Ғаббас Жұмабаев – ақын, аудармашы, журналист. 1924 жылы 5 мамырда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында туған. “Большевиктік жол” (қазіргі “Қостанай таңы”) газетінде, «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Ара» журналында фельетонист, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы информация агенттігінде (ҚазТАГ) аудармашы болып қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағында да қызмет етті.
Тұңғыш өлеңдер жинағы – “Нөсер” 1959 жылы жарық көрген. Ақынның он шақты кітабы бар. Л.Толстойдың “Крейсер сонатасы” повесі мен бірнеше әңгімелерін, К. Хетагуровтың өлеңдер жинағын, Г.Х. Андерсеннің ертегілер кітабын, С.Вургунның “Бакудастан” поэмасын, Н.Тихоновтың, С.Прокофьевтің және басқа ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Назарларыңызға ақынның “Қаракөз” атты өлеңін ұсынамыз. Оқыған – театр актері, әнші Сайлау Қамиев.
Видео YouTube желісіндегі “Білім және мәдениет арнасынан” алынды.