Ғұмырының 46 жылын әуеде өткізген

Ғұмырының 46 жылын әуеде өткізген

Гүлсім Әбікенованың өмірінің 46 жылы әуеде өткен. Ол 15 мың рет көкке көтерілген. Ол әлі авиация саласында еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміз аталған мамандықты кездейсоқ таңдағанын айтады. Ол кезінде 46 үміткердің ішінен сыннан сүрінбей өткен 12 адамның біреуі болыпты. Ол 1976 жылы арнайы оқу курсын тәмәмдап, Қостанай әуе кәсіпорнында алғаш ұшақ бортсерігі қызметінен бастаған. Бастапқыда азғана уақыт еңбек еткесін, бұл жұмысты қойып, өзі қалаған оқуды жалғастырамын деп ойлағанмен, аспанды, асқар шыңдардың басын көріп үйренген қыран мінезді Гүлсім қыз қызметімнен кеткім келмеді дейді.

– Менің негізгі мамандығым – кітапханашы. Себебі бұл мамандыққа оқуды әкем қалады. Дегенмен маған ұшақ бортсерігі болу ұнағанын білді де, қарсы келген жоқ. 1986 жылы тұрмысқа шықтым. Зайыбым Қарасу елінің азаматы, өңірге танымал Қайыржан Әбікенов. Тұрмыс құрғаннан бір жылдан кейін отбасымыз Ілияс есімді перзентпен толықты. Балалы болған соң негізгі мамандығым – кітапханашылыққа ауысып кеттім. Алайда 1992 жылы әуе кемесі командирі мені қайтадан қызметіме оралуымды сұрады. «Шетелдерге шығамыз, халықаралық рейстерді орындаймыз, нұсқаушы болып кел» деді. Қайыржан да менің осы қызметті жақсы көретінімді біледі, сондықтан «жұмысыңды үзбе» деді. Ілияс та менімен бірге әрі-бері ұшып жүргенді жақсы көреді, ол да қуанып кетті. Санкт-Петербор қаласындағы Азаматтық авиация академиясы жанында шетелдерге шығу жөніндегі арнайы курсты тамамдадым. «ТУ-154» әуе лайнерінде шет мемлекеттерге тұрақты ұша бастадық. Жалпы әуе қызметінде жұмыс істейтіндердің отбасына арнайы ұшақ билеттерін беруге рұқсат етіледі. Соның арқасында біз отбасымызбен көптеген жерді араладық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қостанай әуе отряды Алматы қаласындағы компаниямен бірлесіп, ұзақ жылғы тәжірибесі бар, кәсіби мамандарды сонда шақырды. Оның қатарына мені де алды. Авиация саласындағы еңбек өтілім 46 жыл. Еңбек жолымды осы Қостанай әуе кәсіпорынында 19 жасымда бастадым. Неше сағат екенін есептеген емеспін, бірақ 15 мың рет әуеге көтеріліппін, – дейді Гүлсім Әбікенова

Ол өзінің күйеуімен де әуежайда танысқан. Санкт-Петербургтегі Азаматтық авиация академиясында арнайы курсты тәмамдаған соң шет мемлекеттерге тұрақты ұша бастаған. Әуе қызметінде жұмыс істейтіндердің отбасына арнайы ұшақ билеттері беріледі екен. Соның арқасында көптеген жерді аралапты.

Гүлсім облысымызға танымал тәрбиелі отбасынан шыққан жан. Әкесі Асқар Өтепбергенов жасынан бойын іліммен сусындатқан, айналасына «тірі энциклопедия» атанған елге абыройлы азамат. Өңіріміздің қауіпсіздік, құқық қорғау органдарында қолтаңбасы қалған бірегей тұлға. Жас әрі шенінің төмен болғанына қарамай, генерал басшылар Асқар Қожахметұлының кеңесін алып отырады екен. «Тірі энциклопедияның» есімі Қостанай облысының энциклопедиясына жазылды. Гүлсімнің анасы да ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен білікті ұстаз.

Қазір жерлесіміз Гүлсім Әбікенованың есімін Гиннес рекордтар кітабына енгізуді ұсынып жатыр. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы номерінен оқи аласыздар.

  Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу