Меккеге жол
«Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарына бару» дегенді бала кезден естіп өстік. Қажылыққа баратын мұсылман – ерекше: басқа төрт парызын да орындаған, жаны таза, ісі адал, білімі терең, ел алдында абыройлы және өмір көріп, ақыл тоқтатқан адам болуы керек деген сеніміміз берік болды. Содан да болар, жастайымыздан «Меккеге бару – адамға жүктер міндеті мол, кез келген жанның орындауы екіталай сапар» деген түсініктің қалыптасқаны. Ол сапарға барғандардың елге қадірлі болатынын, тек дін мәселесінде емес, ауылдағы үлкенді-кішілі шаруаларды шешуде де жұртшылық «қажы-еке» деп жүгініп, кеңесіне құлақ түріп, айтқан уәжіне тоқтайтынын көріп өсу сенімімізді одан әрі бекіте түскен. Және жүрек түбінде «барсам…» деген арманды ұялатқан.
Соңғы жылдары жиі айтылатын бір әдемі ән бар. Қайырмасында, сірә жас әнші болуы керек, әуезді үнімен «Мен сені Меккеге апарамын» дегені жүректі елжіретеді. Көрмей-білмей сол баланы іштей ұнататындар да көп екен. Әні үшін. Жақсы ән – тәрбие құралы. Сол ән талай ұл-қызға ой салған болар.
Менің балам да намазға жығылғанымнан кейін үш жыл бойы сондай тілегін айтты. «Ол жаққа баратын адамның дайындығы болуы керек» деп келіспедім. Әуелі басқа парыздарды өтеуім керек болды. Сөйтіп, сәті былтыр, жыл соңында түсті.
Топта балалары жіберген бірнеше үлкен кісі бар екен, олардың сапары менен өзгешелеу ұйымдастырылыпты. Талдықорғандық ерлі-зайыпты кісілермен Алматыда таныстық: балалары жолдаманы қолдарына бір күн бұрын ғана ұстатыпты. Компания кеңсесінде «Спорт костюмін алуымыз керек пе?» дегендерінен қайда бара жатқандарын толық білмейтіндерін түсіндім. Түркістандық жұпқа да әкесінің зейнетке шығуына орай баласы тосын сый жасапты. Атыраудан келген екі құдағи да балалары жібергенін айтты. «Кезінде үлкен қалаларға саяхат жасауға, шипажайларға жолдама сыйлайтын еді… Қазір қажылыққа жіберу сәнге айналған ба?» деген ой сол жерде келді.
Сөйлесе келе жаңа таныстардың кейбіреуі намазға да жығылмағанын, бірақ балалары мемлекеттік қызметте жүрсе де, «түзу жолда» екенін, жұма намаздан қалмайтынын, қажылыққа келіп-кеткенін білдік. Түзу жолда жүргені дұрыс қой, әрине, бірақ… «Намаз оқымайтындар, қажылыққа бармағандар түзу жолда емес деген ұғымды кім қалыптастырып жүр екен?» деген ойдың қылаң бергені рас.
Мәдина. Пайғамбар мешіті
Меккеге әркім әртүрлі жолмен келеді. Түркия арқылы, көршілес араб мемлекеттері арқылы келетіндер көп екен. Біздің сапарымыз Жидда – Мәдина – Мекке бағытымен құрылыпты.
Алматыдан Жидда қаласына ұштық: борттағылардың бәрі дерлік – біз сияқты қажылыққа бара жатқандар. Үстеріне киген киімдерінің сапасы, дизайны, асынған сөмкелері әр компанияның әлеуетін байқатады. Неше түрлі киімді көріп, «Елде қажылыққа кісі аттандыратын компаниялар баршылық екен-ау» деп ойладық.
Ұшақтың иллюминаторына үңіліп, көп қарадым. Қанша биік болғанмен, қатпар-қатпар таулар анық көрінді, Жидда қаласына жарты жолдай қалғанда біраз уақыт су үстімен ұштық. Төмендегі көкпеңбек, жұмбақ әлемнің сұлулығына көз тоймай қарай бердім. Ол – Қызыл теңіз екен.
Қонған жерде ондай әсемдік байқалмады. Гидтің (жолбастаушы) айтуынша, әуежай аймағы осындай, ал орталығы әсем қала көрінеді. Біз онда соқпай, бірден Мәдина қаласына жол тарттық.
Жолбастаушылар – өңкей жас жігіттер. Бізді бір қаладан екінші қалаға жеткізіп, келесі жолбастаушыға табыстап, әрі қарай өз жөндерімен кетіп жатты. Байқауымызша, осы жақта басқа да жұмыстары бар, орныққан, тіпті кейбіреулері отбасыларымен тұратын азаматтар сияқты. Әдепті, елгезек, сабырлы. Бәрі де өз міндеттерін барынша тиянақты атқаруға тырысты.
Басқа сапарластарға қарағанда көбірек сұрақ қойған мен шығармын. Әуелі: «Қалқам, мен жазушымын, ғылым кандидатымын. Дін туралы да біраз оқыдым. Әлі түсінбеген, тіпті күмәнданған тұстарым да бар. Сондықтан реті келгенде сұрап отырайын, сіз маған толық жауап беріңіз. Мен жастармен көп кездесетін адаммын, оларға дұрыс ақпарат беруім керек», деп келісіп алдым. Обалы нешік, хал-қадерінше жауап беріп отырды. «Апай, оны білмейді екенмін, ұстаздан сұрайын», деген кездері де болды.
Бұлай деуіме бұған дейін, елде жүргенде тыңдаған уағыздарға кей жағдайда көңілім толмағандығы себепші. Қанша кітап оқығанмен, дін әлеміне енді қадам басқан соң, көкейге қонбайтын әңгіме айтушылардың пікіріне келіспеушілік білдіретіндей деңгейге жеткен жоқ едім. Әрі неге екенін түсінбеймін, бізде имамның айтып отырғанының бәрін дұрыс деп қабылдау қалыптасқан сияқты. Олар да пенде, олар да біреудің идеясын таратады, басқа жаққа бұрады деген ой келмейді-ау. Бірақ өмірде солай болатынын көрсеткен оқиғалар бар емес пе? Сондықтан көкейдегі көп сұраққа бүкіл мұсылман әлемі тәу еткен жерде жауап табамын ба деген үмітім болғаны рас.
Мәдинаға келдік. Бұл жерде Пайғамбарымыздың мешіті бар екені баршаға белгілі. Оған 500 мың адам еркін сыятыны, тағы сонша адам екінші қабатында намаз оқитыны туралы оқығанмын. Жолбастаушы күн сәулесінен қорғалған ауласына тағы 1 миллион адам сыятынын айтты. Мешіттің сән-салтанаты көз арбайды. Ауа желдеткіштері жаңа технологиялық құрылғылар қолданыла отырып іске қосылған екен.
Келесі күні бесін намазына бара жатқанымызда оң жағымыздан мәйіт салынған табытты көтерген топ көрінді. Соңынан жүз шамалы ер адам еріп, зікір айтып келеді. Осы жерде тұратын бір кісі қайтыс болған шығар деп ойлағанмын. «Соңында қалған ұрпағы мол, бір қауым елдің алдында жүрген адам болды-ау, сірә». Сөйтсем, бұл – қажылыққа келіп, қайтыс болған кісі екен. Артына ергендер – мен ойлағандай туыстары емес, олар да қажылыққа келгендер екенін, өлген адамның жаназасына қатысу мол сауап беретінін, әр намазда жаназа намазы қоса оқылып отыратынын түсіндірді бізге… «Бәсе, намаз біздің намазымыздан неге ұзағырақ десем», деп ойладым мен.
Осы жерде алғаш рет зәмзәм суының дәмін таттық. Ең бастысы, бұл жерге келген әр мұсылманның толқи баратын жері – Пайғамбарымыздың басына барып, зиярат еттік. Сапарымның мән-маңызын да сол жерде ұққандаймын. Мұнда мүлде басқа әлемді көрдім. Ол әлемнің шетінде ғана жүргенімді ұқтым…
Бүкіл ислам жұртын ұйытқан азан үнінен кейін бір мезетте сапқа тізілген жұрттың қатарына тұрып, бір мезетте тізе бүгу де адамға ерекше әсер етеді екен. Жүрегім дүрсілдеп, кішкентай кезден бойға сіңген әдетпен қол жайып, ең алдымен заманның тыныштығын, елімнің амандығын тіледім. Бауырларымның, жан-жағымдағы жақсы адамдардың, туыс, дос, сыйлас жандардың бақытты, ғұмырлы болуын, перзент сүюді аңсағандар балалы болуын, науқас жандардың емі шипалы болуын… тіледім.
Ухуд тауы. Қиын сұрақ
Ислам тарихын білетіндер Пайғамбардың Мәдинаға келуі, ол қаланың ислам әлеміндегі екінші қалаға айналуы туралы жақсы біледі. Біз бұрын да естіген едік, қалаға кіргенде жолбастаушы мұнда оқылған бір намаз мың намазға татитыны туралы айта кетті.
Қажылыққа келгендерді міндетті түрде ертіп апаратын жердің бірі – Құба мешітінде болдық. Жолбастаушымыз Пайғамбардың сөзі деп: «Кімде-кім мұнда 2 рәкәт намаз оқыса, сол адам кіші қажылық жасағандай сауап алады», деді.
Кейін де осындай салыстыра айтылған «Әл-Ақса мешітіндегі бір намаз бес жүз намазға татиды… Меккедегі бір намаз жүз мың намаздан артық… Қағбаны айналу… Сафа мен Маруаның арасында жеті рет жүгіріп өту…» деген сияқты сөздерді көп естідік. Неге мұндай өлшем қолданылады екен?
Ухуд тауы – пұтқа табынушылармен шайқаста Пайғамбарымыздың әскері жеңіліс тапқан жер. Сол таудың етегінде жерленген сақабалардың рухына дұға бағыштаушылардың қарасы көп-ақ. Көліктерден шыға сала төбеге жүгіріп шығып, суретке түсіп жатқандар да аз емес.
Осы жерде мен тағы сұрақ қойдым. «Қай кітап екені есімде жоқ, бірақ мынадай оқиға жазылған. Бір шайқастан әскері ойсырай жеңіліп оралғанда Пайғамбарымыз: «Қаншама адамнан айырылдық. Қаншама әйел жесір, қанша бала жетім қалды. Олардың болашағы не болмақ?» деп қатты күйзеледі. Сосын сарбаздарына: «Жесір қалған әйелдерді балаларымен аласыңдар, 4 әйелге дейін рұқсат» деген шешімін айтады. Менің білгім келгені – біздегі шариғат 4 әйел алуға рұқсат етеді деген осыдан шыққан ба? Әлі үйленбеген жас жігітке мұндай жүк арту дұрыс па?» дедім.
Жолбастаушы: «Апай, мен оны білмейді екенмін. Ұстаздан сұрайын», деді. Келесі күні тақап келіп: «Апай, жалпы ондай соғыстар көп болыпты. Әр шайқастан кейін Пайғамбарымыз осындай шешім шығарып отырыпты, – деді. – Негізі ер адамның 4 әйелінің алғашқысы пәктей алған жары болмақ. Екіншіден, туыстарының бірі қайтса, үшіншіден соғыста шейіт болса, соның бала-шағасына ие болуы сауап. Төртіншіден, кембағал боп туған қызға үйлену сауап, ол да Алланың жаратқан пендесі, адамға тән қызық көруге тиіс» деп үкім еткен».
«Жақсы үкім екен, – дедім мен. – Сонда біздегілер төртеуін де бұралып тұрған жастан алу керек дегенді қайдан шығарып жүр?»
Біз көрген ғажайыптар
Бұрын Меккеде болған таңғажайып оқиғалар туралы оқып жүріп, соларға сенер-сенбесімді білмейтінмін. Болады екен. Біз барған кезде де сондай оқиғалар болды.
Ең бастысы – жаңбыр жауғаны! Бұл жақта сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан мұндағы үшінші күнімізде жаңбыр жауғанын жақсы ырымға балап, қатты қуандық. Жаңбыр нөсерлете жауды әрі суағарлар болмаған соң, жаңбыр суы жиналып, мешіт маңында су тобықтан келді. Оны елең қылып жатқан ешкім жоқ.
Ал түсте, біз Арафат тауына барып-қайтар жолдағы жаңбыр тіпті ерекше жауып тұрды: анда-санда бүркіп-бүркіп қояды. Тура әтір сепкішпен бүріккен сияқты.
Таңғы таһажуд намазына барғандар бір ғажайыпты айтып келді.
Қағба алаңына кіре алмаған соң, екінші қабатта намазын аяқтап, дұғасын оқып отырғанда ерлердің «Аллаһ акбар! Аллаһ акбар!» деген дауыстары қатты шығады. Іле әйелдердің шыңғырғандары естіледі.
Тобымыздағы астаналық Ақерке деген келіншек былай дейді:
«Жұрт жауып тұрған жаңбырға қарамай, Қағбаны айналып жүрген. Әлгі дауыстарды естіп, Қағба жаққа қарасам, тура түбінде бейнебір науадан құйылғандай су құйылып тұр екен, арасынан бір жазулар шыққандай көрінді. Толық көре алмадым, арабша «л»-ға ұқсас біреуін байқадым. Көзді ашып-жұмғанша болды.
Намаз аяқталған соң, көзбен көрген күзетшілер әсерленіп бірдеңелерді айтып жатты. Тіл білмеген соң, түсінбедік. Ал ол ғажайыпты көргеніне мәз, айтып жеткізе алмай, қолын сермелеп, басын ұстап, көзін аспанға тігіп, үздіксіз «Аллалап» тұрды».
Тобымызда тағы бір қызық оқиға болды. Екінші умра күні Түркістаннан келген Қарлығаш есімді келіншектің арқасындағы қапшығынан аяқкиімінің бір сыңары түсіп қалыпты. Он мыңдаған адамның қозғалысы бір сәт тоқтамайды. Олардың екпіні де баяу емес. Іздесе де табылмасы анық екені түсінікті. Сондықтан екпінімізді баяулатпай, Қағбаны айналып жүре бердік. Бірақ ғажабы сол – тағы екі айналым өткенде… аяқкиім тура аяғының астынан шықты.
Уағыздың салмағы
Жолбастаушымыз арамыздағы бір кісінің құрбандық шалып, бізді сол дастарқанға шақырып отырғанын, сол жерде ұстазы уағыз айтатынын толқи жеткізді.
Жалпы, біздің жастар пысық екеніне осы сапарда көзім жете түскендей. Меккеде де шаруасын дөңгелентіп отырған азаматтар бар екен, солардың бірінің дәмханасына келдік. Үстерінде қара көйлек, орамалды баса тартып алып, дастарқанды жайғастырып жүрген қыз-келіншектерде үн жоқ. Түрлері осы жақта қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген азиялық ұлттардың өкілдеріне ұқсамайтын сияқты. Жолбастаушыдан сыбырлап: «Мына қыздар қай елдің адамдары?» деп сұрадым. «Өзіміздің қыздар ғой. Осында жұмыс істейді», деді ол.
Шығар кезде асүйге бас сұғып, рахмет айттым. Мәз болып қалды. «Бір сұрағым бар, – дедім сосын. – Өз киімімізбен жүрсеңдер әлдебір жаза бар ма? Немесе айыппұл сала ма?» «Жо-оқ, – деді олар күле сөйлеп. – Бәрі солай киінген соң, біз де…» «Олардың салты сондай. Біздің салтымызда қара кию – жаманаттың белгісі. Бұлар асылып өліп жатса, сендер де асылып өлесіңдер ме? Айдың-күннің аманында қара жамылып не көрінді?» дедім. Олар үндемеді.
Бұдан кейін басқаша киінер-киінбес – санасына салдым. Айтқандай, өзім қазақы көйлек пен қамзол киіп жүрдім. Ешкім ескерту жасаған жоқ. Қайта жұрттың қызыға қарағанын байқап, ұлттық киіміміздің әдемілігі үшін марқайып қалдым. Бар мәселе – жастарымыздың жоқ нәрсеге еліктегіштігінде.
Тамақ желінгеннен кейін жолбастаушымыздың ұстазы уағыз айтты. «Ұстаз» дегенге үлкен кісі ме дегем, жас шамасы қырықтар шамасындағы азамат екен. Уағызы ұнаған жоқ – біздің елдегі имамдардың сарыны: дінге берілу, намаз оқу, Құран бағыштау… Көп алдында сөз сөйлеу тәжірибесі жетімсіздеу екені көрініп тұр. Мысалдары да қызық. Жүніс пайғамбар туралы аңызды айта келіп: «Міне, дінге сенбеген, намаз оқымаған адамның болашағы жоқ, балық ішіндегі қараңғы қапас сияқты өмірге тап болады» деген тұжырым жасады.
Қайтар жолда жолбастаушымыз қасыма келіп, пікірімді сұрады. Шынымды айттым. «Ұстазың болған соң, ештеңе демедім, әйтпесе біраз нәрсе айтуға болар еді. Меселі қайтпасын дедім. Адамдарға сауаты аз, қарабайыр топ деп қарамау керек. Уағыз айтуға «Көп ішінде мен білгенді білетін, тіпті көбірек білетін жандар бар» деген ұстаныммен келуі керек», дедім. Жол бойы әңгімелесіп, бір-бірімізді түсініп, тарқастық.
Ой салған сапар
Осы сапар көп ой түйдірді, көкейде жүрген біраз нәрсені қайта еске түсірді.
Бала кезден Меккеге сапардың қиындығы, жауапкершілігі туралы естіп, біліп өстік. Өмір көрген, иманы берік, мұсылмандық шарттарды орындаған адамдар ғана жолға шығатын. Зиярат етудің барлық шартын орындап, «қажы» атанып қайтатын.
Ал қазір ше? Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сонда жүр. Жарайды, қарапайым тілмен айтсақ, үлкен кісілер «біліп-білмей істеген күнәлары үшін» кешірім сұрауға барды делік. Ал туғанына 5-6 ай болған немесе 3-4 жастағы сәбилерде қандай күнә бар? Намаз оқылып жатқанда шулап жылаған балалардың (сірә, оларды уақытша қалдыратын жер болуы керек) даусынан жүрегің ауырады.
Сауап туралы көп айтылады ғой, менде тағы бір сұрақ бар: Баласын қасына, тас еденге жатқызып қойып оқылған намаздың сауабы бар ма екен? Сосын, бір-бірін түрткілеп, Сафа мен Маруа тауларының арасында қуаласып ойнап жүрген 10-12 жасар балалар қандай қажы болмақ?
Қажылық сапарына туристік сипат берілуі қажылықтың қадірін түсіріп жібергендей. Қағбаны айналудың өзіне үлкен дайындық керек екенін, әр қабырғасының қасынан өткенде, әр бұрышын айналғанда айтылатын дұғалар болатынын білмейтіндер де бар сияқты. Ондайларды кимелеп, баса-көктеп қасиетті тасқа жетуге, сүюге, алақанын тигізуге ұмтылғанынан танисың.
Еліміздің бірнеше туристік компаниясынан барған топтар жүрді. Бізге қарағанда Өзбекстаннан барушылар көбірек, Қырғызстаннан азырақ сияқты. Бір-бірімізбен жылыұшырай амандасамыз. Бізде оларға қарағанда жастар көбірек. Бұл да – ойландыратын жайт.
Соларға қарап, жыл өткен сайын жұма намазда жастардың қарасы көбейіп, сақалды жігіттер мен оранған әйелдердің жиі ұшыраса бастағаны, тіпті мектептегі балдырған қыздарға орамал тартқыз деген талаптар қойыла бастауы ойға оралды… Осының бәрі бізге – елде, әсіресе жастар арасында дінге бұру ісі қарқынмен жүргізіліп жатқанының белгісіндей көрінді.
Меніңше, Алла Тағаланың исламға дейінгі дәуірдегі надан, сауатсыз халықтың көзін ашып, оларды өзге елдермен тең етіп дамыту үшін Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) жіберіп, оған «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген ең алғашқы аятын біржақты, тек намаз оқыту керек деген түсінік қалыптастырылған сияқты.
Шын мағынасы одан әлдеқайда тереңірек деп ойлаймын. Адамдар көп жиналатын жерлерде уағыз айтуға уақыт беріледі. Сонда «Оқы!» деген тек «намаз оқу, Құран оқу, дұға бағыштау» деп түсіндіріледі. Біздіңше, мына заманда осыны «білім ал», «ғалым бол» деп тәпсірлеген орынды.
Діни құндылықтардағы мына ұстаным зайырлы азаматтарға қажетті деп ойлаймыз:
«Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді».
«Қиямет күні ғалымдардың сиясы шейіттердің қанымен таразыға тартылады. Сонда ғалымдардың сиясы ауыр басады»…
Жалпы, имандылық біліммен, ғылыммен толыққан сайын қадірі артады.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
Республикалық аналар
кеңесі төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты