Арқалық қаласына қарасты Фурманов ауылында қазақ поэзиясының дара тұлғасы, ақиық ақын М. Мақатаевтың туғаннына 94 жыл толуына орай «Мұқағали мәңгілік ғұмыр» атты көркемсөз шеберлерінің байқауы өтті.
Байқауға 33 үміткер қатысты. Ауылдың мектеп оқушылары мен жас өрендері ақын өлеңдерін терең сезіммен және ерекше мәнермен оқыды.
Әр қатысушының өнері жан-жақты бағаланып, Мұқағали поэзиясының құдіреті мен тереңдігі кеңінен паш етілді. Ақынның шығармаларының тақырыптары кең және өмірдің әр түрлі қырларын қамтиды. Қатысушылар табиғат, махаббат, өмір, арман туралы жырларынан үзінділер оқып, көпшілік көрерменді тәнті етті.
«Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттап, жас ұрпаққа мол мұрасын жеткізіп, өскелең буынды өнерге, сөз өнеріне деген сүйіспеншілікке баулып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жатырмыз. Бұл байқау – ақынның шығармашылығын дәріптеумен қатар, жас дарындарды қолдап, олардың болашақта әдебиет әлемінде өз орнын табуына ықпал ететін маңызды іс. Байқауға қатысушыларға алғысымызды білдіреміз. Мұқағали атамыздың поэзиясы мәңгілік, шығармалары әрқашан жастарға рухани азық болары сөзсіз», – дейді Фурманов ауылдық «Жастар» мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ақжол Тұрсынбеков.
Жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Атап айтатын болсақ, «Арнайы жүлдеге» Жансая Қайсар ие болды. Үшінші орынды Ұлжан Қайсар, екінші орынды Кәусәр Бүркітбай, бірінші орынды Інжу Төлебай жеңіп алды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы