Халық ақынын еске алды

Халық ақынын еске алды

Әнуар Боранбаев атындағы кинотеатрда жерлесіміз, Қазақстанның Халық ақыны Қонысбай Әбілдің туғанына 70 жыл толуына арналған «Тұлпар ғұмыр» атты әдеби-жыр кеші көпшілікті тәнті етті.

Тағылымды кеште сан қырлы талант иесінің әндері шырқалып, өлеңдері оқылып, ғибратты естеліктер айтылды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров ақынның алыптар шоғыры дүниеге келген киелі жерден шыққанын, таяуда Астана қаласында мерейтойы республикалық деңгейде дүркіреп аталып өткенін тілге тиек етсе, ақынның туысы, ардагер ұстаз Сандуғаш Алматова, шәкірті, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев тарихи тұлғаның азаматтық, ақындық қырларына тоқталды.

Жас берен ақын Батырлан Сағынтаев арнау жырын төгілдірді. Ақын, ұстаз Бағила Балмашева Көкен Шәкеевпен айтысынан үзінді орындады. Кешті ұйымдастырушы кітапхана қызметкерлерінің күшімен ақынның «Бала махаббаты» әнінің шығу тарихы сахналанды.

Атақты Нұрхан ақынды пір тұтып, сара жолын жалғай білген аяулы ақын 36 жасында «Халық ақыны» атағын иеленді. Дүбірлі жыр додаларында туған жердің туын желбіретіп, әділдік пен ақиқатты жырына арқау етті.

Сөз сүлейі ардақ тұтқан халқына «Көршілер», «Жетпіс жетінің жігіттері», «Жадымдағы жазбалар», «Жылым жылқы, өмірім бәйге менің» атты кітаптарын мұра етіп қалдырды.

Кезінде Әселхан, Әсия, Есенқұл, Қатимолла, Шолпан, Тәушан сияқты хас жүйріктермен бірге елдің ыстық ілтипатына бөленіп, айтыс өнерінің мәртебесін аспанға көтерді.

Ең алғаш Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық тойына арналған жыр сайысында жасындай жарқырап, дүйім елге танылды. Ол айтысқа өзінің сазымен, ойнақы назымен келді. Оның “Әй-әйі” естілгеннен – ақ дүйім ел қол соғып, қошемет көрсетуден жалықпады.

Жадыра Құтжанова, Гүлнәр Қалқаева, Айбек Қалиев сынды елге есімдері танылған шәкірттер тәрбиеледі. Он жеті жыл бойы үздіксіз жыр додасына қатысқан айтыскер, отыздан астам ән мен күй шығарған сазгер, сатирик – жазушы, қаламы жүйрік журналист Қонысбай Әбіл бір басына бірнеше өнерді дарытқан дархан талант иесі еді.

«Қонысбай ағаларымыз бастаған толқын кеңес заманының өзінде тіл туралы мәселелерді, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін көтеріп, сонысымен халыққа танымал болды. Торғай төсінде Шақшақ Жәнібек батыр бабамыздың 300 жылдық тойында оқушы ақындар іздеп барып таныстық. Ағамыз содан бастап, бізді қанатының астына алып, тәрбиеледі. Біз де Қонысбай ағамыздың ізіне еріп, әлеуметтік, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді айтысқа шығарып, соның арқасында елге танылдық», – дейді шәкірті Айбек Киікбайұлы.

Әсерлі әдеби кешті қалалық «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Алмагүл Жұмабаева қорытындылап, ақын ізбасарларына естелік сыйлықтар тарту етті.

 

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу