Арқалықта ауыл жастарының «Тың-2024» ХХІІІ – ші спартакиадасы жалауын көтерді.
Спартакиаданы іргелі өнер ұжымы «Ақбота» халық би ансамблі ашты.
Өскелең жастар үшін еркіндіктің, кеңдік пен дархандықтың символына айналған байрақты бәсекеде спортшылар сап түзеп, шерулетіп алаңға бет түзеді.
Жазғы ауылдық спартакиадаға 12 ауылдан келген спортшылар екі күн қатарынан спорттың 12 түрінен сынға түсті.
Қала мектептерінің және жекелеген спорт залдарда, сондай – ақ ашық аспан аясындағы спорт алаңдарында өткен жарыстарда кіл мықтылардың үздіктері анықталды.
«Шахмат», «гір спорты», «қол күресі», «жеңіл атлетика», «үстел теннисі» сынды жанкүйерлері мол спорт түрлерінен көш басынан көрінген жүлдегерлерді қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов пен қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Айтжан Мәліков салтанатты түрде марапаттап, мақтау қағазы, медаль және ақшалай сыйлықтарды табыс етті.
Жалпы командалық есепте бірінші орынды Фурманов ауылының, екінші орынды Родина ауылдық округінің, үшінші орынды Әбдіғаппар хан ауылының командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздар кубок пен қомақты қаржы сертификаттарына ие болды.
«Мемлекет басшысының салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қазақстандықтарды бұқаралық спортқа көп көңіл бөлуінің арқасында елімізде спорттың инфрақұрылымын дамытуға көп күш жұмсалуда. Бұл үрдіс Арқалық қаласында да кең қанат жайып келеді. Спорт залдар, спорттық алаңдар көптеп бой көтеруде. Жеңісімізге өте қуаныштымыз. Бұл біздің ауылымыздың жастарының мемлекетіміздің дені сау ұлт ұстанымын нық ұстап, ынтымақты, асқан ұйымшылдықтарын көрсетеді. Ауылымызда 1451 халық тұрады. Жарысқа 70-ке тарта жастар қатысты. Спортың «футбол», «баскетбол», «тоғызқұмалақ», «арқан тартыс» түрлерінен алдымызға жан салмадық. Өзге спорт түрлерінен де жастарымыз жақсы дайындықпен келгендіктерін көрсете білді», – дейді жастардың жеңісіне марқайған Фурманов ауылының әкімі Хазима Махамбетова.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы