Облыс аумағында коммуналдық меншіктегі 13 гидротехникалық нысан қанағаттанарлықсыз жағдайда. Қарасу ауданында – 4 бөгет, Науырзым ауданында – 3, Жангелді және Аманкелді аудандарында – 4 бөгет, Әулиекөл мен Алтынсары аудандарына 2 бөгет жөндеуді қажет етеді.
Өткен жылы бірнеше ауданда гидротехникалық құрылыстарды қалыпқа кетіру жұмыстар атқарылған. Биыл да бұл іс жалғасын табады. Осылайша 9 бөгет жөндеуден өтеді. Оған облыстық бюджеттен 553,1 млн теңге бөлінген.
“Былтыр Алтынсарин ауданына қарасты Шоқай және Свердлов ауылдарындағы ГТҚ 1,2 млн теңгеге техникалық кесеруден өткізілді. Сондай-ақ, Аманкелді ауданында Бижан бөгетіне 4,7 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілді”, – деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков.
Сондай-ақ, өткен жылдың күзінде Әулиекөл ауданының Көктал ауылындағы, Жанкелдин ауданының Милісай және Шилі бөгеттерінің, Қарасу ауданының Железнодорожное ауылындағы №1 бөгетке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
“Өткен жылы қазан айында Қарасу ауданының Октябр ауылындағы Тімтуір өзенінің су қоймасының екінші табалдырығын қалпына келтіру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Оған 91,9 млн теңге қаржы жұмсалды. Енді екінші табалдырығын күрделі жөндеуге 16,1 млн. теңге сомасында жобалау-сметалық құжаттама әзірленді”, – деді басқарма басшысы.
Науырзым ауданының Буревестник ауылындағы №3, №4 бөгеттерді күрделі жөндеуге 14 млн теңгеге жобалық-құндық құжаттама әзірленген. Тобыл қаласындағы бөгеттің құрылыс-монтаж жұмыстарына да 253,3 млн теңге бөлініп отыр.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеңес барысында аудан мен қала әкімдеріне аталаған мәселелер бойынша тиісті тапсымалар берді.
“Гидротехникалық құрылыстар су ресурстарын басқару процесінің маңызды құрамдас бөлігі. Олардың болмауы немесе қанағаттанарлықсыз жағдайы Гидротехникалық құрылыстарды жөндеу немесе салу үшін қажетті қаражаттан бірнеше есе асып түсетін халыққа, мүлікке және жалпы экономикаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Бүгінгі таңда Қостанай облысында нормативтерге сәйкес келмейтін гидротехникалық құрылыстар бар. Барлығы 13 ГТҚ қанағаттанарлықсыз жағдайда. Өткен жылдан бастап оларды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Тиісті салалардың басшылары жұмысты жүйелі жалғастыруы қажет”, – деді обылс әкімі.
Облыс аумағында 98 гидротехникалық нысан бар, оның ішінде республикалық меншікте – 7 ГТҚ, коммуналдық меншікте – 80 ГТҚ, жеке меншікте – 11 ГТҚҚ.
Сералы МЫРЗАБАЙ