21 июня, 2025
Ертең Қасиетті Құрбан айт: құрбан шалудың тәртібі түсіндірілді

Ертең Қасиетті Құрбан айт: құрбан шалудың тәртібі түсіндірілді

Ертең барша мұсылман қауымының тағатсыздана күтіп отырған Құрбан айт мерекесі басталмақ. Ол  үш күнге созылады.

Айт күндері Аллаһқа арнап құрбандық шалынып, алдымен туыс-туғанына, кейін мұқтаж адамдарға құдайдың ризашылығы үшін таратылады. Ал биылғы жылы Арапа күні бейсенбімен тұспа-тұс келіп отыр.

Құрбан айт мерекесіне орай өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингі өтті. Жиынға облыстың Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы мен наиб имам Азамат Серікбайұлы қатысты.

Бас имам өз сөзінде Құрбан айттың мұсылман қауымы үшін рухани тазару мен қайырымдылықтың символы екенін атап өтті.

Ол құрбандық шалудың діни талаптарын, оның ішінде малдың жасына, жарамдылығына, шалу уақыты мен тәртібіне тоқталды. Айтуынша, құрбандық малы айт намазынан кейін шалынуы тиіс.

«Құрбан айт – тек діни рәсім емес, бұл — жүректерді жұмсартатын, мұқтажға көмектесуге, мейірімділік пен бауырмалдыққа бастайтын үлкен мүмкіндік. Осы мейрам арқылы қоғамда ізгілік күшейіп, бірлік артады», – деді Бектұрсын қажы Торғайбайұлы.

Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айтқа арналған үндеуі де айтылды. Бас мүфти ел жұртшылығын мереке күндері бір-біріне қайырымдылық жасауға, құрбан шалу арқылы сауапты амалдар орындауға, бауырмалдық пен мейірімділік танытуға шақырды.

«Қасиетті Құрбан айт – Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы адамзаттың Оған деген ықыласы мен шүкіршілігін білдіретін мейрам. Бұл – мұқтажды қолдауға, ренжіскенді жарастыруға, рухани тазаруға мүмкіндік беретін күн», – делінген үндеуде.

Имамдар құрбандық шалуға ниетті азаматтарға малдың бағасы мен санитарлық талаптар жайлы да мәлімет берді. Қостанай облысы бойынша 2025 жылғы мал бағасы мынадай: Ірі қара (сиыр, бұқа) – шамамен 600 мың теңге, қой – орта есеппен 85 мың теңге.

Имамдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Qurban.Muftyat.kz платформасы арқылы онлайн құрбан шалуға тапсырыс беруге болатынын да еске салды.

Баспасөз брифингі екі тілде өтті. Орыс тілді аудиторияның сұрақтарына Наиб имам Азамат Серікбайұлы нақты әрі діни негізде жауап беріп, жұртшылықтың жиі қоятын сұрақтарына түсініктеме берді.

Ақмоншақ ДҮЙСЕНБЕК,

ҚӨУ студенті