Тобыл өңірінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, жұмыстың көзін білетін табандылығымен дараланған әйелдердің қатары аз емес. Олардың жүріп өткен жолы, Отанымыздың өркендеуіне бір кісідей қосқан үлесі келешек ұрпаққа үлгі.
Солардың бірегейі – құрметті агроном, Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова. Ол кісі күні кеше торқалы 90 жасқа толды. Аяулы жанның мерейтойына облыс әкімінің бастамасымен орынбасары Арман Әбенов бастаған ел ғалары барып, Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізіп, ақ тілектерін арнап, мерейтойдың куәсі болып қайтты.
Вера Васильевна Сидорова елі үшін аянбай еңбек еткен жандардың бірі. Атақты тұлғаны Қостанай жерінде көпшілік жақсы таниды. Ер азаматтармен бірдей иық тіресе еңбек етіп, туған жердің гүлденуі үшін талай жұмысты тойтарған Вера Сидорованың өмір жолы жайында көп айтуға болады. Өзін көреген басшы, жұртшылықты соңынан ерте білетін шебер ұйымдастырушы ретінде көпшіліктің көңілінде жағымды әсер қалдырған аяулы жан.
Әрине, оның өткен жылдардағы тындырған ауқымды істері замандастарының есінде. В.Сидорова БҰҰ-ның “Әлемнің әйгілі әйелдері” кітабына есімі енген қазақстандық жалғыз әйел. Социалистік Еңбек Ері, сондай-ақ Ленин орденінің, үш Еңбек Қызыл Ту ордені және бірнеше медальдардың иегері. Еліміздің еңбек сіңірген агрономы ретінде де есімі көпке таныс.
Тың игеру кезінде Қазақстанға жолдамамен келген Вера Васильевнаның өмір жолы ерекше өрбіді. Қостанай жерінде өзінің өшпес ізін қалдырған орыс қызы мұндағы барша әріптестерінің арасында үлкен абыройға бөленіп, еңбегі де бағаланды. Осынша атақ пен мансапқа жету үшін, әрине, еңбек ету керек.
– Бас зоотехник болып еңбек ете жүріп, Вера Васильевнамен таныстым. Мен ол кезде жас маманмын. Ол өте қатаң, әділ әрі еңбекқор кісі еді. Біздің жұмысымызды бақылап, бағыт беріп жүретін. Кейін маған кеңшар директоры болуды ұсынды. Мен келістім. Жұмыс барысында біз көп жолығатынбыз. Ол кісі тек мықты маман емес, темірдей тәртіпті жақсы көретін. Соған қарамастан жаны нәзік еді. Әр істен сұлулықты көретін. Басқалар егіннің жайын ғана қарап кетсе, ол кісі ауылдағы барлық әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, ауылдықтардың да жағдайын біліп отыратын. Нағыз көшбасшы еді. Осы қызметте жүріп, Вера Васильевнаның арқасында Дінмұхамед Қонаев сынды тұлғамен таныстым. Вера Васильевна өте талапшыл жан. Егін науқаны кезінде жұмыстың уақытылы, еш шығынсыз атқарылғанын қадағалайтын. Диқандарға еш кедергі келтірмей, алаңсыз еңбек етулері үшін бар жағдайды жасайтын. Біз анасы мен баласындай болып кеттік. Үйренерім көп болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың арқасында осындай атақты кісінің мерейтойымен құттықтап қайтуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Арман Тарғынұлы бізді бастап барды. Кезінде ол кісімен үзеңгілес болып, елдің дамуы үшін еңбек еттік. Көпті үйрендік. Ондай кісілердің еңбегі көпке үлгі. Алматы төрінде мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Той иесі қостанайлық жерлестерін көріп, бір марқайып қалды, – дейді Александр Бородин.
Біз өткенді бағалай білуіміз керек. Себебі, Қостанай өңірінің дамуына үлесін қосқан азаматтар бүгінде бұл облыста тұрмаса да біздер үшін қымбат. Тың кезінде бірге еңбек еткен үзеңгілестер кеш иесіне тілектерін арнап, бірге атқарған еңбек жолдарын еске алды.
Мерейтой иесі үшін Қостанай жерінен қымбат мекен жоқ. Қазақ топырағына жолдамамен келіп, алғаш агроном, сосын экономист, кейін комсомол, партия қызметінде болды. Бүгінде еліміздің бетке ұстар іскер әйелдерінің біріне айналып, әлі күнге дейін тұғырынан таймаған жан. Бар өмірін еңбекке арнаған. Қазір ұрпағының ортасында. Зейнетте болса да қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай, тұрғылықты жері Алматыда жастарға ақыл-кеңесін айтып келеді.
Қостанайлық жерлестері меретой иесіне арнап шағын фильм түсірген еді. Онда В.Сидорованың еңбек жолы, жеткен жетістіктері туралы айтылады. Сонымен қатар жерлестерінің құттықтауы мен еңбек еткен жылдарды еске алып, алғыстарын да жеткізгені бар. Дарқан көңіл адам мерейін асырып, тасытады. Мерейтой иесі де келешекке жасаған еңбегінің жемісін көріп бір жасап қалды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА