Жуырда бір кісілермен дастархандас болдық. Ол жерде соғыс ардагері Имақ Жанғалиевтің келіні Қалампыр апамыз Имақ Жанғалиевтың ерлігі жайында әңгімеледі.
1915 жылы Қостанай облысында дүниеге келген атамыз 1941 жылы ұрыс даласына аттанды. Ол жерде әскери барлаушы болған. Ірі денелі, өте күшті, батыл, ақылды жігіт жауынгер жолдастарының арасында беделді, командирлердің арасында сенімді жауынгер болған.
Соғыс кезінде барлаушылар өте маңызды қызмет атқарған. Имақ ағамыз талай рет жауды тұтқындап, тың деректерді білу үшін штабқа жеткізіп отырған. Маған қатты әсер еткені Имақ ағамыздың өжеттігін дәлелдейтін мына бір әңгіме болды.1945 жылы Австрия жерінде Имақ ағамызды жалғыз өзін жаудың арасынан тұтқын жеткізуге тапсырма береді.
Келе жатып ағаштың арасында демалып жатқан бес жау солдатын көреді. Солдат пен офицері аралас тағы жетуі келіп алғашқы бесеуіне қосылады. Біраз уақыттан кейін әлгілер шаршап, қалжырағанын байқайды. Жатып қалған мезетте алдарына секіріп шығып, “Хенде хох” деп қатты айқайлайды. Абдырап қалған олар қолдарын көтеріп орындарынан тұрады. жақынырақ тұрған ұзын бойлысы Имақ ағамызға қарсы ұмтылады. Жұдырықпен бір періп оны сұлатып салады, қалғандары қарсылық көрсетуге батылдары жетпейді. Ірі денелі келген Имақ ағамыздың жойқын күшіне куә болған олар алдына түсіп жүре береді. Жалғыз өзі жаудың 13 жауынгерін осылай штабқа жеткізеді. Осы ерлігі үшін Жеңіс парадына қатысу мүмкіндіне ие болады, бірақ басқа марапат жасалмайды. Соғыс кезінде мұндай ерлік көрсетіп 13 адамды жалғыз өзі тұтқындап штабқа жеткізген басқа ешкім жайлы мәлімет жоқ. Имақ ағамыз өте қарапайым, еңбекқор кісі болған. Соғыстан кейін зейнетке шыққанға дейін механизатор болған. Осындай ержүрек кісі жайлы өзім ғана біліп қоймай, сіздерге де айтып бергім келді. Жастар, өскелең ұрпақ, бәріміз кітаптарға жазылмай, киноға түспей, көпшілік танымай қалған осындай өжет кісілер жайлы білуіміз керек.
Сакин Байгелдин