Жанкелдин ауданы Жаркөл ауылына келіп жатқан тасқын судың қарқыны әлі де бой берер емес. Ауыл азаматтары екпінді ағынның күре жолды бұзып кетпеуі үшін дамылсыз күрес жүргізіп жатыр.
Қызбел ауылы арқылы өтетін Қоңыраулы өзенінен келіп жатқан тасқын “Қисыққарасу” жоласты өткелінің аузы-мұрнын толтырып, ауылдың оң жақ қапталындағы Қаратақыр жазығына жайылып кеткен.
Әуесқой видеожазбалардың бірінде су көтерме жолды асып түспеуі үшін құм салынған қапты 5-6 қатар қылып көтергенін, одан оңды нәтиже болмай тұрғанын айтады. Қарқын басылмаса, Торғайды Арқалықпен, Қостанаймен жалғайтын жалғыз жол бұзылып, қатынас ұзақ уақытқа үзіліп қала ма деп қауіптенеді.
“Жағдай әлі оңалмай тұр. Үлкен көліктер өтіп жатқанымен, жеңіл көліктерге жол жоқ. Кешке дейін ауыл азаматтары жолдың екі жақ бетін бөгеуге тырысып жатыр. Татыр жақ бетке ие бола алмайтын түріміз бар”, – дейді ауылдықтар.
Аудан әкімдігі өкілдері де мұны растап, жолдың жабылғанын айтып отыр.
“Қоңыраулыдан келіп құлап жатқан тасқын судың расымен де толастар түрі жоқ. Жаркөл ауылы тұсындағы жол жабылған соң аудан орталығы да аралда қалды. Арқалыққа да, облыс орталығына да қатынас үзілді. Апта ішінде ашылар-ашылмасын да анық айта алмаймыз”, – дейді аудан әкімдігі мамандары.