Гүлзарларға гүл егілді

Гүлзарларға гүл егілді

Биыл Арқалық қаласы бойынша «Таза – Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында үш мыңға тарта ағаш көшеттері отырғызылды.

Қаладағы барлық мекемелер мен ұжымдар, студент-жастар белсенді ат салысып, қаланың басты көшелеріне, саябақтар мен скверлерге, үй аулаларына ағаш екті.

Енді, міне, қаланы одан әрі көгалдандыру үшін жылдағыдай халық көп жиналатын көпшілік қоғамдық-мәдени орындарға әсем гүлдер егіліп, тиісті орындар оның күтіп-баптауына мол әзірлікпен кірісіп кетті.

Тұрғылықты жердің тазалығын сақтау, көркейту әрбір адам баласының табиғат ана алдындағы перзенттік борышы. Жас өскіндер күтімі болмаса жайқалып өсе бермейді.

“Біз биыл бұл іске мұқият кірісіп отырмыз. Алдымен гүл отырғызатын орындарымыздың топырағын қопсытып, оған өзен жағасынан таза құм әкеліп араластырдық. Үстіне қара топырақ салып, жерді әбден тыңайтып барып гүлімізді ектік. Бұл жылдағыдай мемлекеттік тапсырыс аясында қолға алынып жатқан шаруа. Қаламыздың әкімі Әмірхан Біркенұлы абаттандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.Қазіргі таңда саябақтар мен халық демалатын алаңқайларға егілген ағаштар мен гүлдердің күтіп-баптауымен арнайы айналысатын адамдарымыз бар. Біздің мекемеміз, «Тазарту-Арқалық» ЖШС және «Жасыл ел» жастар жасағы жаз бойы қала тазалығын қадағалап, ағаштар мен гүлдердің уақытылы суарылуын, дұрыс өсуін қадағалайтын болады. Оның сыртында қала әкімінің тапсырмасына сай бекітілген ұжымдар қоғамдық орындар мен жол бойындағы шөптерді орып, тазалық жұмыстарын ұдайы назарда ұстайды. Біз шөп шабу жұмыстарына қажетті құралдарын әперіп, әр мекемеден екі адамды жауапты етіп белгілеп қойдық», – дейді қала әкімдігінің шаруашылық бөлімінің басшысы Асхат Хасенов.

Тұрған жерінің гүлге бөленіп тұрғанын қалайтындардың бірі – қала тұрғыны Толқын Сапарбаева. Теміржол саласында жұмыс істесе де бос уақытында қаланы абаттандыруға үлес қосқысы келіп тұрады. Ұзақ жылдар бойы гүл өсіруді өзінің сүйікті ісіне айналдырған қала патриоты гүл егу науқанына білек сыбана кірісіп, мол тәжірибесімен бөлісуде.

Қаланы абаттандыруға күш сала кіріскендердің қатарында ұзақ жылдар бойы әкімдіктің байланыс саласын қамтамасыз етіп жүрген Арғынғазы Қоңыршаұлы сынды азаматтар да бар.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ 

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу