Ақпарат құралдарының өкілдеріне деген бұқара халықтың сенімі жылдан-жылға арта түспесе, кеми қойған жоқ. Халық қоғамдағы күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқату үшін көбіне БАҚ-тың көмегіне жүгінгенді жөн көріп жатады. Бұл баспасөздің төртінші билік тұғырынан түспегендігінің дәлелі болса керек. Аманкелді ауданында 1935 жылы маусымда жарық көрген қоғамдық-саяси «Аманкелді арайы» газетіне биыл 88 жыл. Дәуір айнасына айналған басылымның әр кезеңінде қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзі өткір тілшілер қалам тартты. Осынау уақыт аралығында бағындырған белесі аз емес. Біз киелі қара шаңырақ аудандық газеттің тыныс тіршілігіне тоқталып, редакторы Гүлбаршын Смайловамен сыр-сұқбат құрған едік.
–Гүлбаршын апай, алғаш журналистік жолыңыз қалай басталды? Газет редакциясына қалай келдіңіз?
–Мен алғаш редакцияға жұмысқа тұрғанда 22 жаста едім.1981 жылдың маусым айы болатын. «Тың шұғыласы» аудандық газетінің редакторы Еренғайып Әбдіхалықов ағайым бір күні маған «Гүлбаршын, бізге жұмысқа келесің бе, тез арада бір орынға адам керек» деді. Қыздарым әлі кішкентай болатын. Үйдегі анаммен ақылдаса келе жұмысқа тұратын болып шештім. Қандай жұмыс екенін де сұрамадым. Сөйтіп, жүрексіне басып «Тың шұғыласы-Целинная заря» газеті редакциясына қарай беттедім. Сыртынан көргенім болмаса өмірі ішіне кіріп көрмеппін. Сонымен редакцияға келіп жеттім. Сыртта екі есік бар екен, қайсына кірерімді білмей, ашық тұрған есікке бас сұқтым. Қаптаған жас жігіттер мен қыздар қара халат киіп алып, шұқшиып бірдеңелер істеп жүр. Солардың арасында бір қолында газет, бір қолында темекісі бар ақсары келген жігіт «Бота, кім керек?» деді. «Редактор Еренғайып ағай керек еді» дедім. Ол маған жымиып «Бұл баспахана ғой, келесі есіктен кіресің?» деді.
Келесі есікті ашып, ішке кірдім. Кіре беріс оң жақтағы кабинеттің есігі ашық тұр екен. Онда шашы қап-қара, жасыл суретті рубашкасы бар, шашын қайта-қайта қайырып жазу жазып, жұрт кіріп жатыр ма, шығып жатыр ма назар аудармайтын бір ғажап сұлу жігіт отыр. Мен жөн сұрамаққа аз кем бөгелдім де, әлгі жігіттің қарамайтынын біліп, алдыңғы есікті аштым. Кірген бетте екі апай отыр екен, сол кісілерден «редакторға келіп едім» деп едім, олар төргі бөлмені нұсқады. Сөйтіп, Еренғайып ағайдың кабинетіне де жеттім-ау әйтеуір. Еренғайып ағай «Келдің бе, дұрыс!» деді де мені қарсы шағындау қабинетке ертіп апарып «осында отыра тұр, өзім хабарын берем» деді. Мен кірген кабинетте ақсары, ұзын бойлы, ірілеу келген, бір жігіт отыр.
Мен төрдегі бос тұрған жерге жайғастым. Бір кезде жаңағы баспаханада жолығып, жөн сілтеген кісі қолына газетін ұстап кіріп келді. Шамасы мен отырған жер сол кісінің орны болса керек. Мені көріп «отыра бер» деп сыпайылық танытты. «Отырыңыз» деп орнын босатып, сол кісінің алдындағы орындыққа жайғастым. Ол орнына жайғасты да, газетке шұқшиып, қателер түзей бастады. Менімен де танысып, жөн сұрасып үлгірді. Сары жігіт маған аңда-саңда қарап қояды. Алдында түрлі-түсті қарындаштармен бірдеңелерді сызып, нөмірлеп отыр. Біраз уақыт өтті. Дегбірім қаша бастады. «Бекер келдім-ау» деп ойлап та қоямын. Бір кезде Еренғайып ағай келіп «жүре ғой» деді. Осы жерден құтылғаныма қуанып, тұра жөнелдім. Ол кісі мені кіре берістегі әлгі «ғажап сұлу жігіттің» кабинетіне қарама-қарсы кең, ұзындау кабинетке алып келді. Онда машинка басып бір қыз отыр. Осы бөлменің төр жағында орналасқан тағы бір кішкентай кабинетке әкелді. Кабинетте екі қыз, бір жігіт отыр. Бұл «Целинная заря» газетінің ұжымы. Аптасына бір рет «Тың шұғыласы» газетінің маңызды деген мақалаларды аударып, орыс тілінде шығарады» деді. Төрде отырған қызға «Оля, Гүлбаршын бүгіннен бастап сендерде жұмыс істейді» деп мені таныстырып шығып кетті.
Қасымдағы қызға дамыл жоқ, тықылдатып басып жатыр. Бір кезде қолында қағазы бар манағы баспаханада, кабинетінде жолыққан жігіт келді. «Қайта-қайта кездесе бердік қой» деген көзқараспен бір қарап алды да «Зибагүл, дайынсың ба, кеттік» деп диктовкаға кірісіп кетті. Қалай үлгіріп жатқанын білмеймін, сыртылдатып басып жатыр.
Сөйтіп, менің редакциядағы алғашқы жұмыс күнім осылай басталған еді. Редакцияда 20-дан астам адам қызмет істейді екен. Біразы жас жігіттер мен қыздар. Олармен тез үйренісіп кеттім. Әлгі шашын қайыра беретін сұлу жігіт ҚазГу-дің журналистика факультетін сол жылы бітіріп келген – Жалғасбек Сүлейменов екен. Түрлі-түсті карандаштармен сызу сызып отыратын жігіт, газеттің жауапты хатшысы – Қонақбай Теміржанов, ал мен алғаш кездестірген аппақ жігіт, ол газет редакторының орынбасары – Хамитбек Мұсабаев екендерін білдім. Ақырындап жұмысыма төселе бастадым. Қазақша газетке қарағанда менің жұмысым оңайырақ болды.
Машбюрода дамыл жоқ, жігіттер кезек-кезек мақалаларын бастырады да жауапты хатшыға тапсырып, командировкаға кетеді. Шөп шабу, қой төлдету науқандары туралы құлаш-құлаш очерк пен фельетондар, фоторепортаждар беріп жатады. Зибагүл соның бәрін жылдам басып беріп үлгіреді. Ол кезде қазіргі компьютердегідей оңай емес, бір әріп қате кетсе, өшіріп түзететін. Сондықтан редакция машинсткаларына сауатты қыздарды ғана қабылдайтын. Оның үстіне кейбір тәжірибелі тілшілер диктовкамен ғана жұмыс жасайды.
Сол кезде жалындаған жас жігіттер Қонақбай Теміржанов, Хамитбек Мұсабаев, Самат Асқаров, Қалжігіт Смағұлов, Жалғасбек Сүлейменов, Лаззат Қапышова, Сұлтанғали Бейсекеев, Ғалымжан Ғапбасов, Төлеген Сейдахметов, Мейрам Қанафин, аға буын өкілдері – Жалғасбек Қоянбаев, Тәшім Құсайынов сияқты журналистер қызмет атқарды.. Орысша газетте Оля (Ұмсындық) Жаманова, Сәбит Сүлейменов сияқты білікті мамандар газеттің сапалы аударма газетін шығарды.
Редакцияда алғаш жұмысымды бастап, алғаш рет көрген Хақаң – менің балаларымның сүйікті әкесі, ұстазым, досым, қамқоршым болды. Тағдыр мені Хақаға жолықтыру үшін әдейі айдап апарған сияқты. Хақаңа бір таңқалатыным көлдей-көлдей мақалаларды әкеп, төгіп тастайтын. Еренғайып ағаның орнын жоқтатпайтын. Өзінің мамандығын өте жақсы көретін. Және беріліп істейтін. Бір минутын босқа жібермей үнемі еңбектеніп отыратын. Сөйтіп жүріп Файзолла атамыздың еңбектерін жарыққа шығаруға көп үлесін қосты. Атаның алғашқы өлеңдерін мен басқан едім. Хақаң 30 жасында көлдей-көлдей поэмалар шығарды. Мен барлық шығармаларының куәсі болдым.
–Биыл «Аманкелді арайы» газетінің шыға бастағанына 88 жыл толады екен. Газеттің тарихына кеңінен тоқтала кетсеңіз?
–Биыл, дәлірек айтсақ 15 маусымда «Аманкелді арайы» төл газетіміздің шыға бастағанына 88 жыл. Қостанай өңірінде өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқын, аудан жұртшылығы сүйсіне оқитын, тамыры тереңнен бастау алатын беделді басылымдардың бірі. Сондықтан да, «Аманкелді арайы» газетінің мерейтойы бүкіл аудан жұртының ортақ қуанышы, ортақ мерекесі деп айтуға болады.
Сонау 1935 жылдың 15 маусымынан бері жарық көріп келе жатқан басылым ауданның бас газетіне айналды. Өз тарихында «Социалистік шаруа», «Тың шұғыласы» («Целинная заря»), «Ақ жол», «Аманкелді арайы» атауларға ие болды. Ауданымыздың газеті қай кезеңде болсын қасиетті еліміздің, киелі жеріміздің сөзінің төрі болды. Әр дәуірдегі қаламгерлер өзінің халқына айтатын сөзін осы газет арқылы айтты. Аудан халқы төл газетіне қарап бой түзеді, ой түзеді. Өңіріміздің сөз өнері сүйегіне сіңіп, бойына дарыған перзенттері 88 жыл бойына осы газеттің төңірегіне топтасты. Біреулері редактор болып газетке басшылық жасаса, қалғандары сол газеттің бетінде өздерінің аудан өмірін кеңінен көрсеткен әр алуан хабар-ошарларын, мақала-очерктерін, өлең-жырлары мен әңгімелерін, фельетондарын жариялап тұрды.
Аудан журналистері 88 жыл ішінде туған өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Біз бүгінде газетте істеген баспасөз редакторлары мен қызметкерлері – Уәли Хайролла, Бөгетбай Әлмағанбетов, Кәрім Айтмағанбетов, Тәшім Құсайынов, Өтеген Сейдазімов, Күлғаныс Ахметова, Нұрбибі Ахметова, Зейнегүл Қойшығұлова, Мәшкура Жақыпбекқызы, Ахметбек Өміртаев, Аңсаған Атымтаев, Ақан Нұрманов, Еренғайып Әбдіхалықов, Марк Искович Вандер, Сағындық Жүнісов, Таңатар Бөдеев, Жұматай Сабыржанұлы, Сейілбек Әбдікұлы, Төлеген Сейдахметов, Қонақбай Теміржанов, Майраш Рақымжанова, Бүркіт Бекетов секілді ортамызда жоқ аяулы аға-апаларымыздың сіңірген өлшеусіз еңбектеріне ризашылығымызды білдіреміз.
Саналы өмірінің 48 жылын баспасөзге арнаған, аудандық «Аманкелді арайы» газетінің редакторы Хамитбек Мұсабаевқа басымызды иіп, тағзым етеміз. Сол секілді, бүгінгі күні ортамызда жүрген Жалғасбек Сүлейменов, Әмина Мүржүсіпова, Бақытбек Бәйтеміров, Қанеш Қанафияұлы, Самат Асқаров, Әбжан Әбілтай, Сұлтанғали Бейсекеев, Ләззат Қапышева, Ұмсындық Жаманова, Мейрам Қанафияұлы, Зибагүл Қойшығұлова, Қасымбек Қанафин секілді редакторлар мен журналистердің еңбектері елеулі.
Сонымен қатар, аудандық баспаханада аудандық газеттің уақытылы шығуын қамтамасыз етіп, еңбектерін ерен үлгісін көрсеткен баспахана директорлары Қазтай Ахметжанов, Әділхан Төребеков, Қабдылхамит (Қапаш) Сұлтанов, Валентина Гермашова және баспагерлер Данаш Медетова, Зейнегүл Қойшыгұлова, Кенжеғали Мусин, Зайра Ахметжанова, Жұмабек Жақалақов, Ақбала Хасенова, Виктор Кирьянов Жақсылық Жакетова, Гүлімжан Жакетова Бейбіт Оспанов, Бану Акбарова секілді аға-апаларымыз бен замандас, құрбы-құрдас болған қыз-келіншектердің есімдерін де мақтанышпен атап өтуді парызым деп санаймын.
Арамызда жоқ әріптестерімізді әрдайым еске алып отырамыз. Өйткені, кеше біз солардың бәрімен бірге жүріп, бірге қызмет істедік. Тәту-тәтті болып, бір мақсатта жұмыс жасадық. Редакция мен баспахана ұжымы 1995 жылға дейін егіздей болып бір мекеме болып өмір сүрді.
1991-1993 жылдары баспахана Хамитбек Мұсабаевтың бастамасымен аудан тарихында алғаш рет кітап басып шығару ісін қолға алды. Атап айтқанда Файзолла Сатыбалдыұлының «Тоқымбет-Гүлайым» және Хамитбек Мұсабаевтың «Ақ жол» атты кітаптары аудандық баспаханадан басылып шықты. Бұл жәйт екі мекеменің қызметкерлерлері мен жұмысшыларының Тәуелсіздік кезіндегі зор жетістігі болды. Амал не, бірақ кейін бұл бастама өрістемей қалды. Баспахана жабылып, газет Арқалықтан, Астанадан шыға бастады. Газет өлмешінің күнін кешті. Нарқтың заңына кім қарсы келген?
–Газеттің алғашқы редакторлары туралы не білесіз? Тоқталып өтсеңіз?
–Аудандық газет өткен ғасырдың 30-шы жылдарының алғашқы жартысында өмірге келіп, коммунистік-кеңестік дәуірдің тірлігін жар сала жазса, айналасы бірер жылдың ішінде шеңгелі қанға бөккен қасап қырғынды 37-38-ші жылдардың ауыртпалығын да назардан тыс қалдырған жоқ. Нақ осы кезде Дияр Нұрымов атамыз алғашқы халық жауларының бірі болып тұтқындалып, Сібірге айдалды. Ол айдауға кеткеннен кейін Қайнарбаев және Жайлаубаев деген азаматтар редакторлық еткен. Бұл кісілер Ақтөбе облысының азаматтары болса керек. Жайлаубаев 1942 жылдың аяғына дейін редактор болған.
Газет 1935-1942 жылдар аралығында латын қарпімен 2 бет болып шығарылған. Дияр Нұрымов ақсақал газетте 1943-1945 жылдар аралығында екінші рет редактор болған. 1945 жылы оны обком Әулиекөл ауданында редактор етіп жіберіп, сонда редактор болып жүрген біздің жерлесіміз, ағамыз ауданнан шыққан тұңғыш кәсіби журналистердің бірі, үлкен жазушы, КИЖ-дің түлегі Бақыт Имановты Аманкелді ауданына редактор етіп жіберген, яғни екеуінің орнын ауыстырған.Бақыт аға 1945-1949 жылдар аралығында, одан кейін Қайдар Қожагелдин 1949-1952 жылдар аралығында, Әуеш Жоламанов 1952-1958 жылдар аралығында, Бөгетбай Әлмағанбетов 1958-1960 жылдар аралығында, Кәрім Айтмағанбетов 1960 жылдардың сәуір-маусым айларының аралығында, Әуеш Жоламанов екінші рет 1960 жылдардың маусымынан 1962 жылдың желтоқсанына дейін, Тұраш Ержанов 1962 жылдың желтоқсанынан 1963 жылдың сәуіріне дейін, Хамит Жансарин 1963 жылдың сәуірінен 1964 жылдың маусымына дейін, Бөгетбай Әлмағанбетов екінші рет 1964 жылдың маусымынан 1977 жылдың шілдесіне дейін редакторлық етті.
Сол кездері екі ақ бет болып шығатын газетке Бақыт Иманов редактор болған уақытта Төлеубай Ыдырысов, Сапабек Әсіпов, Қазтай Халықов, Рахымбек Ильясов, Бөгетбай Әлмаганбетов сияқты жасөспірімдердің өлең жырлары мен мақалалары жарық көріп тұрған.
Аудандық газеттің жаңаша сипатқа ие болуының екінші кезеңі – редактор Бөгетбай Әлмағанбетовтың уақытына сәйкес келеді. Осы кезде республикамыздағы барлық аудандық газеттер 4 бет болып шыға бастады. Бұл жетістік Бөгетбай ағаның кезінде жүзеге асты. Бөгетбай аға көптеген шәкірттер дайындады. Олар Сәбит Досанов, Бақыткерей Ысқақов, Жұматай Сабыржанұлы, Хамитбек Мұсабаев сияқты халқымызға танымал ақын-жазушылары.
Бөгетбай ағамыздан кейін 10 жыл Еренғайып Әбдіхалықов ағамыз редактор болды. Бұл аудандық газеттің өркендеуінің үшінші кезеңі еді. Еренғайып аға жастардың бәріне үлгілі ұстаз, ардақты аға бола білді. Ол кісі үш жол мақала жазған жастарды редакцияға жұмысқа алып, оқымағандарын оқуға жіберіп, журналистиканың үлкен жолына түсірді.Олар Рамазан Тлеужанов, Самат Асқаров, Қалжігіт Смагұлов, Бүркітбай Бекетов, Қанеш Қанафия, Мейрам Қанафия, Қасымбек Қанафин, Сұлтанғали Бейсекееев, Жалғасбек Сүлейменов, Бақытбек Бәйтеміров, Ұмсындық Жаманова, Сәбит Сулейменов, Ләззат Қапышева, Гүлбаршын Смайлова секілді жап-жас қыздар мен жігіттер болатын.
Аудандық газетте редакторлық қызметті жоғарғы деңгейде атқарған тағы бір журналист – Жалғасбек Маратұлы Сүлейменов болды. Ол газетке жаңа серпін әкелді. Оның кезінде газеттің халыққа айтары мол болды. Білімді редактор болғандықтан ол кейін облыстық «Торғай таңы» газетінің бас редакторы және облыстық телерадиокомитетінің төрағасы болып қызметтер атқарды. Кейін Солтүстік Қазақстан облыстық телерадио комитетінің төрағасы, Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінде бас редактор, «Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры қызметтерін атқарды.
90-шы қиын қыстау жылдары «Аманкелді арайы» аудандық газетті Хамитбек Мұсабаев басқарды. Егеменді ел болған нарықтық қиын кездерде 1993 жылы «Тың шұғыласы”(“Целинная заря”) газеті жабылды. Сол кездегі 20-ға жуық редакция қызметкерлері газет жабылған соң, жан-жаққа тарап кеткен еді. Алайда Хамитбек Қуандықұлы газеттің атауын «Ақ жол» деп өзгертіп, өз қаржысына шығарып тұрды. Аудандық полиграфия да жұмысын тоқтатады. Хамитбек Мұсабаев Арқалық қаласына барып, Арқалық полиграфияда жұмыс істеп, газетті шығарып тұрады. Арқалықтағы полиграфияда жабылып газет жұмысы мүлде тоқтады. Барлық газеттер жабылды. Алайда Хақаң Аманкелді ауданына келіп, облыстық Қостанайполиграфиямен келісіп, газетті аптасына бір рет 4 бет қылып шығарып тұрды. Басқа қалалар мен аудандар оны талай рет лауазымды қызметтерге шақырады. Алайда, ол «Мен өз кәсібімді сүйемін. Сондықтан оны ешбір қызметпен айырбастай алмаймын» деп бас тартты.
–Хамитбек ағамыз кейін облыстық «Қостанай таңы» газетінің Аманкелді ауданы бойынша меншікті тілшісі болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Ауданның барлық жетістіктерін облыс, республика көлеміне танытты емес пе?
–Аудандық газеттің халықтың сүйікті басылымына айналуына Хамитбек Мұсабаев көп еңбек сіңірді. Саналы өмірінің 48 жылын оның ішінде 30 жыл редактор болып, бар өмірін аудандық газетке арнаған Хақаң аудандық газеттің материалдық жағдайының жақсаруына мол үлес қосты. Облыстық газетте де жемісті еңбек етті. Газет бетіне ауданның талапты жастарының жырлары, көпті көрген қариялар мен қызметте болған казіргі таңда зейнетке шығып, республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын азаматтар мен азаматшалардың еңбек жолдары туралы тарихи естеліктер мен өнегелі өмірлері туралы жазып, жастарға үлгі етті. Торғай өлкесінің шежіресі мен өлкетану жанрында ғылыми тұрғыда көптеген мақалалар мен очерктер, кітаптар жазды. Соның нәтижесінде аудан журналистикасының жоғары деңгейін қалыптастырды.
–Еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз?
–Мен 1958 жылы 18 мамырда Торғай облысы, Аманкелді ауданында дүниеге келдім. 1987 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітірдім. 2007 жылы жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының филология факультетін өндірістен қол үзбей, сырттай бітірдім.
1975 жылы Аманкелді орта мектебін аяқтаған соң, еңбек жолымды Аманкелді аудандық статистика басқармасында есептеу орталығының операторы болып бастадым. Аманкелді аудандық «Тың шұғыласы» газеті редакциясында 1981-1986 жылдары «Целинная заря» орыс тілінде шығатын қосымша газеттің қызметкері болып жұмыс атқардым.
1986-2006 жылдары үздіксіз 20 жыл бойы Аманкелді аудандық орталық кітапханада халыққа қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасадым.Біздің жұмыс істеген кезімізде ауданда туберкулез ауыруына шалдыққан адамдарды емдейтін жеке аурухана болды. Сол ауруханаға кітап апарып, оларға жаңа кітаптарды таныстырып отыру міндеттелді. Жұқпалы аурумен ауыратын адамдармен жұмыс істеу, адамға қандай зиян екенін бәрі де біледі ғой. Алайда мен осы науқас адамдардың рухани демалуына, бос уақыттарында жақсы кітап оқуына ықпал жасадым. Науқас адамдардан ауру жұғады деген ой келмеді. Кітаптарды арқалап, мекемелерге, кинотеатрларға барып, жаңа кітаптың таныстырылымын өткізетінмін. Өзің де білесің пандемия кезінде де ауруханаға барып, ауырып жатқандардың хал-жағдайларын біліп, көлемді мақала ұйымдастырған болатынмын. Мен ешуақытта ауыр жұмыстан қашқан емеспін. Кітапхана саласында түрлі іс-шаралардың сценарийін өзім жазып, өткіздім. 90-шы ауыр жылдарда суық кітапханада отырып, халыққа қызмет еттім.
1989 жылы репрессия кезінде жазықсыз жазаланғандар ақтала бастағанда бірінші болып кітапхана директоры Қантай Әбдірайқызының ұсынысымен Файзолла Сатыбалдыұлы туралы үлкен кеш ұйымдастырдық. Кешті ұйымдастырып, өткізуді маған тапсырды. Басында қорқақтап бастаған кешіміз аудандық деңгейде өтті.Бұл менің атқарған жұмыстарымының кішкентай естелігі ғана. 2006 жылы Хақаң мені аудандық «Аманкелді арайы» газеті редакциясында жұмыс істеуге шақырды. «Іс-сапарларым көп, оның үстіне шығармашылық жұмыстармен айналысуым керек, сен маған көмектес, бір жағымды көтер, ол сенің қолыңнан келеді» деген өтініш айтты. Әрі ойланып, бері ойланып, қиналып жүргенін көзіммен көріп отырған соң, кітапханадағы қызметімді тапсырып, редакцияға қайта оралдым. Қарап отырсам, баспасөз саласында да 23 жылдан астам қызмет жасап келемін.
–Қазір жастар журналистика саласын таңдағанымен газетте тұрақтай бермейді. Кадр мәселесі қалай болып тұр?
–Оның рас. Мақала жазатын жастар аз. Бірақ әлеуметтік желіде бәрі тілші, бәрі сыншы. Біз тілшілерге редакциямыздың жағдайына қарай жалақы тағайындаймыз. Жұмыссыз жүрген жастар келеді. Алайда оларды тәрбиелеп, үйретіп, мақала жаза бастаған шақта, редакцияның бітпейтін қым-қуыт жұмысына төзе алмай, ақшасы көп жұмысқа кетіп қалады. Үйреткен еңбегің заяға кетеді. Газетте журналистика саласын жақсы көретін, жазуға бейімі бар, қиындығына төзіп істейтін жастар ғана келсін деп ойлаймын.
Мен 80 -жылдан бері газетің жағдайымен таныспын ғой. Бұрын газетті мемлекет қаржыландырып, журналистердің еңбекақысы жоғары болды. Оның үстіне жазғанына қарай қаламақы береді.Журналистерің беделі жоғары болды. Сондықтан журналистика саласына түсіп оқитындар да көп болатын. Оларды мемлекеттік басшылық қызметке дейін жоғарлатылып, депутаттыққа сайлайтын. Қоғамдық тілшілерге редакция тарапынан ақша төленетін. Казір газеттердің жағдайы басқаша. Оның үстіне каіргі таңда ақша ешкімге жетпейді. Күн сайын баға шарықтап кетіп жатыр. Жастар аз дегенде 200-250 мың теңге жалақы алғысы келеді. Сондықтан баспасөз саласының деңгейін түсірмеу үшін мемлекетіміздің қолдауы аса қажет деп ойлаймын.
– Хамитбектей ардақты ақын азаматтың туғанына биыл 70 жыл. Осыған байланысты қандай жоспарыңыз бар?
–2019 жылдың 3 қазаны күні біздің отбасымыз үшін қасіретті күн болды. Елге сыйлы азамат болған Амангелді ауданының Құрметті азаматы Хамитбек Қуандықұлы Мұсабаев аяқ астынан қатерлі дерт ауруына шалдығып, өмірден өтті. Оның қайғысы тек отбасымызға ғана емес, бүкіл Аманкелді ауданының халқын есеңгіретіп жіберді. Оны ақтық сапарға шығарып салу үшін республиканың түкпір- түкпірінен мыңдаған адам келді. Сол қайғыдан ес жиған соң, аудандық газеттің тізгінін өз қолыма алдым.
Хақаңның қазасы мені есеңгіретіп кетті. Аспан жерге төңкеріліп кеткендей күй кештім. Өйткені мен онымен жұмыста да, үйде де бірге болдым. Көп естеліктер көз алдымда сайрап жатыр. Кабинетіне кірсем жазу үстелінде жазу жазып отырғандай болады. Үйге келсем үйдегі жұмыс үстелі тұрады.Әрбір шығармасын бірге талдап, бірге пікірлесетін едік. Оның әр жазған мақаласы әрбір өлеңі менің қолымнан өтетін. Қиын сәттерде бір-бірімізге демеу болдық. Ол ғасырда бір туатын тұлға еді… Бар өмірін ауданымыздың тарихын қалыптастыруға арнады. Орнында бар оңалар деген артында 5 ұлы, 2 қызы қалды. Олардың барлығы да жоғары білім алып, әр қалада жемісті қызмет атқаруда. Кемеліне келіп, шығармашылыққа ден қойған сәтінде, балаларының қызығын көретін шақта, ерте кетіп қалғаны жүректі өртейді.
2020 жылы ізін суытпай Хақаңның аманаттап кеткен поэмалар жинағы мен өлеңдерін баспаға әзірлеп, өзі қойып кеткен «Арқамда Алаш Аруағы» атты екі томдық өлеңдер мен поэмалар жинағын шығардық. Алдағы уақытта да артында жазып қалдырған барлық шығармаларын баспаға әзірлеп, кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмыз.Сол аманатын орындау үшін, еңсемді тіктеп, қайғыдан басымды көтеріп, өз-өзімді қолға алдым. Биыл Хақаң тірі болса 70 жасын тойлар еді. Амал не ойға алған көптеген жоспары орындалмай қалды. Осы жылдың қыркүйек айында Аманкелді ауданында еске алу кеші мен ас береміз және конференция өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Әрине, Хақаңдай арда азаматты жоғалтып, қайғы-мұңым тарқамаған маған үлкен жауапкершілікті арқалау оңайға соқпағаны рас. Хақаң бардағы еркелігімнің бәрін сыпырып тастап, дереу есімді жиып газетті қолға алдым. Казіргі таңда газеттің ауыр жүгін арқалап қана қоймай, Хақаңның артына жазып қалдырған мұраларын жинақтап, кітап шығару міндеті тұр.
–Қазіргі таңда газеттің жағдайы қалай?
–Қазіргі таңда газет заман талабына сай жұмыс істеп келеді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізу бойынша қызмет қоғамдық-саяси, білім беру, жастар саясаты «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасының Амангелді ауданында іске асырылуын және мерейтойлық, атаулы күндерді мерекелеуді мемлекеттік тілде жазылып келеді. Аудан барлық тыныс-тіршілігін, кішкентай хабардан бастап, репортаж, очеркке дейін жазып жүрген басылым ретінде танымал. Өлкетану жанры жағынан аудандық газеттің ауқымы кең деп айтуға болады. Ата-бабаларымыздың барлық жүріп өткен тарихын жасауда көп үлес қосып келеді. Иә, бүгінде тарихы терең басылым «Аманкелді арайы» аудандық газеті адалдықты, әділдікті, жақсылық пен ізгілікті ту етіп, өңірдің жақсы жаңалықтарын халыққа жеткізуде. Газетіміздің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып газеттің фейсбук, инстаграм парақшалар мен syntas.kz ресми сайтын аштым.Газет мақалаларын, бүгінде еліміздің қай түкпірінен оқимын деген адам болса да мүмкіндік бар.
Ауданымыздың әкімі Талғат Карбозов газетімізге көңіл бөліп, үнемі қолдап отырады. Газетіміздің уақытылы шығып тұруына аудан басшылығы зор ықпал етіп отыр. «Аманкелді арайы» аудан халқының басты газеті, барлық тыныс-тіршілікті хабарлап отыратын айнасы іспетті.Бүгінде аудандық газет өңір тынысын айшықтап, Президент тапсырмасына сай аймақта атқарылып жатқан толымды істерді өз мақалаларына арқау етуде. Газет алдағы уақытта ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында сүбелі үлес қосып, замана талабымен үйлесіп, еселі еңбек ете береді.
–Гүлбаршын Жұмаділдәқызы, алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеңізге рахмет! Редакция ұжымына шығармашлық табыстар тілейміз!
Сұқбаттасқан Айбек ТАҢАТБАЕВ