Гүлден ӘЗІЛБЕК. Әңгімелер

Гүлден ӘЗІЛБЕК. Әңгімелер

Қараусыз қалған қара шал

Бұл күнгі қар жерді бауырына басып жатқан аққудың қанатына ұқсайды. Жапырақсыз сидиған ағаштарды басқан қырау еріп, суға айналып тамшылап тұр. Күннің өткір сәулесі күміс қарға шағылысып, көзіңді ұялтады. Той десе қу басы домалаған ел ағылып, Алпысбай қартттың үйіне келіп тірелді.Алпысбай қарттың үш ұл, үш қызы бар-ды. Үш қызын ұядан ұшырып қяға қондырып, ұлдары Әлібек пен Жәнібектің бастарын құрап , отауын тігіп, бөлек шығарып бір міндетінен құтылып жеңілдеп қалған-ды. Енді міне, кенже ұлы да үйленіп, келіні келіп, оң босағасы қызарып жатқан шағы. Қария өзі көп жыл мектепте директор қызметін атқарып, зейнетке шыққанына 4 жылдың жүзі болған. Кемпірі осыдан он үш жыл бұрын дүниеден өткен. Содан бері балаларына әке орнына әке, шеше орнына шеше болып қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағып ер жеткізді. Енді міне, көк тамырлары білеуленіп сыртына теуіп, барлық буындары қисайып, жетпіс жасы желкеден алғанда кенже ұлының парызын өтеп үйлендіргеніне мәз болып, үлкен ұлы Әлібектің қызы, немересі Аяулымды, алдына алып, шоқша сақалын салалап, келген қонақтарына буылтықтанған шадыр саусақтарымен қол алысып амандасып қарсы алып жатыр. Өз кезінде кедей-кепшікке жақыннан жәрдемші болып көп қарайласқансоң, бәрі де алдынан кесе көлденең өтпей, бұл кісіні қадірлеп, сыйлап, құрметіне тойында жиналған ел де көп. Күнді батырып торқалы той мерейін асырып, тамашалап ойнап-күліп разылықтарын білдіріп, көзді ашып-жұмғанша тойды да аяқтады.

Кәрілік деген дауасы жоқ дерті алқымдап, көкірегінің қырылы көлік гүріліндей естілетін. Оң қолына немересін, сол қолына таяғын сүйеу еткен қарияның бағына орай қарабайыр қараша үйдің тәрбиесі сіңген, қарапайым әрі момын келін жолықты. Күні бойы зыр жүгіріп атасы мен жарының көңілін табуға тырысып, ыстық тамағын әзірлеп, кір киімдерін жуып үтіктеп, үйді айнадай етіп жарқыратып, бәріне майдай жақты. Алпысбай қарт та келініне разылығын білдіріп, зейнетақысы түскен сайын қолына молынан ақша беріп отырды. Бұрын ауылда өсіп, бұндай ақшаның пұшпағын да көрмеген келінінің жүзі жайнап, көзі ойнап, ақша берген сайын көшеге барып  базардағы мынау өзгеше түс алған дүниеге қарап, ақшасын қалай жұмсарын білмей, әрі-бері аралап, көзіне қызық көрінгенін алып қайтатын. Осылайша көшелі көрініске бет алып қай-қайдағы қулық сұмдықты өзіне сіңдіре бастады.Енді атасына жақсы көрініп көп ақша алудың айласын жасап, қолынан келгеннің бәрін істеді. Тіпті «қажетіңе жұмса» деп берген ақшасына атасына киім алып, жанындай жақсы көретін немересі Аяулымға да ойыншықтарын алып беріп ағынан ақтарылды. Бұның бәрін көзімен көріп, көңіліне тоқып жүрген абыз қарт бір күні шай үстінде келініне:

-Сен түскелі екі жылдың жүзі болыпты. Осы уақытқа дейін бетімнен алып көрмепсің. Қарттың да, баланың да көңілін тауып жүрсің. Жалғыз мен емес, бүкіл ел мақтайды: «Бағыңыз бар екен, ата. Көп жыл жалғыздық көріп қиналған едіңіз. Енді сол қиындықтың артындағы жеңістің жемісін көріп отырсыз. Келініңіз жақсы, – деп айтатын. Айналайын, тіл көзден сақтасын. Мына зейнетақы картамды саған толықтай берейін. Үйдің иесі өздеріңсіңдер, маған керегі де жоқ», – деді. Содан бар билікті қолына алған келін арада ай өтпей жатып, өнерін шығарып, дым көрмеген адамдай ақшаға, қу дүниеге қызыққаны сонша қозының қарнындай ғана қарны бар Аяулымға да тиісіп, екі көзін бақырайта:

-Ей, қыз! ананы-мынаны былықтырып енді үйге келуші болма. Арамтамақ, жатып ішер болмай, келсең бір ішерге су, жегеніңе жемтігіңді ала кел, – деді. Бұл сөздер немересінің бал тілі құлағына әбден сіңіп, сәбиінен өз қолында өскен Алпысбай қартқа оңай келіп тимеді. Ол, ол ма, уақыт өте келе ұйқысынан тал түсте тұрып, жүнін жұлған бақсыдай шашының алба-жұлбасы шығып, ұялмай есінеп-құсынап, бір шайын әрең әзірлейтінді шығарды. Одан қалса тұра салып көшені беттеп қарнын сырттан тойғызып келіп басқаларда шаруасы жоқ қайта ұйқыға кетеді, кейде үй бетінде көрмей  бір кетсе, молынан кетіп жоқ болады. «Жуастан жуан шығар» деген осы ғой, күйеуін де өзі билеп алған. Байқұс ақ бұйра сақалды, қасының бір қанаты өрге шаншыла қайқайып, енді бір қанаты салбырап құлай біткен, ожар қабағы түскен қарт жолдарына қарап, темір орындықта күні кешке дейін телміріп отырумен болады. Ел аузында: «үш  ұлы бола тұра, әкесіне қарамай кетіпті», – деген өсектер гулеп жүр. Ел аузындағы қаңқу сөздерге үлкен ұлы Әлібек намыстанды ма екен, інісі үй бетін көрмей кеткен соң, әкесін өз үйіне алып келеді. Үлкен келіні атасы келе салысымен, сәлем де салмай, қабағын шытып, қара сұр жыланша жерге шаншылып тұра қалып, атасының алдын орай кес-кестеп сөйлей жөнелді:

-Өз обалы өзіне. Қолындағы барын: «ойбай, кенже келінім», – деп жаны шығып кете жаздап, Сайраштың қолына ұстатып еді. Мына немересіне де дым татырмай, сол Сайраш оңдыртты ма? Енді екі ортада сумаңдатпай, апар қайдан әкелсең сонда, – деп Әлібекке зекіді. Әлібек те қарап тұрмай, дүлей мінезін танытып екі бүйірін таянып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып тұрған келіншегі Арайдың бетіне шапалақпен оңды-солды екі тартып:

-Жап аузыңды, бұл менің әкем, осы үйден басқа ешқайда бармайды. Сенің қалың жабайы туысың үйге қаптап келгенде мен бірдеңе дедім бе? Жақсылап шай-тамағын әзірлеп қарайсың, ұқтың ба? – деп үйді басына көтеріп айқайлады. Көңілі азапқа толы, жаны жаралы қарт жүрегі езіліп, ытқып шыққан нілді тамшылар жанарынан тамып кетті. Бұрын-соңды басынан қаншама қиындықтар өткізсе де, дәл мұндай еріксіз жасқа кірпігі шыланбаған. Бүгінгі келінінің тегеуріні жанын азаптап, тірідей қара жерге көмгендей күй кешті. Екі шапалақ жеген Арай тәубесіне келді ме? Жоқ. Әлібек екі шапалақ ұрып, отқа май құйып оны өршітпесе, жөнге сала қойған жоқ. Ұрғанға көнсе, бір ауылды шулатып жүрген айтқанынан қайтпайтын Арай, Арай бола ма? Әлібекке бата алмаса да, оның есесін әкесінен алды:

-Ей, қақпас, өле алмай қалтылдаған күйіңмен отбасымыздың күлін көкке ұшырғалы жүрмісің? Ана үй, мына үйді тіміскілемей, бір орында жатпадың ба? – деп әкіреңдеді. Байғұс шалдың еттері қашып, бет терісі салбырап салпиып кеткен күйі иегін екі қолымен тіреп, келінімен сөз таластыруды жөн көрмеді ме, бәрібір айтсам да тыңдамас деді ме, бір ауыз тіл қатпады. Бала көңілі кіршіксіз ғой, шіркін, сегіз жасар Аяулымның миындай да ми жоқ-ау мыналарда. Аяулым бір күні сабақтан келе салып, екі көзі жәудіреп отырған атасына бірден келіп хал-жағдайын біліп, шай тамақ ішкен-ішпегендігін сұрайды. Атасы да жасырып: -иә, құлыным, ішіп алдым деп алдайды. Алайда атасының өтірік айтып тұрғанын біліп,шешесі үйге келгенде: – Атасына неге күні бойы аш өзегіне түскенше шәй тамақ бермегенін сұрап маза бермейді.Шешесіне сол сұрақтың өзі дау дамайға түрткі болады да , қаршадай қызын аузына келген боқтықпен боқтап , сол ашудың буымен есік алдында еш кінәсіз қолдары дірілдеп көк темекісін тұтатып өзімен-өзі отырған қаусаған қара шалды жерден алып жерге салып : -Мұрныңды құрт жеп бара ма, қақпас? – деп темекісін жұлып алып лақтырып жіберді де: – өз баламды қас жау қылып өзіме айдап салып, түк білмегенсіп отыруын қарай көр бұның. Келгелі берекетімізді алып, тынышымызды кетірдің, – деді.

-Келін-ау, қайбір ата-ана балаларын жаман болсын дейді? Мына жасымда сендерге ауыр салмақ салып қайтем? Берсең бергеніңді ішіп отырудан басқа не жазығым бар? Асарымды асап, жасарымды жасадым. Қарағым, енді қанша сендерге әуре болар дейсің? – деді.

-Айтып отырған сөзін қара. «Құзғынды құдай алмайды» деген, әр адам өз мінін өзі білер ме? Әуре болып жүріп, әуре болмадым деуін… Шаршаттыңдар әбден, – деп қақпадан шығып кетті. Анасы шығып кеткенсоң өзінің шұлығын әрең жуатын Аяулым атасының кір болып кеткен жаға-жеңін көріп, жаны ашып, тасбауыр анасынан қайыр келмейтінін біліп, әйтеуір суға малып судан алып езгілеп езгілеп суында сығуға шамасы келмей кір суын ағызып салақтатып жайып қойғаны сол еді, есалаң анасы келіп, жұлып алып атасының алдына лақтырып жіберді :

– Қаршадай қызды жұмсап ұялмайсың ба? Ертеден-ақ қарттар үйіне апарып салу керек еді бір балаңа сүйкімің жоқ сыймай жүргенің мынау, -дегенде қарт жүрегі босап кетіп, жасаураған жанарымен жапақтай қарап:

-Е, балам-ай, өзің біл, қарғам. Мен бір бағы қайтқан сорлымын. Ақылға тұғыр отбасынан орын қалмаған қу түбірмін. Анауың теріс, мынауың дұрыс дей алмаймын. Сен де анасың, балаңа көрсетер үлгің осы болса, бір күндері сен де қартаярсың. Бірақ менің күнімді ұрпақтарым сендерге бермесін. Сендер апарудан бұрын қайда кетсемде өзім кетейін. Жұрттар балалары қарттар үйіне апарып тастады демесін, – деп қария неше ұмтылып орнынан тұрмақшы болды, тұра алмады. Даладағы орындықта ұзақ отырып суық қарыстырып, астынан сыз өткізіп, сіңірін тартыстырып алған ба, буыны кетіп, әл-қуатын жинай алмай, жетесі қатты бәкідей бүктетіліп қалған буындарын жазып, таяғына сүйеніп артына қарайламастан кете бергені сол еді, Аяулым да үйінен атып шығып анасына қарап:

-Анашым , мен атамның баласымын. Атам кетсе, мен де кетемін, – деп жүгіріп барып, атасының мойнынан тас қылып құшақтап еңіреп қоя берді. Немересін бауырына басып тұрған қарт та бордай босап егіліп отыр:

-Айналайын, балапаным менің, қуаныш пен шаттықтың қарлығаштары сендер аман болыңдар, анаңның көңілін қалдырма, бар, – деп сол қатігез анасын құптап шерлі көңілдің шерін ағыл-тегіл ағызып екінші ұлы Жәнібектің үйіне бет алды.

Машинадан түсіп, түйе өркешіндегі жаздай ырғалып, шидей аяғымен жыбырлап, жылжып Жәнібектің үйінеде жақындап қалды ендігі үміті қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай өсірген осы ұлында еді. Бірақ әттең бар үміті тасқа құлаған шыныдай быт-шыт болды, ұлының үйінде толған қонақ, қарт өзіне сұқтана қараған көп көзден қысылып ыңғайсызданып қалды. Қонақтардың ішіндегі біреу Жәнібектің әйелі Мадинаға айқай салды:

-Мадина, үйлеріңе бір қарт кісі келіп тұр. Кім екенін біліп келейін, – деп қасындағы әйелдерге ымдап үйге кіре беріңдер дегендей қылып қарттқа қарай беттеді, алба-жұлба киінген, сұрқы қашқан атасын бірден таныды  бірақ әріптестеріне атам деп айтудан ұялып қуып жіберудің айласын жасамақ болғанда, бір әріптесі артынан келіп әй неге қарап тұрсың қасыңдағы кім?  Үй иесімен көрікті кірсеңші үйге, – деді.

– Өзімде танымаймын бір қайыр тілеп жүрген қайыршы ғой.

-Ааа, былай де, заман не болып бара жатқанын білмейсің, үлкенді-кішісі қайыр тілеп қаптап жүр, мына қартты қарайтын ұл қыздары жоқпа екен ә? – деп жаны ашып қалтасынан сылдырлатып қалың теңгесін алып ұсынды  .

Қарт кемсеңдеп көзіне жас алған беті ақшаны алғанда жоқ, жер бауырлай отыра кетті. әріптесі аң-таң, ал Мадина болса сырым ашылып қалама деп қыпақтап әріптесіне үйге кір, мен Жәнібекке айтайн бұл кісінің бір жері ауырып тұрған шығар мүмкін үйге сүйеп кіргізсін, – деді де, қой сойып бас сирақ ұйтып жатқан Жәнібекке барып біреу естіп қоймасын дегендей жан-жағына жалтақтап сыбырлай сөйледі.

-Әкең келіпті, түрі сондай ұсқынсыз, әріптестер әкесіне қарамайды екен түрін қара демесін деп атам екенін жасырып, адасып жүрген біреуғой деп қойдым әзірше, енді сен ретін тауып бүгінше қайтарып жібер, қонақтар кеткенсоң екеуміз машинамен барып алып келіп қараймыз жарайма жаным, – деп алдаусыратып қойды. Әйелінің қиылып тұрған бейнесіне балқып:

-Жарайды жаным, ол жағын маған қалдыр, – деп әкесіне қарай келді, әкесінің бейнесін көріп бірден кетіріп жіберуге батпады, алдымен амандасып әкесінің көңілін орнықтырмақ болып орнынан сүйеп тұрғызып керексіз заттар қойған қоймаға қарай бастап алып келді де: «мен жұмыс жайымен бастықтты әріптестерімді қонаққа шақырып едім, жалақымды өсіріп қалама деген ниетпен. Қонақтарға арнап қойды да сойып, тамақты да дайарлап  қойғанбыз, дайын болғанда шақырамын, оған дейін сіз осында тынығып алыңыз, жол шаршатқан шығар, – деді. Әкесі ұлына қарап бірдеңе дегісі келіп еді, ұлы аузын аштырмай тастады, – мен қазыр сізді тыңдауға уақытым жоқ, қонақтарды жолға салғансоң көсіле отырып әңгімелесетін боламын, –  деді де шығып кетті. Мадинаның жанындағы әріптесі: «ой Алла-ай! Жәнібек қандай керемет жігіт ана қайыршы қартқа амандасып үйіне дейін бастап ертіп кіріп қамқорлығын танытып жатыр», – деп үй толы адамдарға сөз етіп жатты, мұны естіген Мадина миғынан күліп мәз бола сөйледі:

– Ой біздің Жәкең қатты көңілшек қой, бәрінің қамын ойлап жүреді, қолындағысын аиямайды, – деп мақтанып отыр еді, үй ішіндегі бір әріптесі: – болды біз Жәнібектей бай таппаспыз, айта берме қызғанышымды одан армен үдетіп, әйтпегенде Жәкеңеңнің басын айландырып өзім тиіп аламын, –  деп еді, үй ішіндегілер қыран жойқын күлкіге батты.

– Мадина, қызарақтап кірерге жер таппай қалды. Осылайша бірін-бірі қалжыңмен қағытып отырғанда, исі аңқыған табақ-табақ жаңа сойылған жас қойдың еті тартылып, асқа бата беріліп, буы бұрқыраған ыстық сорпа құйылып жатты. Керексіз зат қойылған қоймада Жәнібектің әкесі еттің исіне бөгіп қазыр шақырып қалар деген ниетпен іштей асқа деген жаңа батасын ойласып отрды, алайда шақырған ешкім жоқ, қарттан басқасының бәрі ас-суын ішіп  ду-ду күлкі құшағында ұзақ отырып тарқасты. Бөтелкені тіктеп қойып шарапқа әбден қанып бастары зеңгіген Жәнібекте Мадинада бастарын жастыққа қойып терең ұйқыға кетті. Ал, Алпысбай қарт түрме іспетті тап-тар бөлмеде тынысы тарылып, бір жағынан аштық жайлаған ішектері шұрылдап белгі беріп төзімі таусылған соң орнынан жылжып есікке беттеді, қауқарсыз саусақтарымен есікке жармасып еді, есік сыртынан  құлып салынғаны белгілі болды, қанша тартқыласада ашылмады. Құлыпты келіні Мадина салған еді, өйтетін себебі қонақтарының алдында байқаусызда келіп қалса танитындар болып, сырының ашылып қалуынан алаңдап бір жолата шыға алмастай еткендегісі. Қартқа енді бұл үйден шығып кетудің өзі мүң болды, ары отырып, бері отырып, әлсін-әлі есікті бар пәрменімен тартқылап оғанда болмағансоң дыбыс шығаруға бекіді, бар даусымен:

– Жәнібек, әй Жәке! барсыңба есікті аш, – деді. Бірақ, қанша айқайлағанымен өліп ұйқтап жатқан ұлы ести қоймады. Алайда, қыбыр еткеннен елең ететін сезгір Мадина ол дыбысты да қағыс қалтырмады,  дереу атып тұрып дыбыс шыққан жаққа қарай беттеді де кешегі атасын қамап тастағаны есіне түсіп дереу кілтін алып келіп есік ашып:

-Немінеңе айқайлайсың жабайы қайуандарша, мынау саған ауыл емес, қала тұрмысын білмеген бейбақ. Сені кім шақырды, не бар еді бұл жақта, тыныш жатпадыңба үйреніскен жеріңде, қайдан келсең сонда кет, біз жақында жұмыс бабымен шетелге кетпекшіміз бөгет болма, тағы айтарым ана ұлыңның мазасын алып қайта-қайта келіп миын жей берме онсызда аз миын, – деді. Қарияның басы салбырап, өңі қуарып:

-Еһ, елге сыйлы болғаныңмен ұрпағыңа сыйя алмасаң қиын-ақ екен ғой, жақсы, мен кетейін жұмыстарыңа кедергі болмайын, жақсы болсын жаман болсын ұрпақ деген ұлық қой, қай жерде жүрсендерде аман болыңдар, – деп қарт жүрегі күрсініп:

– Келін-ау! бір өтінішім бар еді, менде қартайдым енді қанша жас жасарымды кім білсін, осы кеткеннен кезігеде алмаспын ұлымды көре кетсем айтар сөзім бар еді, – дегені сол еді. Келіні сөзін бөліп іліп әкетті:

– Жаныңды алып бара жатқан ешкім жоқ, кімнің өліп кімнің қаларын бір құдайдың өзі біледі. Не нәсихат, не өсиет айтайын деп едің, ол тыңдағысы келіп әкелігіңді білсе өзі-ақ келер еді, үйде отырғой, көргім жоқ өзің барып жолға салып жіберші деп бұйрық беріп. Енді ондай ұлыңа не айтайын деп тұрсың, – деп кетіруге асықты, өйткені ұлына жолықтырса атасы үйлерінен кетпей қояма деп алаңдады. Қарт балларым кішкене кездерінен анасынан айырылды осыларға анада, панада болып бәрін оқытып жеткізіп едім. Енді қартайғанда тондай тозып тоқымдай қадырым қалмағаныма деп іштей өзін жегдей жеп артына бұрылмастан қақпадан шығып кетті. Арлы-берлі қайшалысқан көшеде көп жүріп кештіде батырып қайда барарын білмей аялдамада отырғанда Автобустан бір еңгезердей қара жігіт түсіп қарсы алдынан жылы жүзбен қолын беріп амандасады. Алпысбай қарт кім екенін білмей аң-таң күйде қалады.

– Ой аға Сіз мені танымадыңыз ғой, сіз екеуміз бір ауылданбыз ғой, мен әлгі Сізбен бірге ұстаздық міндетін атқарған биология пәнінен сабақ беретін  Бақтиярдың баласымын, Сізде маған математика пәнінен сабақ бергенсіз. Есіңізде қалмаппын-ау, есіңізде қалмайтында жөнім бар, әкем қайтыс болғаннан соң екі жылдан кейін  жұмыс бабымен осы қалаға  көшіп келдім, содан бері де оншақты жыл болыпта қалыпты. Бұл жергеде үйренісіп қалдық. Бірақ, өз туған жеріңдей қайдан болсын, туған ауылым көзіме оттай басылады, жылына екі-үш рет балларды алып барып сол жақтағы тустарымды аралатымын алыста жүріп жат болып кетпесін деп, бүгін сізді көріп ауылыма бір барып келгендей болып отырғанымды қарашы, меніңде әкем тірі болса қандай жақсы болар еді, жүріңіз екі-үш күн біздің үйде болыңыз, үйде анам бар Сізбен өткен кеткенді айтысып бір жырғап қалатын болды ғой, – деп қуанып кетті. Қайда барарын білмей есі ауып тұрған қарт, өз ұлдарынан көрмеген опаны ауылдасынан көріп іштей толқып кетті.

-Жүріңіз, автобуста адам көп, деміңіз қысылады, сол үшін жеңіл көлікпен бара салайық, – деп аялдамадан өтіп барып такси тоқтатып жаны қалмай жалбақтады.

Тәксигеде мініп зымырап келеді.

-Сіз мұнда ұлыңызбен қызыңызға келіппе едіңіз? Қарт недерін білмей сасып қалды, әйтеуір жауапсыз қалмасын деп. Иә, иә, ұлымның үйіне келген едім, – дей берді.

– А, былай деңіз, қызыңыздың үйіне әлі бармаған болдыңыз ғой?

– Қызыңыз деп таңырқай қарады қарт, қызым бүл жерде емес, бір ұлым осында ғой Жәнібек деді.

-Ааа, Сізге айтпаған болды ғой, менімен жасты үлкен қызыңыз Назерке осында ғой көшіп келгеніне бірталай уақыт болып қалды, күйеу балаңыз біздің бастықтың машинасын жүргізеді, қызыңыз Назерке бастауыш мектебінде оқытушылық жұмысын атқарады, оқыған адам әйтеуір бір жерден шығады дегені рас қой, қазыр құдайға шүкір тұрмыстары жақсы. Бұның бәрі өзіңіздің арқаңызғой деді.

– Жақсы болған екен. Үйлері қайда сонда, сендердің үйге жақынба?

– Жоқ, Сіз ауылға қайтуға асығыс емес шығарсыз, алдымен біздікіне барып қонақ болыңыз, содан кейін қызыңыздың үйіне өзім жеткізіп салам ғой, – деді. Осыншама әңгімелердің жетегімен үйгеде бірдемде жетті. Бара салысымен-ақ жылы қабақ танытып, ет асылып неше түрлы тағамдармен дастарқан үсті толды, асықпай ішіп жеп, неше түрлі әңгімелер айтылып, ұйықтауға кірісті, өзі екі-ақ бөлме екен, бірақ көңіл кең болса үйдің тарлығы тарлық қылама. Бірінде бала шағасымен енесімен келіні жатса, енді бірінде қарт пен жігіт жатты. Осылайша екі күн қонып үшінші күні қария қызының үйіне бара кетуді жөн көріп қайтудың қамын ойлап киімдерін реттеп жатыр еді, бұл үйдің балалары жүгіне жармасып қолынан тартып: «ата кетпеңіз, сіз кетсеңіз бізге ертекті кім айтып береді», – деп ботадай боздады. Балаларының қылығын көріп разы болған қарт:

-Ой ботақандарым атаң аман болса тағы келеді. Айналайындарым аман болыңдар, – деп қоштасты. Бұл үйден шығып бұрылма-бұрылма көшелерді кезіп, қызының үйінеде жетті, қыз бала қашанда әкеге жақын ғой, әкесін көріп қуанышы қойнына сыймай қарсы алып асты-үстіне түсіп күтті, үйлеріде кең үш бөлмелі үй екен. Бір уақытта жұмыстан күйеу баласы келді, есіктен кіре аузын болымсыз қыбырлатып амандасқанның ырымын жасады да, асқада келмей шаршап тұрмын, – деді де жатын бөлмесіне кіріп құлай кетті. Қызы әкесінің алдында күйеуінің қылығына қысылып қалды да, барып қанша шаршап тұрсаңда әкемнен ұят қой күнде келіп жүрген жоқ, қасына барып әңгімелесіп тамақ ауыз тисеңші, – деген еді сол-ақ екен, онсызда  сіркесі су көтермей жатқан күйеуі тырысып:

– Маған енді не қыл дейсің, үйге келді, тамағыңды бердің, одан басқа қандай сый күтеді, онсызда менің қандай адаммен араласатынымды білесің күнде бастықтармен қайда барсада бірге жүрем, қара байыр ауыл адамдарымен қандай әңгімем жарассын. Миымды жемей аулақ жүрші, – деді. Шытынаған күйеуінің мінезін білетін Назерке де ары сөз қозғамай, бөлмеден жәй шығып келе жатқанда алдынан қызы шыға келіп:

– Мама әкең бүгін қонама: – деді.

-Әкең дегені несі, нағашы ата деп айтсаңшы, әрине қонады.

– Мама онда ол кісі қайда жатады бір бөлмеде Сіздер, бір бөлмеде мен бір бөлмеде ағам жатады басқа артық бөлме жоқ қой?

– Қызым ,атаңа ағаң бөлмесін босатып береміз, – деп еді бағанадан үнсіз интернеттің қызығына түсіп ойынға беріліп отырған ұлы бөлмеден атып шығып мен ешқашан ешкімге бөлмемді босатып бермеймін, берсең өз бөлмеңді немесе қызыңның бөлмесін бер, – деп еді, мына жақтан қызы шәбелеңдеген күшіктей, – менде бере алмаймын бөлмемде ауылдың исі сіңіп қалады, – деп шырылдады, Назерке балаларының қисынсыз қалығына шыдамай кетіп шапалақпен екеуін екі тартты, сол-ақ екен дүлей күйеуі атып шығып, – балларға неге қол жұмсайсың, – деп Назеркенің өзіне оқталып келіп, бетіне шапалақпен оңды-солды қолын сілтеді . Осының бәрін көзбен көрген қарт көңілі қалып, одан арман шу шығармай кетейін отбасылары тыныш болсын деген ойға келіп:

– Балларым, үйлеріңе қалаға көшіп келді деп естіген соң келмей кетсем тағыда ренжімесін жағдайларыңды білейін, бір жағы немерелерімді көріп  иіскеп кетейін деп келдім, келе салысымен күттіңдер, ішіп жедім осыдан артық сый болама, көңілдеріңе рақмет! Қонуға уақытта жоқ аулға қайту керек, – деп қызымен де қоштасты. Қартайғанның, қайрат қайтқанның қасіретін тартқан қарт әбден қажып, енді басын қай жаққа бұрарын білмей ойланыста қалды, ұлдарым деп еді ұлдарының түрі анау болды, бір әйелінің сөзінен аса алмай ынжықтығын көрсеткен, қызым деп еді қызының жағдайы мынау болды, ендігі қалғаны екі қыз, оның бірі өзінің жағдайы мәз емес, енді бірін қанша жоғарлатып оқытсада өзінің таңдауымен бір малшы отбасына тұрмыстанып  мал соңынан еріп қиыр-шалғайға кеткен. Енді не болсада аулдағы кенже ұлының тастап кеткен төрт қабырғалы тіз қатар тізілген қуыс-қуыс бөлмесі бар  басқа тірі пенденің дыбысы білінбес үйіне қайту ғана қалды.

Жол ұзақ мақсатсыз даланы кезіп, қарт көңілі бәріненде безініп ауылдағы үйіне де келді, есіктен кіре бере үйіндегі болып жатқан өзгеріске таңдана қарады, үйдің алдында ойнап жүрген балалар, будақтаған түтін, жан иесі барлығын білдіріп тұр, қартта қуана кенже ұлыммен келінім үйге келген екен ғой деп адымдай басып кіріп келді, бірақ әттең тәтті қиялы бұлбұлдай ұшты, үйдің іші толған бейтаныс адамдар, жөн сұраса келе бейтаныс адамдар бұл үйді сатып алғанындарын, жаңадан көшіп кіріп жатқандарын айтты. Қарт байқұс енді қайтсын кері шегініп басар тауы барар жері жоқ қаңғып қала берді.

Алыс жолда атың өлмесін, қартайғанда қатын өлмесін! деген осы шығар, мүмкін кемпірі бар болса да осы үйдің түтінін түтетіп отырарма еді, кемпірі өлгенде өгей ана өгейлігін жасайды ғой, осылар жасымасын, ешкімнен қақбайлау көрмесін деп екінші рет үйленуден бас тартып балаларын жалғыз өзі жарғақ құлағы жастыққа тимей, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіргені осы болдыма?! Еһ! дүние-ай! қарттың не жазығы бар еді қараусыз қаңғырып қалардай …

 

Бір кем дүние

Мөлдір аспанның көмескі көк жиегінен асқан күн төмен қарай жылыстап батып барады. Артынан іле– шала шыққан қара қошқыл бұлт пен оқтын -оқтын соққан жел гуілдеп тұр. Бейне адам санасы болжай алмастай бір қыбырды сездіріп тұрғандай. Дәл бүгін Айжанның өмірлік серігі Мұраттың туған күні еді. Айжан сол үшін Мұратқа жұмыстан ертерек қайтуын өтінген. Қарбалас жұмыспен жүрген Мұраттың өз туған күні ойында жоқ, Айжанның ескерткені есіне түсіп, көлігінің жылдамдығын асыра түсіп үйіне бет алған.

Айжан Мұраттың жақын араласатын достарының басын қоспаққа дастарқан әзірлеу әбігерімен жүрген. Дәл осы сәтте қоңырау үні шыр ете қалды. Айжан қалыпты дағдысымен асықпай тұтқаны көтерген. Көк желкесінен қасқыр ұлығандай түршігіп, ашық жүзі қуарып сала берді. Сасқан қалпы тұтқаны тастай сала, апасына ұмтылды. Мұраттың аудандық емханаға жедел жәрдеммен кеткенін асып-сасып айтқан күйі, баласын ұйіне қалдырып, өзі емханаға тартты.

Мұратың ауылы мен көрші ауылды тұтастырып тұрған сайтан көпір бар еді. Ол арадан бейуақытта жүрген жолаушылар жығылып, сүрініп, не қаза табушы еді. Міне, бүгін Мұрат та сол көпірден жазым болды. Дала да сұрқай, зеңгір аспан да қара қошқыл бұлттың әсерімен жылап тұр. Айжан ауруханаға жетіп арлы-берлі өткен медбикелерден жарының халін білмек болып, жабыққан жүзімен қарлыққан үнімен тіл қатты.

-Мұраттың зайыбы едім, жағдайы қалай?

– Ол әлі шұғыл құтқару бөлімінде, ота жасау керек, мынаған қол қойыңыз да, күтіп отыра тұрыңыз, – деп құжаттарды ұсынды.

Айжан қолын қойып мелшиген беті жерге үн-түнсіз отыра кетті. Дәрігерлер мұраттың өмірі үшін ұзақ арпалысқа түсті… Тастай қараңғы түн құшағы кейін ысырылып бозамық таңға ұласты. Адамның тынышын алып құлаққа тырс -тырс тиген беймаза жаңбыр тамшылары да тосылып далада да, жерде де, көкте де – бәрі тұнжырап салғырт тартты. Тіпті Мұратты қараған дәрігер де жаумен айқасқан жауынгердей қажып шаршаған бір халде таяп келді де, Айжанды бөлмесіне шақырды. Қарлығыңқы үнмен Мұраттың ауыр жағдайын баяндай бастады:

-Науқас ауыр жарақат алған, көп күттірмей есін жияды, бірақ екі не үш жыл салданған күйінде денесі жансыз жатады, біртіндеп хал-жағдайы оңтайланады. Қайта су ішерлігі бар екен, мұндай науқастар әдетте шұғыл құтқару бөліміне жетпей немесе ота сәтсіз болып қаза табатын. Егер жағдайларыңыз келсе, осында ем алғаны жақсы, – дәрілерін алып кетіп үйде күтім жасасада да болатынын ескертті.

Осыдан кейін Мұратты емдету үшін өздерінің маңдай терімен салған үлкен үйін саудаға салып, отбасымен едені түртпектелген, жан-жағы қоршалмаған, қандала мен құрт-құмырсқа қаптаған аң үңгірі іспетті таудың түпкіріндегі бір үйге көшіп кірді. Бұрын Мұраттың демеуімен жоқшылықтың не екенін білмей келсе, енді таңның атуы мен күннің батуының өзі бір қиыншылық болды. Күні кешке дейін ел қолында істеп күнді күнге, айды айға жалғастырды.

Арада алты ай өткенде Айжанның анасы келді, онсыз да Мұратты ұнатпайтын мына жағдайдан кейін тіпті одан безініп, құлағалы тұрған үйін көріп, шошып Айжанға қисынсыз қылық шығарып «әй, мынауың арғы беттің адамы ғой, тіпті қыбырсыз жатыр» деп жазықсыз жанының намысына тиер қылық көрсетті.

-Кезінде айтқам, қаусаған шал болса да дәулеті шалқыған Дабырбайға тисең ең бақытты жанның бірі боласың деп, елеген ескермегенде жеткенің осы ма? – деді табалай сөйлеп.

Дабырбай деп отырғаны малға бай болғанмен, ақылдан кенде, шық бермес шығайбайдың өзі. Ындыны ашылған керенау тартқан қырсықты әйелден-әйел алып, әйелден-әйел шығарып жүрген біреу. Кезінде анасы Айжанға «сені алса қолдан шығармайды, сен жассың әрі сұлусың» дегеніне көнбей Мұратпен көңіл жарастырып отау көтерген еді. Енді бетіне басып, «ананың тілін алмаған деген осы, өз бағыңды өзің тептің, шыққан қыз шиден ары не болсаң ол бол » деп кете берді. Әкесі болса қой аузынан шөп алмастың өзі болатын, анасы не десе ығына қарай жығылатын.

Күнделікті әдетінше Айжан жұмысынан шығып келе жатты, батыс жақтан ойнаған күннің соңғы нұры түгел сөніп, ай сәулесінің шымылдығы ашылып, құлазыған қуыс бөлмеге ғаламат рең береді. Айжан кешкі асын ішіп боп терезе пердесін жауып орнына келіп жатты. Бірақ мына үйге көшіп келгелі бері жатқан жері сыз суық, бір жағы жұмысы ауыр болғандықтан, реңі қашып, ауру сыр білдіріп жүр. Көзі енді ілінейін дегенде кеудесіндегі жыбырлаған жөтел мүлгіген ұйқыдан жанын жеп жұлып алардай мазасын кетірді. Түннің бір уағында кірпіктері зорға айқасып еді, күннің ерке сәулесі де ерегескендей есігіне ерте келіп түсті. Терең ұйқыдан әрең оянып, жұмысқа бармас бұрын Мұраттың дәрісін беріп, қол аяғына массаж жасамақ болып барғанда, Мұраттың қолының қозғалып қимылдап жатқанын байқап қуанғаннан жатырқап қалған жүректері жібіп сала берді. «Уақыт – ұлы шипа» дегендей, бұл отбасының осы күнді күткені қашан?! Айжан өзінің жағдайы мәз болмай тұрса да, тезірек жұмысқа барып жұмыс ақысына Мұратқа қуат болар дәрі әкелмек болды. Тез сауығып кетсін деген үміті ғой. Бір үйдің ауыртпалығы бір басына жүктелгелі Роза апайдың үйінің қызметшісі болып жалданған. Міне, бүгін  ұлын ертіп тағы келді. Роза апай да жаман адам емес-ті, жоғын жоқтап кейде жұмыс ақысын асырып беретін. Айжан бүгінгі жұмысын аяқтап, Роза апаймен қуанышын бөлісіп қайтпақшы болды. Кенет Роза апай «Тоқташы, мен алтын сақинамды стол үстіне қойып ем, сен оны қайда қойдың?» деп сұрайды.

Айжан көрмегенін айтты.

-Қалайша көрмей қаласың, мен анық сонда қойғанмын, мүмкін балаң балалықпен алған шығар.

-Жоқ, балам алмайды, ертіп келгенім бүгін емес қой, бұрында ақша, алтын, бағалы заттарыңыз шашылып жататын, бірде-біреуіне көз қызартып тиген емес.

Роза апайдың қопал беті бүлкілдеп, дала боранындай суық ажарын көрсетіп айбарлана «әкел сөмкеңді!» деп жұлып алып ақтарыстыра бастады. Айжан да өз намысын жібергісі келмей сөмкеге жармаса кеткенде, сөмке төңкеріліп ішіндегі заттар ақтарылып жерге түсті. Күн сәулесімен бірге көз ұялтып алтын сақина да сыңғыр етіп, екі домалап барып тоқтады.

-Даттағаным емес, әр нәрсенің ақиқатына жығылу керек. Мынаны қалай түсінеміз, менің сеніміме кіріп көзімді көлегейлеп, ең асыл затымды алмақ болғанын қарай көр, полицияға хабарламай-ақ қояйын, жолыңа түс, – деді Роза.

Айжан өзі шырғалаң торына түсіп кеткендей, тұңғиық мұңға батып жанын жаралаған сұрақтың жауабын тапқысы келгендей ұлына көзінің қиығымен қарап қойды.

Ұлы анасының бірдеңе сезіп келе жатқанын біліп бірде жүріп, бірде дәрменсіз күй кешіп, «Анашым, мені кешіресізбе, сақинаны мен алып ем. Жаңа апай қатты ашулы болғандықтан айта алмадым, әкем төсектен тұра алмайды, ал сіз бар ауыртпалықты көтеріп ауырып жүрсіз. Сізді емдеткім келеді, сол себепті алдым» деп сөзін артында айта алмай булығып, біреу аузын киізбен тұншықтырып тұрғандай күй кешті.

-Сеніп киген жейдеңнің сетінейтін кезі де болады, мен сені бір жол кешірдім. Енді қайыршы болып кетсең де ұрлыққа барма. Еңбексіз келгеннің адалы жоқ, – деп баласына байыптай қарады.

Сұрқай күз де сұғын қадап өтіп жатыр, қыс та келіп қалған, үйдің ашық жерлерінен суық ызғар емін-еркін кіріп аралап жүр. Әшейін қолында барда үйін таптайтын адамдар тобыры азайып ешкім де баспайтын болған. Бір тәуірі Мұрат десе ішкен асын жерге қоятын досы Қастер күн құрғатпай келіп қарасып тұратын. Бүгін де, міне, үйінің айналасын қоршап суық кірместей жөндестіріп жатыр. Өзі бір отыздың ортан беліне келсе де, риясыз бала сықылды адал. Отау тігер кезі болса да, қызға қисынсыз қырындаудан жасқанып әлі үйленбеген.

Қастердің бұл жолы үйін сылап жөндестіріп кетуі Мұраттың анасының күмәнін тудырды: «Өзі бойдақ жігіт, Мұраттың халі мынау. Осы менің келінімнің басын айналдырып жүр ме» деп ойын ашық айталмаса да, бұл жолы іштей құпия күндеп қойды.

Бір күні Қастер жұмыстан түсіп үйіне бара жатқан жолында жолшыбай Мұраттың халін біліп, үйіне соға кетуді жөн көрді. Ойында ештеңе жоқ үйге жақын келгенде байқағаны Мұраттың анасы самайынан бурыл шашы ақ орамалының жиегінен шұбалаңдап шығып есік алдында күйбелеңдеп шөмшек теріп жүр екен.

-Амансыз ба, апа, қалыңыз қалай? Мұрат қалай?

-Е, несін сұрайсың, Аллаға шүкір, менде де, Мұратта да аманшылық, өлім жақтан хабар келе қойған жоқ. Мына кеште сумаңдап не аңдып жүрсің? Айжан жұмыстан әлі түспеді, саған керегі сол шығар? Басқа не дейсің, жолыңа түс, бар! – деп кіжінді.

Қастер недерін білмей сасып қалды:

– Әжей, бұл не дегеніңіз?! Мұрат екеуміз бір ауылда туып, бір жердің суын ішіп, Бір құрсақтан бірге тумасақ та, бірге туған аға бауырдай болып кеткенбіз. Оны өзіңіз де білесіз, ағат түсінбеңіз, – деп ары қарай үлкен кісімен дауласуды ары көтермеді ме кетіп қалды.

Бәрі бәрін уақыт өз қойнына алып өтіп жатты. Мұратта да көкірекке сәуле шашардай бірде аяғына, бірде қолына жан кіріп, сүйікті отбасындағыларын қуантып жатты. Алайда Айжандағы өзгеріс бұған қарсы: барған сайын ауруы үдеп, әбден діңкелетіп жіберген. Әрине, баласы үшін анасы ауадай қажет қой. Анасын осы бір қолайсыз күйден құтқару үшін ойын сан-саққа жіберіп, қисынды қимылдың қисынын тапқандай, бір көмектессе Қастер аға көмектесер деп, Қастер ағасына келіп көңіліндегі запыран болған шерін ақтарыла төгіп, анамды емдетейікші деп жалынды. Жақсыда жаттық бола ма? Қастер де бар жағдайды естісімен Мұраттың үйіне қарай тартты. Жол шетіндегі сидам ағаштарда қыс қаһарына басын иіп мүлгіп тұр, қызуы жоқ қысқы күндегі есік алдындағы күреусіз қарды күрт-күрт басып, үйге кіріп келді. Оның көзіне бірден іліккені өмірі таяз судағы балық тіршілігіне ұқсас Мұрат және тынымсыз жөтеліп үй тынышын алып тұрған Айжан ілікті. Қысқа қайырым амандықтан кейін, Қастер Айжанға:

– Өзің жүдеп ауырып қалған көрінесің, отбасыңдағыларға мен қарайласып тұрайын, сен алаңсыз емделіп кел. Кеше жұмыстағылар көмек ретінде ақша жиып беріп еді, – деп қолына ұстатты.

Айжан бәсең үнмен күрсініп қойып:

-Тағдыр мені азаптың торына мықтап түсіріп алғаны сондай – ендігі жерде қол қусырып көне беруден басқа амалым жоқ, көңіліңе рақмет, – деп әңгімесін ары созып жатқанда, дүкеннен заттар алып келе жатқан Мұраттың анасы бейтаныс дыбысты құлағы шалып, кідіріп құлағын тіктеген еді. Қастер екенін тани кетті. Бар бойын ашу қысып, қалтыраған беті есікті серпе ашып кіріп келді. Ызаланғанда беті нарттай жанып, көзі ұясынан шығып кете жаздап, жайбарақат әңгімеде отырған екеуіне таяп келіп:

– Ә, бәлелер, отырыстарың жайлы болсын! Ұятсыздар! Сендерді өлтіру керек. Жо-жоқ, бір жола өлтіру жеңіл жаза, қинап өлтіру керек, өлтіру керек! – деп жерге шырт түкіріп, айбарланып тұр.

Ештеңені түсінбеген Айжан:

– Апа, не деп тұрсыз? Сабырмен айтыңызшы.

– Ой, қарғыс атқыр, лағынеттер, көз бояушылар, менің ұлым әлі тірі. Мақсаттарыңа жеткізейін екеуіңнің, жоғалыңдар көзіме көрінбей.

Қастер барынша түсіндіруге тырысты.

Бірақ оны тыңдайын деген Мұраттың анасы жоқ, қолын бір сілтеп теріс айналды да кетті.

Айжанда бір сұмдықты сезіп, Қастерге үндемей кетіп қалуын өтінді. Бұл үйге Қастерден басқа ешкім аяқ баспаушы еді, тіпті туыстары да ат ізін салмайтын. Енді тау етегіндегі жалғыз үй тіптен қаңырап қалды.

Мұраттың анасы сәл тынышталып алғасын, ескі әуеніне қайта басты. Айжанға бажырая қарап:

-Сен неғып отырсың өтірік ауыруыңды сылтауратып? Тағы да бір еркек шақырсаңшы. Бұл ауылдан қараңды батыр, бүкіл ауылға масқара атыңды шығарып, мені тірідей өлтірейін демесең кет әрмен.

Айжанның ойы астаң –кестең, тастан шапқан мүсіндей сілейіп қатып тұр, баласы екі ортада шырылдап жүр. Айжан заттарын жиыстырып, баласына:

-Қазірше тайып тұрайын, араға быраз уақыт салып апам да сабасына түскенде келейін, қазір бірдеңе болып қалмасын, тілін алып жүр, – деп көрші ауылдағы құрбысының үйіне тартты.

Бұл дүниеде дос сияқты көрініп, жылан сияқты шағатындар көп қой, бір-екі күн Айжанның асты-үстіне түскесін, одан ары жақтырмаған сыңаймен ауруы жұғады деді ме:

-Құрбым-ау, сенің жағдайыңды түсінем. Менің үйімде де ата-енем бар. Жалғыз мен болсам көңіліңді жараламас ем. Бірақ уақытша тұрамын десең, қалаға жақын жерде бір құрбымның үйі бар. Өздері жұмыс бабымен басқа қалаға көшіп кеткен. Ол жер саған да ыңғайлы: қаладан жұмыс тез табылады. Қаласаң, біз жеткізіп қояйық, – дейді.

Айжан барар жер, басар тауы қалмағасын еріксіз көніп, оқшаулап жетімсіреп қалды. Кең үй күні бойы жападан-жалғыз жұмысқа да жарамай қалған. Ендігі дүние оған шешіліп болмас жұмбаққа толы жалғандық пен қараңғылыққа қамалып, халі нашарлап, төсек тартып нәр татпағанына үш күн болды. Бар жақсылықты оның сор маңдайынан айырған қандай мейірімсіз күш екенін кім білсін.

Далада боран ұйтқи соғып ұрып тұр. Долы табиғаттың осы бір жүгенсіз күші адам жүрегін оятқандай қырын көрсетіп, дауыл алапатынан Айжанның бар қасіретті жұмбағы шешіп беретіндей. Айжанның есігін Мұрат та дамылсыз қағып, «Айжан, мен сені үйге алып қайтуға келдім. Анамның қателігі үшін кешірім сұраймын, есікті ашшы. Мен есімді жиысымен сені жоқтап келіп отырмын. Анам да, баламыз да келді, қалған әңгімені үйге барып айтайық. Есікті ашшы» – деп қаға берді. Пәлен күннен бері орнынан тұра алмай, аш өзегіне түскен Айжанның сезімтал жүрегі бұлқына соғып, бойын билеген бар іңкәр сезіммен бір серпіліп басын көтеріп: «Мұрат» деп бір тіл қатты да, құлап кетті. Осымен бар мазасыз қиыншылықпен, тынымсыз тіршілікпен – бәрі-бәрімен қош айтысып, балғын да сұлу денесімен, жасөспірім шақтың өзі арылмаған өңімен бәрінен азатпын дегендей алаңсыз жатыр.

Даладағы тынышы кетіп, үрейлене соққан боран да сап тыйылып, қиық айдың бұлыңғыр сәулесі қара аспанның жиегіне бозала таңның көлеңкесін түсіре бастады. Дәл осы сәтте Мұрат та бірдеңені сезгендей жыбырлап, тыныш ұйқыда жатқан анасын оятты. Тілі күрмеліп бірдеңені айтып жатыр. Анасының жүрегі жарылардай қуанып, баласына жақындап келіп құлағын түрді. «Ай… жа… н Ай… жан» – деп үзілді кесілді тіл қатты.

-Қазір, балам, қазір… – деп ескі телефонын алып, Айжанға қоңырау шалды. Әттең…. Қоңырауды көтерер Айжан жоқ…

Еһ, бірі ес жиғанда бірі жоқ бір кем дүние –ай,қашан біз қолда барда алтынның қадіріне жетер екенбіз?!

Алматы облысы

Жаңалықтармен бөлісу