Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіретін гидропоника құрылғысы іске қосылды.
Іргелі білім ордасының «Жаратылыстану және ақпараттандыру» факультеті, «Химия, Химия және биология, Биология» білім беру бағдарламасының базасындағы аталмыш құрылғы бүгінде өзінің алғашқы жемістерін беріп үлгерді.
Нақтырақ айтқанда, қазір гидропоника әдісімен базилик, салат жапырағы, руколла, кресс-салат, кинза, люцерна және т.б микрожасылдар әзірленді. Күнделікті ас мәзірінде қолдануға болатын бұл өнімдер денсаулыққа аса пайдалы екендігі белгілі.
Білім беру бағдарламасының оқытушысы Сандуғаш Бауыржанқызының айтуынша: «Микрожасыл өте күшті биогендік тағам болып саналады. Өйткені микрожасылдар қоректік тығыздығы жоғары дәрумендердің, фитонутриенттердің, каротиноидтардың және минералдардың концентраты. Сонымен қатар, құрамында антиоксиданттар көп болғандықтан, микрожасылдар біздің денсаулығымызды сақтап қана қоймайды, көптеген аурулармен (қант диабеті, жүрек ауруы, жоғары қысым және т. б) күресуге көмектеседі».
Жаңа зертханада өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта орналасады. Профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер күн сайын судың тұздылығын, рH
көрсеткішін, бөлменің температурасы мен дымқылдығын өлшеп, бақылау жасайды. Олардан жақсы өнім алып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Білім беру бағдарламысының ұжымы студенттермен бірлесе ғылыми-зерттеу
жұмысын жүргізуге ниетті екендіктерін жеткізді. Олар «ALTYNSARIN» АГРОФИРМА
деген атаумен дайын өнімді қала тұрғындарына ақылы негізде ұсынуды жоспарлап отыр.
Тіпті қызығушылық танытқан тұтынушылардың барын да тілге тиек етті. Жалпы, мамандардың айтуынша өсімдікті топырақсыз өсіру әдісінің гидропоника, агрегатопоника, хемопоника, ионитопоника, аэропоника сияқты бірнеше түрі бар. Ал, институт қабырғасында іске қосылған бұл құрылғының әзірге қала бойынша ешбір баламасы жоқ.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы