Сан ғасырдан бері қазақтың сары алтындай саф өнерін «мұртын бұзбай» сақтап, жеткізу халқымыздың бойындағы әлмисақтан қалыптасқан ерекше бір қасиетіне айналған. Олай дейтініміз, ата-баба мұрасын көзінің қарашығындай қорғаштап, өскелең ұрпаққа табыстау үлкен жүк.
Сол жүкті жарты ғасыр бойы мойыны талмай көтеріп келе жатқан «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық халық ансамблінің құрылғанына 50 жыл толды. Осыған байланысты қарт Торғайдың төсінде дүбірлі бір той өтті.
Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері алыс-жақыннан келген қонақтарды зор ықыласпен қарсы алды. Кіре берісте үстеріне Ұлттық киім киген қыздар мәдениет пен өнер ардагерлеріне сапты аяққа құйылған сары қымыз бен ыстық бауырсақ ұсынып, тікесінен тік тұрып, қызмет көрсетті.
Мәдениет ошағының ішіне енгендегі көрініс тіпті ғажап! «Ғасырлар пернесі» халық ансамблінің бүгінгі құрамы ұжымның байырғы мүшелерінің құрметіне күмбірлетіп күй төкті. Ал, бірін-бірі ұзақ жылдан бері көрмеген өнер иелері құшақ айқастырып, мәре-сәре болды. Кең бөлменің бірінде елу жыл бойы халықтың ыстық ықысыласына бөленген ансамбльдің әргі-бергі тарихынан сыр шертетін көрме орналастырылыпты.
Осы жерде өнер ұжымының әр жылдағы табысы, өнер сапарлары жайлы мағлұматқа бай деректі фильм де көрсетілді.
Көрермендер залында өздерінің сүйікті ансамблін асыға күткен халықтың қарасы қалың. Үсті-үстіне соғылған шапалақ Торғайға алып-ұшып жеткен ансамбль мүшелерінің көңілін аспандатып жібергені анық. Сәлден соң кешті жүргізуші Мұрат Нағашыбайдың хабарлауымен қызыл кілем үстімен жүріп өткен өнер майталмандарын ел орындарынан тұрып қарсы алды.
Қойшы Сәрсенгелдин, Шаттық Жаңабергенов, Нұрман Ембергенов, Ырысты Ерденова, Бақытжан Сәуекенов, Ғалибек Бейсенбаев, Кәдіржан Хасенханов, Гүлбану Сейітқасым, Ләззат Хамзина, Ерболат Қалиев, Бөлтірік Молдашев, Бақытжан Досымов, Ақдәмен Досанова, Рая Байкөбен, Күләй Ахметова, Гүлзат Хамзина, Алма Ермолдина, Кенжесары Бекқожина, Қорлан Мұхамедова, Бикен Махмұтова, Бәтима Қосылбай, Бағлан Ахметова, Бану Жүсіпова, Бірлік Менеев, Мүгілсім Қалиева, Оңғар Жоламанов, Сапура Әлібекова, Жаңагүл Сүйесінова, Бақыткүл Ахатова, Гауһар Дайырова, Хадиша Жүнісова, Күләйша Рағатова, Бегайым Алматова, Ақшагүл Мұқанова, Бақытжан Қапанова, Роза Әбдуғалиевалар залға еніп, көпшілікпен қауышқан соң, қазақтың байырғы дәстүрімен шашу шашылды. Аудан басшылығы тарапынан ансамбль мүшелеріне сый-сияпат жасалды. Өнер тойына келе алмағандардыңда есімдері ұмытылған жоқ.
Кеш үстінде ансамбльдің өмірден озған мүшелеріне де тағзым етілді. Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен аудан тұрғындарын құттықтады.
«Өткен тарихқа көз жүгіртіп, сәл шегініс жасайтын болсақ, тарихшы-этнограф, көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков 1972 жылы Арқалықта, республика алғашқылардың бірі болған «Шекртер» ансамблін құрып, өнер майталмандарын бір арнаға тоғыстырды. Араға екі жыл уақыт салып, 1974 жылы «Ғасырлар пернесі» фольклорлық- этнографиялық ансамблінің құрылуына мұрындық болды. Халқымыздың ұрпақтан – ұрпаққа мұра болып келе жатқан ән – жыры мен күйлерін қайта жаңғыртқан ансамбль киелі Торғай жерінің даңқын асқақтатты. Сол кездегі ансамбль мүшелері өнердің қара қазанында қайнап, өнерсүйер халықтың ыстық ықыласына бөленді. Көне аспаптарды зерттеуші этнограф – ғалым, профессор Болат Сарыбаев осы ансамбльдің өмірге келуіне көп еңбек сіңірді. Ол кісі жастарға көнеден келе жатқан ұлттық аспаптардың қыр-сырын үйретті. «Ғасырлар пернесі» ансамблі содан бері еліміз түгілі, бұрынғы одақ, тіпті, шет мемлекеттерді аралап қазақтың ән мен күйін паш етті. Еліміздің мәртебесін асырды. Өнер ұжымы Торғай көлеміндегі ақындар мен композиторлардың әндерін кеңінен насихаттауға зор үлес қосты», – деді Шота Оспанов.
Аудан басшысы «Ғасырлар пернесі» ансамблінің мүшелері, күміс көмей әншілер Ырысты Ерденованы, Бикен Махмұтованы, Ләззат Хамзинаны, Кенжесары Бекқожинаны облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, Жанкелдин ауданы әкімінің Алғыс хаты Бақытжан Досымовқа, Күләй Ахметоваға табысталды.
Ал аудандық мәслихаттың шешімімен Торғай өнеріне зор үлес қосқан мәдениет ардагерлері Қойшы Сәрсенгелдин, әнші Ғалибек Бейсенбаев, композиор Бақытжан Сәуекеновтер «Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Облыстық мәдениет, спорт және ақпарат салары кәсіподақ ұйымдарының төрағасы светлана Құлжанова Орталық комитеттің басшысы С.Иманқұлованың атынан «Ғасырлар пернесі» ансамбліне Алғыс хат тапсырып, сый-сияпат көрсетті. Осы арада өнер ұжымының ардагерлері Шаттық Жаңабергенов пен Ғалибек Бейсенбаев «Еңбек даңқы» медалін кеудесіне тақты. Облыстық мәдениет басқармасы да тойға шашусыз келмепті. Басқарма басшысының орынбасары Мэлс Жүсіпбеков Кәдіржан Хасенхановты, Ақдәмен Досанованы, Бөлтірік Молдашевті, Бәтима Қосылбайды, Бағлан Ахметованы облыстық Мәдениет басқармасының грамотасымен марапаттады.
Салтанатты жиын үстінде мәдениет саласының ардагері Қойшы Шайхыұлы тебірене сөз алды. Ол өзінің он тоғыз жастан бері ат үстінде жүріп, туған жеріне, халқына етене қызмет еткенін айтты. Торғайда Қайырбек Алматов сынды алдыңғы буын ағаларының тәлім-тәрбиесін көріп, солардың ұйымдастыруымен талай істе шыңдалғанын жеткізді.
“Бүгін жалық бізге үлкен құрмет көрсетіп жатыр. Мен соған қатты қуанып тұрмын. Әлгінде айтқан ағаларымыздың жол көрсетуімен біз міне, бүгін осындай дәрежеге жетіп тұрмыз. «Ғасырлар пернесі» ансамблі кезінде Украинаның бүкіл облысын, Сирия, Мозамбик, Иордания, басқа да көптеген елді аралап, халқымыздың өнерінімен сусындатты. Солардың дені бүгін ортамызда жүр. Ең жасының өзі жетістен асты” , – деді Қойшы Сәрсенгелдин.
Мәдениет саласының ардагері осындай тамаша кездесу кешін ұйымдастыруға мұрындық болған аудан әкімі Шота Сәбитбекұлына, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызына шынайы алғысын білдірді.
«Мен бүгін осы мінберден ансамбль мүшелерінің атынан мынадай бір ұсыныс айтқым келіп тұр. Елдің атын өнер мен спорт шығарады дейді халқымыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Ғасырлар пернесі» «Отырар сазы» мен «Шертер ансамблінен кейін ілесе өмірге келген ұжым еді. Оған талай маңдайалды азаматтарымыз ат салысты. Солардың бірі – ансамбльдің алғашқы мүшелерінің бірі болған Қазақстанның халық ақыны, жазушы-сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбілев еді. Қонысбай кезінде ансамбльдің шарықтауына өте көп тер төккен азамат-тұғын. Оны көзіміз көрді. Ол жауапты қызмет атқарып жүрсе де, ансамбльдің әр концертіне қатысып, оны арнаумен өзі бастап беруші еді. Бүгін арамызда жоқ. Жақында Астана қаласында марқұмның 70 жылдық торқалы тойы аталып өтті. Сол маңызды жиын үстінде халық ақының есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде түрлі мәселе қозғалды. «Ер есімі-ел есінде!», Мәселен, ұлт руханиятын насихаттап жүрген әйгілі «Отырар сазы» ансамблі Нұрғиса Тілендиев есімін иеленген. Олай болса, біз де ансамбль мүшелерімен келісе отырып, «Ғасырлар пернесі фольклорлық-этнографиялық халық ансамбіліне Торғайдың топжарғаны, қайталанбас қаламгер Қонысбай Әбілдің есімімен атасақ деген ұйғарымға келдік. Осы мәселені шешуді өздеріңізге тапсырамын», – деді Қойшы Шайхы ұлы аудан басшыларына.
Құптарлық ұсыныс! Ансамбль мүшелерінің бұл ұйғарымы көп ұзамай шешімін табатынына кәміл сенгіміз келеді.
Сәлден соң сахнаға «Ғасырлар пернесі» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әр жылдағы мүшелері шығып, ел алдында өз репертуарларындағы ескі де есті әндерді әуелетті. Мерекелік кешке жиналғандар осыдан елу-қырық-отыз жыл бұрын сүйікті әншілерінің орындауында тыңдаған қазақтың классикалық туындыларымен қоса туған жерге арналған әндерге ұйып, арқа-жарқа болды. Кейбіреуінің көздеріне жас алғанын да көрдік. Бұл баяғы жастық кезеңдерді аңсағандық та шығар.
Қысқасы, сағынышқа толы кездесу таңертеңнен түн қараңғысына дейін жалғасты. Аудандық мәдениет үйін сегіз жыл басқараған Қойшы Сәрсенгенлдиннен бастап «Ғасырлар пернесі» ансамблінің мүшелері, әнші Ырысты Ерденова, композитор Бақытжан Сәуекенов, жыршы-термеші Кәдіржан Хасенхановтар түстан кейін елмен дөңгелек стол басында қайта қауышты. Олар тәрбиелік мәні зор кездесу барысында ұрпаққа тағылым болар талай естелік айтты. Дөңгелек столдан соң ансамбль мүшелері облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының басшысы Д.Қалқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Тойға жиналған көпшілік осындай әсерлі кездесуді ұйымдастырған 1982-1990 жылдары Жанкелдин ауданы мәдениет бөлімін басқарған Қойшы Сәрсенгенлдин мен КСРО мәдениет ісінің үздігі, Жанкелдин ауданының Құрметті азаматы Ырысты Ерденоваға алғыстарын жаудырды. «Ғасырлар пернесі» ансамблінің жарты ғасырлық тойы кешқұрым үлкен гала-концертпен аяқталды. Онда ансамбльдің байырғы мүшелері мен бүгінгі құрамы шығып, өз өнерлерін халыққа тарту етті. Соңыра аудан басшылары келген қонақтардың бәріне сый-сияпат көрсетіп, шығарып салды.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай
Жанкелдин ауданы