23 мая, 2025
Қостанайда жыл басынан бері 700-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген

Қостанайда жыл басынан бері 700-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген

Қазіргі таңда бұл қоғамда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қостанайлық полицейлер тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Осыған орай тәртіп сақшыларының ұйымдастыруымен жиналыс өткізіліп, алаяқтық қылмысқа қатысты деректер, қаскүнемдердің әрекет ету айлалары туралы ақпарат беріліп, олардан қорғану тәсілдері жөнінде кеңестер айтылды.

«Қостанай қаласының өзінде 2025 жылдың басынан бері 747 интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, олардың жалпы залалы 80 миллион теңгеден асқан. Салыстырмалы түрде былтыр 760 жағдай тіркелсе, одан келген залал 1 миллиард 150 миллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш алаяқтықтың күшейіп, азаматтардың сақтығының әлі де жеткіліксіз екенін көрсетеді», – деп атап өтті Қостанай қаласы Полиция басқармасының басшысы Болат Иманов.

Алаяқтардың схемалары тоқталайық. Инвестициялық алаяқтық әлеуметтік желілерде және интернет платформаларда инвестиция арқылы табыс табу ұсыныстарын жарнамалайды. Тұрғындар олардың ұсынған сілтемесіне өтіп, жеке деректерін енгізеді, сосын алаяқтармен байланысады. Олар бастапқыда ақша салуды ұсынып, кейін жалған платформалар арқылы табыс тапқандай әсер қалдырып, қосымша сома төлеуді талап етеді. Мысалы, 2024 жылы Қостанай тұрғыны осындай схемаға түсіп, 76 миллион теңгеге алданған.Алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалу арқылы хабарласатын схемасы бар. Олар түрлі себептермен SMS-кодтарды сұрайды немесе қауіпсіздік қызметкерлері ретінде танысып, шоттағы қаражатты “қорғауға” көмектесеміз деп сендіреді. Тұрғындар олардың айтқандарына сеніп, несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтардың шоттарына аударады. Фишингтік сілтемелермен де алдайтындар болады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде “дауыс беру”, “сыйлық ұтып алу” сынды жалған сілтемелер жібереді. Құрбандар осы сілтемелерге өтіп, өз деректерін немесе SMS-кодтарын енгізген кезде, алаяқтар олардың мессенджерлеріне немесе банк қосымшаларына қол жеткізеді.Олардан сақтанып жүру үшін жеке деректерді құпия ұстаңыз. SMS-кодтарды, шот нөмірлерін және басқа деректерді ешкімге бермеңіз. Жалған жарнамаларға сенбеңіз. Инвестициялық ұсыныстар мен жылдам табысқа жетуге шақыратын хабарландыруларды мұқият тексеріңіз.
Тек ресми ақпарат көздеріне сеніңіз. Банктер мен мемлекеттік мекемелер ешқашан телефон арқылы құпия ақпарат сұрамайды.
Алаяқтық әрекеттері туралы хабардар болыңыз. Отбасыңыз бен жақындарыңызға алаяқтықтың түрлері туралы айтып, сақтандыру жолдарын түсіндіріңіз.
Қостанай облысының полиция департаменті тұрғындарды интернет-алаяқтардан сақтануға шақырады. Әр азамат өзінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сақтық шараларын орындаса, алаяқтардың құрбаны болудан сақтана алады. Интернет алаяқтарына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның міндеті.

Балауса ЖҮНІС

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ