындарымен кездесулер өткізеді.
Сондай-ақ, басқарма басшысы облыс басшылығының тапсырмасы бойынша Арқалық өңірінде, Екідің, Жаңақала, Молодежный ауылдарында үш антенна-діңгек құрылыстарын салу жөнінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қаражат бөлінгенін алға тартты. Үш діңгекті орнату кезінде «Кар-Тел» ЖШС байланыс операторы Арқалық қаласының ауылдарын, оның ішінде Қайыңды ауылын сапалы байланыспен қамтамасыз етпек.
Tele2 компаниясы да өзінің өңірде ұялы байланыс пен интернетке қолжетімділік сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін базалық станциясын жаңғыртуда. Beeline компаниясы Қызылжұлдыз ауылында мобильді интернетті 4G стандартына дейін жақсартты.