Ертең Қостанайда республикалық ақындар айтысы өтеді

Ертең Қостанайда республикалық ақындар айтысы өтеді

«Тобыл-Торғай топжарғаны» атты республикалық ақындар айтысы халық ақыны Қонысбай Әбілдің 70 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр.

Айтысты ақын, Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Әлтаев жүргізеді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Жүрсін Ерман қазылар алқасының құрамында болады. Сөз сүлейлерінің сайысы Қостанай қаласындағы “Жастар сарайы” ғимаратында, сағат 11:00-де басталады.

Жыр мерекесіне Алматы қаласынан Шұғайып Сезімхан, Рүстем Қайыртайұлы, Қызылордадан Мұхтар Ниязов, Астана қаласынан Әсем Ережеқызы, Жамбыл облысынан Мұхтар Қоңарбаев, Түркістан өңірінен Аян Ниязбек, Ақтөбе жерінен Нұрбол Жауынбаев, Солтүстік Қазақстан облысынан Жарқын Жұпархан қатысады. Ал облыс намысын Айтыстың ақтаңгері атанған Айбек Қалиев бастаған Салтанат Өтелбаева, Ғалымгерей Кенжеғозин, Батырлан Сағынтаев сынды ақындар қорғамақ.

Бұған дейін Қостанайда республикалық айтыс 2021 жылы өткен еді. Онда алматылық Шұғайып Сезімхан жеңімпаз атанып, автокөліктің иесі атанды. Ал 2022 жылы жыр бәйгесі Ахмет Байтұрсынұылының 150 жылдығына орай, Торғайда өткізілді. Сол жыр додасында облысымыздың абыройын Айбек Қалиев асқақтатты.

Мағыналы өлең, сүбелі сөз, жарасымды қалжың тыңдаймын деушілерге есік ашық, тегін көруге болады.

Айтысқа Қостанай облысының әкімдігі, “Аманат” партиясы қолдау білдіріп отыр.

Жаңалықтармен бөлісу