Наурыз айында ҚР Парламенті Мәжілісі мен әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны өткенін ұмытпаған шығарсыздар. Саяси іс-шара кезінде үміткерлер ел аралап, халықтың мәселесін тыңдап, оны шешуге уәде береді. Сол науқанның аяқталғанына да төрт айға таяп қалыпты. Осы уақыт ішінде халық қалаулылары қандай жұмыс істеді? Өзекті мәселелер шешімін тапты ма?
Сан сауалдың жауабы жуырда “AMANAT” партиясының Қостанай облыстық филиалында өткен дупататтық фракцияның отырысында айтылды.
Саяси науқан кезінде партия облыстық филиалының штабына тұрғындардан 1 720 талап-тілек түскен. Арыз-шағымдар мазмұнына қарай аудандық, облыстық мәслихат депутаттарына бөлініп беріліп, күрделі ой қозғаған өткір мәселелер мәжіліске жолданыпты. Бүгінде облыстық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылған шағымдардың 44%-і өз шешімін тапқан.
– Мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең. Олар өңірдің дамуына ықпал ете алады. Мемлекет пен қоғам алдында тұрған, адамдарды толғандырған өзекті және өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу алдымызда тұрған негізгі мақсат. Бұл мақсатты орындау үшін біз тұрғындардан келіп түскен талап-тілектердің орындалуына сапалы мониторинг жүргізуін қолға алуымыз керек. Сондықтан, фракция отырысының күн тәртібінде осы мәселені көтеріп отырмыз, – деді “AMANAT” партиясы ҚОФ төрағасының орынбасары Жанар Қойшинова.
Жиналыста бірқатар депутаттардың халықтың талап-тілектерін орындау жөніндегі есебі тыңдалды. Алғаш болып сөз алған депутат Татьяна Булгацевич денсаулық сақтау саласы бойынша 18 талап-тілек түскенін, он алтысына тиісті жауап берілгенін айтты. Қалған екеуі шешімін тапқан жоқ. Бірақ, жұмыс жүруде. Соның бірі Первомай ауылында дәріхана ашу туралы көпшілік өтініш білдірген. Аталған ауылда дәріхана ашу әзірге мүмкін емес. Өйткені, мұндай ұсынысқа қызығушылық танытқан кәсіпкер табылмай отыр.
“Күн сайын медициналық көмекке жүгінушілердің саны көбеюде. Арнаулы сала мамандарының қабылдауына жазылудың қиындығы, айлап кезек күту сияқты мәселелер әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Мұның бірден-бір себебі маман тапшылығы. Оны шешу үшін облыстық әкімдікте медицина мамандықтарына бөлінетін гранттар санын көбейту туралы мәселе қаралды. Грант бойынша білім алған мамандар оқуын аяқтаған соң біздің облысымызға келіп жұмыс істейді. Осылайша маман тапшылығын шешуге болады”, - деді Татьяна Булгацевич.
Отырыста жастар мәселесі де сөз болды. Тақырып төңірегінде баяндама жасаған депутат Серік Манасбаев жастарды жұмыспен, тұрғын үймен қамту және жеңілдетілген несие беру туралы жаңалықтарды бөлісті.
–Былтыр облыс жастарын баспанамен қамту үшін «Жас Шаңырақ» пилоттық жобасы іске қосылған еді. Биыл бағдарлама атауы «Қостанай жастары» болып өзгеріп, әрі қарай жалғасуда. Бюджеттік салада еңбек етуші жастарға басымдық беріліп отыр. Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы азаматтар қатысады. Жұмыссыздың мәселесін шешу үшін облыс орталығында апта сайын жәрмеңке ұйымдастырудамыз. Бұл бастама «Жастарға жұмыс» деп аталады. Бизнес бастауға икемді жастарды қолдау мақсатында 2,5% пен жеңілдетілген несие берілуде. Мұның бәрі сайлаушылардың талаптілектерін орындау үшін қолға алынды, – деді Серік Манасбаев.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдап жүрген депутат Аруна Жақсағұлова көптеген нысандардың талапқа сай келмейтініне тоқталды. Әсіресе, кейбір көп қабатты тұрғын үйлерде пандустың жоқтығы мүгедектердің емін-еркін жүріптұруына кедергі келтіруде.
“Маған сайлаушылардан 15 өтініш келіп түсті. Оның сегізі шешімін тауып, қалғаны бақылауда. Өтініштердің көбі қаладағы инфрақұрылымдардың мүгедектер үшін қолжетімсіздігі, протездік жөндеу жұмыстарына жәрдемдесу, кәсіпкерлікке байланысты заң жобасына өзгертулер енгізуге қатысты. Сайлаушылар алдында біз мол жауапкершілік алдық. Тұрғындар көтерген мәселені уақытында шешуге барынша үлес қосамыз”, – деді Аруна Жақсағұлова.
Депутат Қостанай қаласындағы әуежайға амбулифт сатып алу қажеттігін де еске салды. Көптеген әуежайларда арбадағы мүгедектерді және өзі жүре алмайтын жолаушыларды ұшақ бортына мінгізу үшін арнайы амбулифт қолданылады. Біздің әуежайда ондай қызмет жоқтың қасы.
Бір мандатты округ бойынша сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Сотников өтініштердің орындалу барысы жайлы баяндады.
“Менің сайлау округіме «Қонай», «Ударник», «Красный партизан» шағын аудандары кіреді. Ондағы тұрғындарды қаңғыбас иттердің мәселесі алаңдатуда. Біз, арнайы жұмыс тобымен бірге қаңғыбас иттерге арналған орталыққа барып, жағдаймен таныстық. Ол жерде қаражат жетіспеушілігі байқалды. Ветеринария басқармасының бюджетіне түзету енгізіліп, бұл мәселе шешімін тапты”, – деді Е.Сотников.
Суреттер облыстық филиалдың баспасөз қызметінен алынды.