ҚР заң ғылымдарының докторы, профессор Елеген Қайыржанов заңгер-ғалымдар мектебінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Кейінгі мамандардың ұстазы болды. Ол саналы ғұмырында 150-ден астам ғылыми еңбек жазды. Заң саласында артында өшпес ізін қалдырған қайраткердің туғанына биыл 90 жыл толып отыр.
Осыған орай Қостанайда Елеген Ізтілеуұлын еске алуға арналған “Қылмыстық саясаттың жаһандық трансформациясы жағдайында қылмыстық құқықты дамытудың жаңа векторы” тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға еліміздің заңгер, ғалымдары және Ресей Федерациясы мен Беларусьтан көзін көрген серіктес, қызметтес болған ғалымдар келді. Одан бөлек жергілікті А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессорлары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен шәкірттері қатысты.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз алып, конференцияның маңызына тоқталды.
– Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Қостанайда 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қылмыстық саясат, тарихи тәжірибе көрсеткендей, кез келген қоғамның маңызды мүдделерінің қажетті құралы. Сондай-ақ, әр адамның барлық әлеуметтік мүддесіне әсер етеді. Барлық реттеушілер, оның ішінде қылмыстық құқық үнемі жаңғыртуды қажет етеді. Өзгерістер қылмыстық саясат өз дәуірін көрсетеді және өтпелі қоғамда туындайтын сын-қатерлерге жауап береді. Қылмыстық саясатты іске асыратын барлық құқық қорғау органдарының қызметінде тұжырымдамалық сәйкессіздік болмауы керек. Осы форум тұжырымдамалық бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жемісті пікірталас алаңы болмақ. Семинардың нәтижесі мемлекеттің қылмыстық саясатына әсер ететін теориялық тұжырымдар мен практикалық ұсыныстармен тоғысуы керек деп есептеймін. Халықарлық деңгейдегі форум болғандықтан, өзара диалог орнап, құқықтық ғылым мен білім беруді одан әрі инновациялық тұрғыда дамытуға серпін болуы қажет, – деді облыс әкімі.
Қостанайдағы форум алысты-жақынды елдердегі ғалымдардың бас қосып, тәжірибе алмасу алаңы болды. Елеген Ізтілеуұлының өзі де көзі тірісінде шет елдердегі жиындарға шақырту алып, қатысып тұратын. Шәкірттерінің бірі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіров ұстазының азаматтығына тоқталды.
– Форумның маңызы өте жоғары. Қостанай өңірінде бұл іс-шараны өткізу дәстүрге айналды. Ғалымдар бас қосып, жинап-тергендерін, атқарған жұмыстарын талқылап, ортаға салды. Іргелес мемлекеттерден келген ғалымдардың да тәжірибесімен бөліскені тиімді болып отыр. Алаң 2009 жылы құрылған еді. Қазіргі қолданыстағы негізгі кодекстер, мәтіндер мен жобалар осы алаңда талданған болатын. Оған Қазақстанның әр өңірінен ғалымдар атсалысты. Біздің жолбағдарымыз болған Елеген Ізтілеуұлы өзінің даналығымен, пайым-парасатымен бізге әрқашан қамқоршы болды. Өкінішке қарай, ол кісі 77 жасында өмірден озды. Биыл ағамыз тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Жиында ағамыздың заң саласына сіңірген еңбегі жайлы көптеген жақсы пікірлер айтылды, – деді Нұрлан Әбдіров.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі тапсырмасы жайлы сөз қозғады.
– Форуым тақырыбының ауқымы кең. Оның үстіне, Елеген Ізтілеуұлы сынды тұлғаға арналап отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодексіне толық өзгеріс қажет деген болатын. Мемлекет қылмыстық саясатта тиімділікті арттыру үшін әлемдік тәжірибені ескереді. Біраз заң жобасы әзірленді. Барлық шешім жоғарыда шығарылады, төменгі жақ оны орындайды деген түсініктен ада болуымыз керек. Ондай түсінік мәселені шешу жолын шиеленістіре түседі. Жаңадан қабылданатын заңдарды оңтайландыру ісіне асталысуларыңызды сұраймын, – деді Алексей Калайчиди.
Елеген Қайыржановтың еңбегі өлшеусіз. Ол кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмысты ескертуге байланысты, көше қылмысы, адвокаттық қорғау тактикасы, жеке мүлікті тонау сияқты салаларға 12 монография жазды. Осы жұмыстары жиын барысында айтылды. Жалпы алғанда, конференцияда қылмыстық саясаттың перспективалары қаралды. Қылмыстық саясаттың жаһандық трансформациясы жағдайында қылмыстық құқықты дамытудағы зерттеулер мен ғылыми ұсыныстар талқыланды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ