Сізге танысыңыздан қарызға ақша сұрау туралы хабарлама келді ме? Асықпаңыз!! Бұл алаяқтар болуы мүмкін.
Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Рашид Мадияров тұрғындарға кеңес берді.
“Ақша аудармас бұрын, оған қарапайым байланыс арқылы қайта қоңырау шалып, осы хабарламаны оның жазғанына көз жеткізіңіз. Себебі алаяқтар фишингтік сілтемелер арқылы мессенджерлерге қол жеткізеді. Сондықтан ешқашан белгісіз сілтемелерге өтпеңіз. Ұялы телефонға қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын орнатпаңыз” – дейді Рашид Мадияров.
Сізге банк қызметкерлерінен немесе құқық қорғау органдарынан қоңырау келіп, сіздің шотыңызда күмәнді операциялар болып жатқанын немесе сіздің атыңызға белгісіз біреулер несие алайын деп жатқандығы туралы хабарлайды. Дүрбелеңге бой алдырмаңыз. Бұл-интернет алаяқтар!
“Банк қызметкерлері өз клиенттеріне қоңырау шалып, күмәнді операциялар туралы хабарламайды, әсіресе, сіздің жинақтарыңызды қауіпсіз шотқа аударуды ешқашан сұрамайды. Есіңізде болсын, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық істерді қашықтан тергемейді және ешқандай операция жасауды талап етпейді. Мұндай жағдайларда әңгімені тоқтатып, дереу полицияға 102 нөміріне қоңырау шалыңыз”, – деп ескертеді Раид Мадияров.
Интернет желісінде қандай да бір тауарды сату немесе қызметті ұсыну туралы жарнамалар көрсеңіз, сақ болыңыз! Ақшаны аудармас бұрын немесе тауарды бөліп төлеуге рәсімдемес бұрын, онлайн дүкеннің шынымен бар екеніне көз жеткізу керек. Өтірік тауардыңбелгілері төмен бағалар мен жылдам жеткізу, тауар туралы пікірлердің болмауы және міндетті алдын ала төлем болуы мүмкін. Бұл туралы жақындарыңызға айтуды ұмытпаңыз.