22 июня, 2025
Ерте піскен қарбыз қауіпті ме?

Ерте піскен қарбыз қауіпті ме?

Жаздың алғашқы апта­лары келе салысымен базар мен дүкен сөрелерінен қарбыз бен қауын көріне бастайды. Алайда табиғи-климаттық ерекшеліктерге сүйенсек, бұл маусымдық жемістердің толық пісіп жетілу мерзімі — тамыз айы. Соған қарамастан, соңғы жылдары маусым айынан бастап-ақ оңтүстіктен жеткізілген қарбыздар сатылымға ерте шыға бастады. Ерте піскен қарбыздың бағасы қолжетімді болғанымен, оның адам денсаулығына қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындайды.

Сақтықта – қорлық жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мамандарының айтуынша, ерте піскен қарбыздарда нитрат мөлшері қалыпты жағдайдан жоғары болуы ықтимал. Нитраттар адам ағзасына кері әсер етіп, улану мен ішек ауруларын тудыруы мүмкін. Сондықтан мұндай өнімдерді тұтынғанда аса мұқият болған жөн.

Мамандар бақша дақылдарын сатып аларда келесі қарапайым ережелерді есте сақтауға кеңес береді. Мәселен, жол бойынан сатып алуға болмайды. Көліктерден бөлінетін зиянды заттар өнімге сіңіп, қауіпті етуі мүмкін. Өнімді сатып алмас бұрын қауіпсіздік құжаттарын сұраңыз. Сатушыдан сәйкестік сертификаты немесе декларациясын талап етіңіз. Бұл жерден сөрелерде сақталған өнімді ғана таңдағаныңыз дұрыс. Жерге үйіліп жатқан қарбыздар санитарлық талаптарға сай келе бермейді. Кесіп дәм татудан бас тартыңыз. Кесілген қарбыз тез бұзылып, бактериялардың таралуына жол ашады.

Жазғы жемістің дәмін тату – нағыз ғанибет. Алайда ерте піскен қарбыздарды таңдауда сақтық танытып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – денсаулығыңыздың кепілі екенін ұмытпаңыз.

Піскен, сапалы қарбыздың қабығы бүтін, беті жылтыр әрі қанық түсті болады. Жатқан жағы сары немесе сарғыш-қызғылт түске боялады. Іші қызыл, шырынды, тұқымдары піскен — қара немесе қоңыр түсті келеді. Иісі таза, тұтқырлығы мен бөтен иісі болмауы керек.

Сатып алған соң қарбызды кесер алдында жылы сабынды сумен жуу қажет. Қабығында болған шаң мен микробтар пышақ арқылы жеміс ішіне өтіп кетіп, ішек ауруларын тудыруы мүмкін. Кесілген қарбызды міндетті түрде тоңазытқышта сақтау керек, ал егер иісі өзгеріп, қышқылданып кетсе – тұтынуға болмайды.

Бір қуантарлығы, Қостанай облысында қазіргі уақытта қарбыз бен қауыннан улану фактілері тіркелмеген. Бұл — өңірде санитарлық талаптардың сақталып жатқанын көрсетеді. Дегенмен, егер өнім сапасына күмән туса немесе заңбұзушылық анықталса, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке хабарласуға болады.

Ақерке АРЫСТАНБАЙ,

ҚӨУ студенті