Жыл айрығында облыстағы бірнеше көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» және «Үлгілі» атағы берілді. Олардың қатарында орыс, қазақ және славян әндерін орындап жүрген «Казачья воля» ансамблі де бар. Ансамбль 2015 жылдың қазан айында құрылып, осы қысқа уақыт ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ұжымның жетекшісі – Галина Смирнова. Қазіргі таңда ансамбльде 12 талантты солист бар.
Казактар – қазақ жеріне тарихи тұрғыдан қоныс аударған, қиыншылықтар мен қуғын-сүргінді басынан өткерген халық. Олар тек өздерінің ар-намысын ғана емес, Отанын да сақтап қалды. Казак әндерінде сағыныш, күрес және еркіндікке деген құштарлықтың сезімі басым. Бұл әндер тыңдарманды терең ойға батырса, бір сәтте көңілге қуаныш пен еркіндік сезімін ұялатады. Қаншама әндер халықтың жүрегіне жол тауып, тыңдарманның көңілінде мәңгі қалады.
«Казачья Воля» ансамблі бірнеше халықаралық және республикалық фестивальдердің лауреаттары. Ансамбль алғаш рет қалалық «Золотая осень» фестивалінің лауреаты атанып, сондай-ақ бірінші рет өткен қалалық «Новогодний Бал-маскарад» фестивалінде де өнер көрсетті. Бұл жетістіктер ансамбльдің өнер әлемінде жоғары бағаланып, халық арасында танымал болуына септігін тигізді. Ұжымның мәдениетіміздегі орны барған сайын артты, ал оның жетістіктері қала мен өңірдің мақтанышына айналды.
Ансамбль Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрлігінің бұйрығымен «Халықтық» ансамбль атағын алды. Бұл атақ ансамбльдің шығармашылығындағы ең биік жетістік десе де болар. Енді ансамбль ресми түрде халықтық ұжым ретінде танылып, оның музыкасы мен өнері жаңа деңгейге көтерілді.
«Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ММ «Северный» кітапхана-филиалы ансамбльдің жаңа жетістіктерін атап өту үшін арнайы іс-шара өткізді. 2019 жылдан бастап «Казачья Воля» ансамблі «Северный» кітапханасының клубы ретінде танылып, шығармашылық жұмыстарын осы жерде жүзеге асырып келеді. Іс-шара барысында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Шоқанова Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігінің бұйрығын оқып, ансамбль жетекшісіне марапатты табыстады. Кітапхана меңгерушісі Рәзия Мұхтарқызы ансамбльді жаңа атақтарымен құттықтап, жетекші Галина Смирноваға бір құшақ гүл сыйлады.
Іс-шарада көңілді әндер мен билер орындалып, мерекелік атмосфера орнады. Ансамбль мүшелері жаңа атақтарын алғаннан кейін көктемде алғашқы концерттерін өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, «Казачья Воля» ансамблі өнерге деген адалдығын, еңбегін және талантын тағы бір рет дәлелдеп, қостанайлықтардың жүрегінде ерекше орынға ие бола білді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА