Бибіш Рақымжанқызы «Қостанай таңы» газетін 72 жыл бойы үзбей жаздырып келеді. Бес жасында-ақ аға-апаларынан әріп таныған ол ауылдағы құрбыларына газет бетіне жарияланған соғыс жаңалықтарын оқып беретін. Содан бері ата басылым жан серігіне айналған.
Редакция ұжымы тұрақты оқырманды қуантып, газетті алты айға тегін жаздырып берді.
– Қостанай қаласының тыныс-тіршілігі, білім және денсаулық тақырыбындағы мақалаларды жиі оқимын. Бұрындары тәрбие туралы мақалалар жазып отырдым. «Қостанай таңы» газетінде штаттан тыс тілші болып жұмыс істедім. 100 жылдық тарихы бар басылымға оқырмандар тұрақты жазылып, мақалаларын үзбей оқып отыруын құптаймын, – дейді Бибіш апа.
9 қазан – дүниежүзілік пошта күні. Осыған орай, «Қазпошта» ғимаратында Жазылушылар күні ұйымдастырылды. «Қостанай таңы» газеті 5 үздік оқырманға газетке тегін жазылуға мүмкіндік сыйлады. Тұрғындар жергілікті басылымдарды үзбей оқитынын жеткізіп, жылы лебіздерін бөлісті.
Іс-шара аясында «Қостанай таңы» газетіне ең бірінші жазылушы Кәтай Бегенова болды.
– Осындай іс-шара болатынын естіп, «Қостанай таңы» газетіне бірінші болып жазылдым. Редакция ұжымына сәттілік тілеймін, – дейді оқырман. Алғаш келіп жазылған оқырмандарға тәтті сыйлықтар таратылды.
«Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының басшысы Қайрат Сағадиев қоғамдық көзқарастың қалыптасуында газеттің рөлі маңызды екеніне тоқталды.
– Баспасөз – күнделікті өмірдің жаршысы. Әр күн сайын болатын саяси, экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік мәселелерден хабардар етіп отыратын құрал. Біздің мекеменің 30 жылдық мерейтойы дүниежүзілік пошта күніне сәйкес келіп тұр екен. Әріптестерді мерекемен құттықтаймын және бүгінгі іс-шараға келген әр журналиске алғысымды білдіремін, – деді Қайрат Бейбітұлы.
Мерекелік кеште «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин оқырмандарға редакция ұжымы атынан алғыс білдіріп, мерекемен құттықтады.
Абдрахман Бекмағанбет те біздің тұрақты оқырманымыз әрі авторымыз. Бірнеше жыл бойы өлең шығарып, шығармашылықпен айналысты.
– «Қостанай таңы» газеті мені елге танымал етті. Осындай іс-шара болатынын естіген бойда қолдау үшін келдім. Ең бастысы, газетті сүйіп оқитын оқыман саны арта берсін, – дейді ол.
Жазылушылар күні қарт басылымды қолдауға соғыс ардагері, ақын, Қостанай облысының құрметті азаматы Қасымхан Алдабергенов те келді. Майдангер жақында ғана жүзге қадам басты, «Қостанай таңымен» құрдас десек те болады. Ол басылымға үнемі қолдау көрсету керек деп есептейді. Газет оқуға тек ересектерді ғана емес, кейінгі жастарды да баулу керектігін айтады.
– «Қостанай таңы» – негізін Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин қалаған қасиетті, киелі, тарихы терең басылым. Қостанай-Торғай өңірлерінің жаңалықтарын қамтитын, қазақ тілінде ақпарат жариялайтын баспасөз. Күнделікті өмірдің бояуын суреттейтін бұл газет туып-өскен өңірдің шаруашылығы, тұрмыс-тіршілігі, өсіп-өнуі туралы ақпараттарды айнадай әкеп алдына қояды, – дейді Қасымхан ата.
Іс-шараның соңында үш және одан да көп басылымға жазылған оқырмандарға «Қазпошта» атынан «Sulpak» фирмасының арнайы сыйлықтары берілді. Басқа да жазылушылар арасында ұтыс ойнатылды.
Диана БАТЫРБЕК
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков