Федоров ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ мектебі ілкімді істерде алдыңғы қатарда. Күні кеше ғана білім ошағында өткен ашық есік күні соның айғағы. Аудан бойынша жалғыз қазақ тілді мектепте жүзден астам бала білім алып жатыр.
Жайлы кабинеттер мен керекті құрал-жабдықтар қамтамасыз етілген мектепте сапалы білім мен оқушының оқуға деген ынтасы да жоғары. Соның нәтижесі болу керек, мектеп ұжымы ақыл мен ой сыналатын, білек пен батырлық ортаға салынатын спорттық сайыстан да жүлделі оралып жүр. Ал ашық есік күні үйдегі ойын баласының мектептегі оқушы бейнесін ата-анаға көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Бұл жөнінде мектеп директоры Нұргүл Қоңқастың ауыз толтырып айтары мол екен.
— Баласына алаңдамайтын ата-ана кемде-кем. Біздің бүгінгі іс-шараны ұйымдастыруымыз баланың мектептегі тыныс-тіршілігін таныстыру. Оқу барысы, тәрбиесі және спорттағы жетістіктері туралы ашық көрсету еді. Ашық есік күніне біраз ата-ана келді. Олар арнайы әзірленген сайыстар мен жарыстарға қатысты. Бүгін біз тек Ы. Алтынсарин мектебінде оқитын балалардың ата-аналарын ғана шақырдық. Осы жылдың мамыр айында өзге мектептердегі оқушылардың ата-аналарын шақыртып кері байланыс орнату көзделіп отыр. Ашық есік күнін дәстүрлі жобаға айналдырамыз. Ендігі кезекте екі жылда бір рет тұрақты түрде өткізіледі, — дейді Нұргүл Серікқызы.
Іс-шара да он бағыт бойынша бағдарлама әзірленген. Әсіресе, балалардың ұлтты қөнерге баулу жағы басты назарға алынған. Оған дәлел көркем еңбек пәнінен ұлдар қамшы өріп, түрлі бұйымдар жасаса, қыздар тігін тігіп, қолөнермен айналысып жатыр.
— Біздің ұлттық өнердің бірі — қамшы өру. Оның ішіне терімен жұмыс істеу, оны илеп иінін қандырып, өңдеу жолдары кіреді. Жай ғана олардың жолдарын үйретпейміз. Сонымен қатар оның қасиеті қандай екенінен де мағлұмат беріп отырамыз. Бүгін ел назарына торсық, қамшы, жүннен жасалған қолөнерді ұсындық. Шеберлік сағатында Айбатыр баламыз терімен жұмыс істеп, қамшы өріп, оны тобылғы ағашқа бекітті. Бұлардың барлығы кәдімгі күнделікті өмірдегі балға, біз, қайшы, пышақ, теріге арналған бояулар және тобылғы ағашы қолданылады. Сосын біз жүннен арнайы сақина жасаймыз. Оны қолға тағып, әшекей ретінде пайдалануға болады. Біздің ата-бабамыздың ерекше даналығының бірі — қалдықсыз өнім пайдалану. Мысалға, ірі-қара малдарының етін жеп, сүтін ішіп, терісін де керекті кәсіпке жарата білген. Үлкен кісілерден, білетін мамандардан сұрағанымда теріні ыстау арқылы беріктік, су өтпейтіндей деңгейгежеткізуге болады. Тобылғы ағашын қамшыға сап ретінде пайдаланып, қалған қалдықтарын пешке жағып оған теріні ыстаса, емдік қасиеті де бар көрінеді. Ысталған теріден жасалған торсыққа қымыз құйып ішкенде адамда асқазан, ішек ауруларының болмауына бірден-бір сеп болады, — дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Айдын Диханбаев.
Иә, қазақтың қай ісін де болмасын, терең мағына жатыр. Аталған мектепте ұлттық өнермен бірге заманауи робототехника да жақсы дамыған.
— Қазір робототехникамен айналысып жатқанымызға үшінші жыл. Арнайы 3D принтеріміз бар. Кеше ған аоблысқа жарысқа барып келдік. Алдағы дүйсенбі күні республикалық деңгейдегі жарыстың іріктеу деңгейіне өтіп отырмыз. Роботтарымыз үш датчик бойынша жұмыс істейді. Екеуі түске, ал біреуі қандай түстің бойымен келе жатқаны жайлы мәлімет беріп отырады. Мектеп оқушылары шығармашылықтарына қарай кабинеттегі құрал-жабдықтарды пайдаланып робот құрастырады. Бір робототты құрап шығуға бір сағат уақыт кетеді. Кейін смартфондағы арнайы қондырғылардың көмегімен басқарып отырады, — дейді информатика пәнінің мұғалімі Абзал Шұғайыпұлы.
Мектепте гуманитарлық пәндермен қатар жаратылыстану бағыты да жақсы дамыған. Балалар мұғалімнің қадағалауымен түрлі тәжірбие жасап, білімдерін тереңінен шыңдауға мүмкіндік ашады. Мүмкіндікті ұтымды пайдаланған оқушының бірі — Нина Чижевская. Қазақ тілінде анық сөйлейтін Нинаның жасаған тәжірибиесі көпті тәнті етті.
— Менің бүгінгі тәжірибием судың тығыздығын өзгерту. Ыдыстағы қарапайым суға жұмыртқа салса батып кетеді. Керісінше, оған он қасық тұз салса, жұмыртқа батпайды. Үш қасық тұз салса, жұмыртқа суға жартылай батып, айналып жүзеді. Осылайша, біз судың тығыздығын өзгерттік. Бұл мектепте үйреген тәжірибиелік жұмысым. Маған осы мектеп қатты ұнайды. Мен бұл жерде қазақ тілінде сөйлеуді үйрендім. Менің отбасымда мен ғана қазақша сөйлеймін және мұны мақтанышт ұтамын, — дейді тоғызыншы сынып оқушысы Нина.
Мектептегі тағы бір өзгешелік үш тілділікке басымдылық бергені. Қазір физика пәні ағылшын тілінде оқыту бағыты жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Бастапқы кезде сәлемдесу және кейбір терминдер ағылшын тілінде өтсе, бүгінде есептерге де ағылшын тілі енгізілген.
— Заманға сай болу үшін ағылшын тілін білу өтемаңызды. Оқушылар ертең ЖОО-на түскенде де тіл жағынан қиналмайтын болады, — дейді физика пәні мұғалімі Данияр Дәуренбеков.
Мектеп ұжымының ұйымдастыруымен келуші ата-аналарға арналып АӘД пәнінде мылтықты құрап жинау, спорттық сайыстар өткізілді. Олар ұлттық ойын асық ойнап, дайындалған қойылым тамашалап, музейге ат басын бұрды. Осы күні музей қорында 70 негізгі, сонымен қатар қосалқы экспонаттар бар.
Ізгілікке негізделген іс-шараның соңы оқушылар әзірлеген думанды кешпен жалғасты. Онда жиналған қауым ән мен биге қанығып, жас жайдарманшылардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ, мектептетоғыз ата-анадан құралған «Қамқоршылық кеңесі» жұмыс істейді. Олар білім ордасына көмек көрсетіп, биылғы оқужылында түрлі түсті принтер сатып алған. Аталған кеңеске мектеп басшылығы тарапынан арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Назым ШЫНУАР
Федоров ауданы